- Advertisement -

Белді бу да еңбек ет

85

- Advertisement -

Қазір ерінбеген адамға кәсіп ашып, табыс табуға мүмкіндік мол. Әсіресе, ауыл тұрғындарында. Өйткені, мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласын, шағын және орта бизнесті дамытуға баса көңіл бөлуде. Оған  «Ырыс», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Жайлау» бағдарламалары арқылы несие алып, мал санын көбейтіп жатқан кәсіп иелерінің ісі дәлел. Солардың бірі – Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Асылбек Әзмұратов.

Бастапқыда ол «Сыбаға» бағдарламасы бойынша банктен 1 миллион теңге несие рәсімдеп, оған 50 қой мен бір жылқы сатып алады. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген мақал жадында сайрағанымен несие аларда көп ойланыпты. «Жұт келіп, қорадағы мал қырылып қалса қайтемін? Ондай жағдайда несиені қалай өтеймін? Кепілге қойған әкемнің қара шаңырағы банк меншігіне өтіп кетсе, күнім не болмақ?» деген күдікті ойлар көңілін күпті еткен көрінеді. Әйтсе де, Есен атты жездесі «Тәуекел етпесең, тәуір өмір сүрмейсің» деп қамшылаған соң белін бекем буып, іске кірісіпті.

Асылбек Әзмұратов содан бері мал басын көбейту үшін таңның атысы, кештің батысы тынбай еңбек етуде. «Қойшылардың генералы» атанған Сайрамбай Дөненбаевтың «Мықты шопан 1 тұсақты 10 жылда 1000 қойға жеткізеді» деген кеңесі де оның қажыр-қайратын қайрай түсіпті. «Шопан таяғын ұстағалы бес жыл ішінде бұған анық көз жеткіздім. 50 қой бүгінде 130 басқа жетті. Несиемді де мерзімінен 3 ай бұрын өтедім. Арасында қора-жайымды кеңейтіп, ауыл арасына қатынағанға деп жеңіл автокөлік сатып алдым. Тапқан табысым малдың жемшөбіне де жетеді», – деп бізге ағынан жарылды Асылбек Ниязбекұлы. Малшылардың өмірі қашанда бейнетке толы. Қой түлігі жуас болғанымен күтімді көп қажет етеді. Асылбектің ендігі арманы – мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алып, мал санын көбейту.

Нұрболат Әлдибеков,

«Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support