«Сыпатай батыр» ЖШС-ның үйренетін және үлгі алатын игі ісі көп
Ұсақ шаруашылықтар іріленіп, өндіріске инновациялық технологиялар кеңінен енгізілгенде, тұрақты табысқа қол жеткізілетінін Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біраз жылдардан бері іс жүзінде дәлелдеп келеді. Шаруашылық бұрынғы Киров атындағы колхоздың базасында құрылған болатын. Осы мерзімде ол бірнеше құрылымдық өзгерістерді бастан кешірді. 2000 жылға дейін өндірістік кооператив, кейін «Сыпатай батыр» ЖШС болды. Қарызға белшесінен батқан агроқұрылым мүшелері өздерінің жер үлестерін алып, бөлініп кетті. Әр қожалық өз беттерінше әрекет жасауға көшеді. 2006 жылы осы ауданның тумасы Қанат Шайхиев «Сыпатай батыр» серіктестігін қайта құруды қолға алады. Сұрат ауылдық округінің аумағындағы Тескентоған, Аққайнар және Сұрат ауылдарынан 208 азамат агроқұрылымға бірігуге ниет білдіреді. Қарамағында 6500 гектар егістік жері (оның 1000 гектары – суармалы) және 5 ескі тракторы мен 1 «КамАЗ» жүк автомашинасы бар шаруашылық іске кірісіп кетеді. Қанат Кеналыұлы серіктестікті 41 миллион теңге несиелік қарызымен қабылдап алады. Оның 10 миллион теңгесі – салыққа, қалғаны жалақыға қарыз.
Агроқұрылым алғашқы жылы Қазақ егіншілік институтынан күздік бидайдың «Стекловидная – 24», «Алмалы» және арпаның «Бәйшешек» сұрыпты тұқымдарын әкеліп, 800 гектар алқапқа септі. Тапқан табыстың бір бөлігі қарызды жабуға жұмсалды. Келесі жылы дәнді дақылдардың көлемі 1,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұған қосымша 50 гектар алқапқа қызылша өсірілді. 2009 жылы 15 миллион теңге қарыз қалды. Шаруашылық материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2010 жылдан бастап лизингке жыл сайын 2 доңғалақты трактор ала бастады. Серіктестік 2011 жылы қордаланған қарыздан толық құтылды. Тапқан табыстарына Қырғызстаннан «ДДА – 100» жаңбырлатқыш қондырғысын сатып алды. Осы жылдан бастап жер үлесін қосқан азаматтарға әр гектарына 50 килограмм астықты дивиденд ретінде бере бастады.
Қанат істі дұрыс ұйымдастырып, агротехникалық шараларды қатаң сақтауға күш салды. Соның нәтижесінде алқап өнімділігі жыл сайын еселеп артты. Егіншілерді ынталандыру үшін 2012 жылдың қорытындысында сабантой жасап, жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізген азаматтарға 5 автокөлік сыйлады. Агроқұрылымда осы үрдіс 4 жыл қатарынан жалғасып келеді. Осы мерзімде жүзден жүйрік шыққан егіншілерге 19 жеңіл автокөлік сыйға тартылған. Автомашинасы барларға ақшалай сыйлық берілген. Серіктестік 2008 жылы жалпы 50 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 150 миллион теңгеге жеткен. Өткен жылы қатаң қуаңшылық болғанына қарамастан, 10 миллион теңге таза табыс алынған. Ауа райы қолайлы болған кезде олар 40-50 миллион теңгеге дейін таза табыс табады. Бұған қалай қол жеткізілуде?
Облыстық мәслихаттың депутаты Қанат Шайхиев – істі дұрыс ұйымдастырумен қатар, инновацияға да икемі бар азамат. Агроқұрылым мемлекеттік бағдарламалармен берілетін қаржылай жеңілдіктерді уақтылы алып, ұтымды пайдалануда. Қанат шаруашылықтың тек үстіміздегі жылы ғана мемлекеттен 40 миллион теңге субсидия алғанын аса қанағаттанғандық және мақтаныш сезіммен айтады. Егін және мал өнімдерін сатудан түскен, субсидиядан алған ақшаларына заманауи үлгідегі көптеген техника сатып алған. Бүгінде бұрын көп жұмысты қолмен атқаратын «сыпатайбатырлықтардың» көздері ашылып қалды. Ұзын саны жүз бірлікке жеткен техника олардың жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізумен қатар, уақытын үнемдеуге және көп табыс табуына мүмкіндік беруде.
Серіктестік біраз жылдан бері егін және мал шаруашылығымен шұғылданады. Қазір олардың теңгерімінде 8500 гектар егістік жер бар, оның 1200 гектары суармалы. Үстіміздегі жылы өнім үшін 1900 гектар алқапқа күздік бидай және арпа орналастырылған. Қазақ егіншілік институтынан әкелініп, өсіріліп жүрген арпаның «Северный – 1» сұрпы жоғары өнім беруде. Биыл дәнді дақыл алқабының әр гектарынан орта есеппен 20 центнерден өнім алынған. Бірқатар тәлімі алқаптардың гектарынан 37 центнерден дән түскен. Бұған олар ауыспалы егіс жүйесін сақтау, егіске тұрақты минералды тыңайтқыш енгізу және пар алқабын ұлғайту нәтижесінде қол жеткізуде. Қазір мұнда дәнді дақылдар тұқымы егілетін алқаптарда пардың үлесі 30 пайызды құрайды. «Сыпатайлықтар» сүдігер көтеруге ерекше көңіл бөледі. Алқаптан астық жинайтын комбайндар кетісімен, олардың соңынан үш «К-700» тракторы жер жыртуға кіріседі. Мұның тиімділігі зор екенін егінші қауым жақсы біледі. Бұл кезде алқапта ылғал болады, жер жеңіл әрі сапалы жыртылады. Шаруашылық жыл сайын күзде 3000 гектардан астам сүдігер көтеруді игі дәстүрге айналдырған.
– Біз көктемде бірде-бір гектар жер жыртпаймыз. Қыстай мол ылғал жиналған, айдалған жерге культиватор жібереміз. Мұның өзі көктемгі дала жұмыстарын уақтылы аяқтаумен қатар, ылғал сақтап қалуға игі ықпалын тигізіп келеді, – дейді «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Шайхиев.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы, оның ішінде ауыл шаруашылығын әртараптандыру міндетін қойып отыр. Әртараптандырудың аясы кең. Оған нарықта өтімтал тауар өндіру де кіреді. Біздің облысымызға басқа дақылдарға қарағанда қант қызылшасын өсіру тиімді әрі пайдалы. Ол басқаларға қарағанда табысты 2-3 есе көп береді. Сондықтан да «сыпатайлықтар» қызылша егісінің көлемін 200 гектар алқапқа жеткізген. Өсімдік өсіп-өну кезеңінде «ДДА – 100» жаңбырлатқыш қондырғысымен ылғалдандырылады. Оның артықшылығы көп. Біріншіден, су үнемделеді, екіншіден, алқап қысқа мерзімде суарылады, үшіншіден, арамшөп өспейді. Қызылша бір маусымда бес рет суарылса, осы мөлшерде қатар аралығы қопсытылады. Серіктестік өткен жылы әр гектар қызылша алқабынан 660 центнерден өнім жинаған. Табыстың дені осынау техникалық дақыл өсіруден алынған. Олар биыл орналастырылған 200 гектар алқаптың әр гектарынан 500 центнерден тәтті түбір жинауды межелеп отыр.
Агроқұрылым бұған қоса дәндік жүгері өсіреді. Биыл ол 150 гектарға орналастырылған. Жүгерінің жоғары өнімді сұрпы егілуіне байланысты жыл сайын оның әр гектарынан 100 центнерден өнім жиналуда. Биыл серіктестік ауданда алғашқылардың бірі болып жүгеріні тамшылатып суаруды қолға алған. Әзірге 50 гектар алқап Түркиядан әкелінген пластик түтікшелермен ылғалдандырылуда. Оның артықшылығы көп екені айтпаса да түсінікті. Дәнді дақыл, қызылша және жүгері егістіктеріне жыл сайын тұрақты минералдық тыңайтқыш енгізіледі. Пар алқабы арамшөптерге қарсы пестицид және гербицидтермен өңделеді. Мемлекет оны тегін дәрілеп береді. Егіншілерге минералдық тыңайтқышта жеңілдікпен, 50 пайыз бағасына босатылады. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламалар арқасында жүзеге асуда. Басқа мемлекеттерде агроқұрылымдарға мұндай жеңілдіктер жасалмайды.
Серіктестік 2010 жылы қой өсіруді қолға алған болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктің 6 пайыздық өсіммен берілген 9 миллион теңге несиеге 600 тұсақ сатып алды. Бүгінде биязы жүнді, асыл тұқымды малдың саны 7100 басқа жетті. Оның 3600 басы – аналық. 1000 бас еркек қой бордақылайтын алаң ашылды. Мұның өзі 14 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Қой өсіргендер де мемлекеттен субсидия алады. Қанат Кеналыұлы шопандармен келісімшарт жасасқан. Олар әр аналық бастан бір қозы өсіріп, бес килограмнан жүн қырқуы тиіс. Биыл бір шопан қарамағындағы 600 саулықтан 750 қозы өргізіп, әр бастан 6,3 килограмнан жүн қырыққан. Жоспардан жоғары алынған қозы мен жүн шопанға берілген. Агроқұрылымда бір шопан айына 140 мың теңге жалақы алады. Олар таяуда саулықтың санын 10 мың басқа жеткізбек.
«Сыпатай батыр» серіктестігі «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 16 миллион теңге несиеге 108 бас ірі қара сатып алған. Қазір сатып алған асыл тұқымды бұқалармен жергілікті аналық ірі қараларды асылдандыруда. Соның нәтижесінде бүгінде ірі қараның саны 230 басқа жеткен. Еркек мал бордақылауға қойылған. Аналық бастың санын 600-ге жеткізу көзделуде. Мұның өзі біраз жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берген. Қазір агроқұрылымда жыл-он екі ай 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Жазда олардың саны 120-ға дейін жетеді. Орташа айлық жалақы – 60 мың теңге. Шаруашылықта жыл сайын жемшөптің берік қоры жасалғандықтан мал қоңды болады. Қоңды малдан шығын аз болатыны айтпаса да түсінікті. Биыл олар мал қыстауларының басына 15 мың түк пішен жинаған. Бұл – үш жылға жететін мал азығы. Бұған қоса, қоймада 115 тонна жем құюлы тұр.
«Сыпатай батыр» ЖШС үстіміздегі жылды да жақсы жетістіктермен қорытындылағалы отыр. Биыл ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан екі есе көп өндіріледі. Таза табыс былтырғыдан бес есе көп болады деп күтілуде. Жыл сайын жоғары өндірістік көрсеткішке қол жеткізіп жүрген агроқұрылымның тәжірибесін үйренуге және басшылыққа алу үшін аудан және облыстан егіншілер мен малшылар жиі келіп тұрады. Облыстағы егінжай күндері жыл аралатып, осы шаруашылықта өткізіледі. Жұртты өнімді еңбекке жұмылдырып, ел игілігін еселеуге сүбелі үлес қосып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарының және «Еңбек даңқы» төсбелгісінің үш дәрежесінің иегері Қанат Шайхиев келушілерге жүзеге асырылып жатқан жақсы істерді көрсетуден, тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес.
Ақылжан Мамыт,
«Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді