«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Уақыт жайбарақаттықты көтермейді

Уақыт  жайбарақаттықты  көтермейді
ашық дереккөз
Уақыт жайбарақаттықты көтермейді
Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі аппаратының кезекті  отырысы болып өтті. Онда күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың жеті айлық қорытынды нәтижелері туралы облыс әкімдігі тұрғындарды жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков хабарлама жасады. Аталған бағдарлама аясында биыл барлығы 2 миллиард теңге қаралып, есепті кезеңге жоспарланған 1453,1 миллион теңгенің 1340,9 миллион теңгесі немесе қаржыландыру жоспары бойынша қаралған қаржының 92,3 пайызы игерілгені белгілі болды. Бағдарламаға барлығы  4524 адам тартылған. Олардың ішінде өз бетінше жұмыспен айналысушылар 2653 адам (58,6 пайыз) жұмыссыздар – 1871 (41,4 пайыз). Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 94 жобада жұмыстар басталып, оларда барлығы 366 азамат жұмысқа орналасқан. Алайда, Шу ауданында бұл көрсеткіш 46,9 пайызды құрап, кемінде 50 пайыз болуы керек деген талап орындалмаған. Ал Қордай ауданы Шарбақты ауылындағы Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары әлі де басталмай отыр. Бағдарламаның екінші бағыты аясында есепті мерзімге несие алған 207 адамда қосымша 109 жұмыс орындары іске қосылған. Алайда, Шу, Мойынқұм, Меркі аудандарында әлі қосымша жұмыс орындары ашылмаған, ал, Жуалы ауданында 2 жұмыс орны ғана ашылған. Өткен жылдардан қалыптасқан «бір несие алушыда кемінде бір қосымша жұмыс орны ашылуы тиіс» деген талап орындалуы қажеттігі бұл аудандарда ескерусіз қалуда.

Сондықтан барлық аудан басшылары бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, ең алдымен несие алушылардың салық органдарында тіркелуін және әрбір несие алушыда кемінде қосымша бір жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етулері қажет-ақ.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша кәсіптік оқытумен қамтылғандардың ішінен Тараз қаласында – 52, Талас ауданында – 52, Меркіде – 26, Мойынқұмда – 25, Қордайда – 20, Сарысуда – 12, Жуалыда – 11, Шуда – 11 адам әлі жұмысқа орналастырылмай отырғаны да сын тезіне алынды. Жұмыссыздарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, «Өрлеу» қанат қақты жобасының жүзеге асырылуы мәселелері де күн тәртібіне өткір қойылды.

– Биыл «Өрлеу» бағдарламасы бойынша облыста барлығы 7689 адам жұмысқа тартылды. Бұл орайда әрбір отбасынан бір адамды жұмыспен қамту мақсаты көзделуде. Әзірге осы жоба енгізілген үш облыстың ішінде көрсеткішіміз ең жоғарысы болып тұр, –  деп жауап берді басқарма басшысы.

Кәрім Нәсбекұлы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыстары ширатуды қажет ететін Шу, Мойынқұм, Қордай аудандары әкімдері есептерін де тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған басқарма басшысына өңірде инвестициялық жобалар аясында іске қосылған ірі нысандарға азаматтардың жұмысқа орналасуы басқарма арқылы жүйеленіп отыруы керектігін ескертті.

Биылғы болжамдар қыстың ерте түсетінін көрсетіп отырғанын еске салған облыс басшысы бұл істе аудандар әкімдері мен басқармалар басшыларының да қамсыз қалмауын ескертті. Энергетика басқармасының жаңа тағайындалған басшысы Е. Көшербаев қазір ТЭЦ орталығында мазуттың  2100 тонна қоры барын, қысқа  7 мың тонна осындай отын қоры қажеттігін, бұл тұрғыда тиісінше жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жиында сондай-ақ, Сарысу, Жуалы аудандарында базбіреулерді колледж бен мектепке жұмысқа орналастырам деп ірі көлемде пара алу үстінде ұсталған азаматтар жөнінде де айтылып қалды. Кәрім Нәсбекұлы  олардың жағымсыз әрекетіне түсіндірме беруін талап еткенде, облыстық білім басқармасының басшысы С.Құрманбекованың да Жуалы ауданының әкімі Б. Құлекеевтің де «терлеуіне» тура келді. Алайда, екеуі де бұл деректі растап, тиісінше шаралар қолданылғанын жеткізді. «Бізде мұндай «кадрлық бизнес» жойылды деп санағанбыз. Ал мына жағдай бұл орайда әлі де біраз жұмыстар жүргізу керектігін көрсетіп отыр» деген өңір басшысы мұндай өрескелдікке жол берген жекелеген қызметкерлерді ғана емес, тиісті ауданның білім бөлімдері мен мектептері басшыларын да қоса жазалауды тапсырды.

Өңір басшысы әлемдік қаржы дағдарысы мен теңгеміздің еркін айналымға жіберілуімен байланысты облыстағы жанар-жағар май мен әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру бойынша облыста қалыптасқан ахуалға да сараптама жасап,  олардың бағаларының бағамы негізсіз өсуіне жол берілмеуі керектігін қадап айтты. Бүгінде облыста әлеуметтік азық-түлік себетінің алдын ала жасалған мол қоры бар. Май құю бекеттерінің қоры да «Қазмұнайгаз» компаниясы тарапынан ұсынылатын арзан  мұнай өнімдерімен тұрақты түрде толықтырылып отыруға тиіс. Осы ретте өңір басшысы қала, аудан әкімдеріне май құю бекеттеріндегі жанар-жағар майдың, сондай-ақ, супермаркеттер мен базарлардағы азық-түлік бағалары тиісті бағамнан асып кетпеуі керектігін ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.

Дағдарыс тұсында жұмысшыларды жұмыс орындарының сақталып қалуы жайы да алаңдататыны белгілі. Біздің өңірімізде де жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберіп жатқан өндіріс орындары жоқ емес. Облыс әкімінің осымен байланысты сауалына облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы С. Айдапкелов «Әзірге мұндай дерек Тараз металлургия зауытында ғана тіркелді. Жалпы облыста үлкен қысқартулар күтіліп отырған жоқ», деп жауап берді. Осынау сын кезеңінде ауылдық тауар өндірушілердің, кәсіпкерлердің мемлекеттен алған несиелерін жабуға асықпай отырғаны алаңдатады. Кеңесте бұл жөнінде де айтылды. «Даму» қоры банкі облыстық филиалының директоры Ө. Оразымбетов қарыздарлық сомасы екі-үш ауданда ғана төмен, жалпы барлық ауданның несиелік қарызы бар екенін, алайда Қордай мен Меркіде оның мөлшері қомақтылау 3,5-4 миллион теңгеден асып отырғанын жеткізді. Бұл тұрғыда Талас ауданының үлгісінен үйрену қажет секілді. Таластықтар қарыздарлық сомасын тез арада қайтаруымен де танылуда. Осы орайда облыс басшысы «Ырыс» бағдарламасы бойынша несиелеу жұмыстары бірқатар ауданда әлі қанатын кеңге жая алмай жатқандығын айтып, бұл мақсатқа бөлінген қаржының дер мезгілінде игерілуін бақылауында ұстауды өзінің орынбасары А. Нұралиевке жүктеді.

Облыс әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ж.Әмірханов әлемдік қаржы дағдарысына қатысты туындаған мәселелерді оңтайлы шешуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, «Техникалық-материалдық қамтамасыз ету бойынша  күрделі және ағымдық шығындардан бәрін қосқанда төрт миллиард теңгедей үнемдей аламыз» деді. Оның айтуынша, бүгінде облыс әкімі аппараты мен бірқатар басқармаларда 265 автокөлік пайдаланылады,  аудандардағы мұндай автокөліктер 192 бірлікті құрайды. Жанар-жағар майы мен күтіміне кететін шығын да қыруар. Бұл орайда әр басқарма сайын бір көліктен қалдырып, біраз қаражат үнемдеудің  мүмкіндігі бар. Бұл мәселе әлі де пысықталып, жан-жақты қарастырылып нақтыланатын болады.

Кәрім Нәсбекұлы Тараз төрінде қазан айының 9-10-11 күндері аталып өтілуі күтіліп отырған Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмыстарын ширату жайына да назар аударды. Бұл тұрғыда өзінің бірінші орынбасары Б. Орынбековке облыс орталығында жүргізіліп жатқан жаңа нысандардың құрылыс жұмыстарының сапасын әуежайдан бастап қайта аралап көріп, сапасын, тиісті стандарттарға қаншалықты сәйкестігін мұқият тексеріп, кем-кетігі болса анықтап, шұғыл түрде түзету енгізуді тапсырды.Осымен байланысты Тараз қаласы мен аудандар басшыларының көріктендіру-көгеріштендіру, санитарлық тазалық жұмыстарын жандандыру үшін сенбіліктер өткізуі қажеттігін еске салды. «Қала мен даламыздың әрбір мүйісі  бізге келген меймандардың назарынан тыс қалмайтыны белгілі. Олардың тарапынан дайындығымызға ешқандай да сын айтылмайтындай ахуал қалыптастырғанымыз жөн» деп қорытты сөзін облыс басшысы.

Жиын соңында күн тәртібіндегі басқа да бірқатар мәселелер бойынша тиісінше қаулы қабылданып, шешімдер шығарылды.

Баймаханбет АХМЕТ, 

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар