Өзімізді қажетті азық-түлікпен қашан толық қамтамасыз етеміз?
Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы оған басты назар аударып,Үкімет нақты шешімдер қабылдап келеді. Ауыл шаруашылығы саласына бөлініп жататын қыруар қаржының негізгі мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осындай жан-жақты қолдау мен көмектің арқасында облыстың әр аймағында аяғынан тік тұрып, азық-түлік тауарларын өндіріп жатқан жеке шаруашылық құрылымдарының қатары артып келеді. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасынан алған мәліметке қарағанда, жамбылдықтар тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының 80 пайызға жуығы облыста өндіріледі екен. Оның ішінде облыстың ішкі сұранысын 100 пайыздан жоғары қамтитын тауарлар қатарында макарон өнімдері – 101 пайыз. Ал картоп – 2,4, сәбіз – 5, пияз – 12, қырыққабат – 1,3 есе. Сиыр еті – 2,8, қой еті 4 есе болса, сүт өнімдерімен 3,4 пайыздан 161 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Қалған азық-түлік тауарлары еліміздің басқа өңірлерінен жеткізілетін көрінеді. Ақмола, Қостанай, Көкшетау облыстарынан – ұн, Қызылорда облысынан – күріш, Шығыс Қазақстан облысы мен солтүстік өңірлерден жарма өнімдері, Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысынан өсімдік майы тұрақты түрде тасымалданады. Осы жерде бір ой туады. Неше түрлі құнарға бай, денсаулыққа пайдасы зор алма облыстың он ауданында да өседі. Кеңес заманында шөл және шөлейтті өңірлер қатарында саналатын Мойынқұм ауданында жеміс-жидек және сүт өндірумен айналысатын «Жасұлан» совхозы ашылды. Шаруашылықтың даңқы алма өсірумен шықты. Ал енді Қордай, Меркі аудандарының алмасы мен басқа да жеміс-жидегі қай шетелдің немесе Қазақстанның қай өңірінің де өнімінен асып түспесе, кем соқпайды. Картоппен облыс тұрғындарын 2,4 еседен 20-30 есеге дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бұрын Жуалының екі совхозы-ақ Орта Азия әскери округін картоппен қамтамасыз етті. Үкімет пен облыс басшылығының бірлесе атқарған шараларының арқасында қырғыз ағайындармен арадағы су проблемасы шешілді. Миллиардтаған теңгеге салынған «Көксай» каналымен су келіп жатыр. Картоп алқабын бірнеше есе ұлғайтуға мүмкіндік туды. Осы мүмкіндікті «Зылиха» шаруа қожалығы тиімді пайдаланып отыр. Ұзақ уақыт сақтауға болатын азық-түлік тауарларын өзімізден артылып жатса, Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің нарығына еркін шығаруға қол жетті. Алпауыт кәсіпорындардың өнімдеріндей шаруаларымыздың маңдай термен, тынымсыз бейнетпен келген азық-түлік өнімдері де «Қазақстанда жасалған» деген белгімен әлем рыногының сөрелерінен орын алып жатса дейсің. Жылыжайды барлық аудандарда жеткілікті етіп ашудың да маңызы зор. Егер шаруалар соған қол жеткізсе, көкөніс өнімін жыл-он екі ай бойы тұтынуға мүмкіндік туады. Жаңбырлатып суару технологиясын одан әрі ұлғайта беру керек. Бұл, әсіресе, Мойынқұм, Талас және Сарысу сынды жауын-шашын аз түсетін аудандарға ауадай қажет. Ет өндіруді де еселеп ұлғайтуға мүмкіндік зор. Қазір облыстың қай ауданында да мыңғырған төрт түлікті көресің. Оған алыс-жақын шетелдерден әкелініп жатқан асыл тұқымды малды қосыңыз. Қолда бар мәліметке қарағанда, мал бордақылау кәсіпорындары Мойынқұм ауданынан басқа барлық өңірлерде қамтамасыз етіліпті. Т. Рысқұлов ауданында 6 мал бордақылайтын кәсіпорын болса, мұндай орын Байзақ ауданында бесеу екен. Басқа аудандарда үштен, екіден, бірден бар. Ал етті қайта өңдейтін кәсіпорындарға келетін болсақ, Тараз қаласында – 31, Байзақ ауданында – 3, Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов ауданындарында екіден, Жуалы және Меркі аудандарында бір-бірден. Шу, Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарында мұндай кәсіпорын жоқ. Егер барлық аудандарда мал басына қарай мұндай орындар жеткілікті ашылып жатса, Елбасы міндеттеп отырған ет экспортына жан-жақты жағдай туады. Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысынан тасымалданатын өсімдік майымен облыс тұтынушыларын өзімізде өндірілген өнімнің осы түрімен қамтамасыз ету сонша қиын шаруа емес сияқты. Мақсары дақылын өсіретін шаруашылықтар аз емес. Сол шикізат түрінде көрші облысқа кетіп, өңделіп өзімізге келіп жатқан жоқ па? Жергілікті жерлерден мақсары дақылын өңдейтін шағын кәсіпорындарды көптеп ашу да уақыт талабы. Май өнімін, оның ішінде мақсары дақылын өңдейтін кәсіпорындар саны жағынан Меркі ауданы көш басында. Ауданда мұндай үш кәсіпорын бар. Ал Тараз қаласы мен Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов,Шу аудандарында бір-бірден екен. Қордай, Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында мүлдем жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бас болып, аудан әкімдері мен салаға жауапты басшы азаматтар шаруалармен, шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жүргендермен жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізіп, ортақ іске белсене кіріссе негізгі азық-түлік тауарларының 80 пайызға жуығын емес, 100 пайыз облыста өндіруге мүмкіндік туады. «Жоғары сұрыпты ұн аграрлы өңір саналатын облысымызда неге дайындалмайды?» деген сұрақты әркез естіп қаламыз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, ұнмен өзімізді қамтамасыз ету мүмкін емес. Себебі, себілетін бидайдың көлемі аз, оның үстіне өзімізде өндірілген бидайдың сапасы төмен болғандықтан ұн дайындауға келмей, 30-40 пайызы мал азығына кететін көрінеді. Сондықтан әзірге солтүстіктің ұнын тұтына тұрамыз. Үкіметтің ауыл шаруашылығы саласына жасап жатқан қолдау-көмегінің арқасында өңірді өзімізде өндірілген астықпен қамтамасыз ету алдағы уақытта мүмкін болар. Басты мәселе – нан бағасы қымбаттамасын деңіз. Баға демекші, статистикалық мәліметке қарағанда, Тараз қаласы бойынша әлеуметтік нанның орташа бөлшек саудада бір бөлкесі – 40 теңге. Бұл баға – 2012 жылдан бері өзгеріссіз, тұрақты әрі республика бойынша ең төменгі баға. Өмірдің бір орнында тұрмайтыны сияқты, баға да бір қалыпта тұрмайды. Тапшы тауардың бағасы міндетті түрде көтеріледі. Осы ескеріліп, облыста бағаны тұрақтандыру қоры ашылған. Өңірде азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 2012 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 728,97 миллион теңге толықтай «Тараз» ӘКК» акционерлік қоғамына аударылып, қорға азық-түлік өнімдерін сатып алу толығымен атқарылған. Осы қаражаттың 115,6 миллион теңгесі «Тараз ӘКК» АҚ-ның есепшотынан акцептсіздік тәртібімен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамының есебіне аударылған. 2014 жылдың желтоқсан айында тұрақтандыру қорын толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен қосымша 80 миллион теңге бөлініп, бұл қаржыға бірінші сұрыпты ұн алынған. Былтыр қорға 15342 тонна азық-түлік тауары сатып алынса, оның көкөнісі – 2320, қант – 1176, макарон өнімдері – 12, жарма – 76, ет – 40 тонна және басқа да азық-түлік тауарлары. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қоры комиссиясының шешімі негізінде 70,119 миллион теңгеге 1543 тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар тауар сатып алыныпты. Қазір тұрақтандыру қорында 405,6 миллион теңгенің 4045 тонна тауары сақтаулы тұрған көрінеді. Жалпы, 2011-2015 жылдардың аралығында қорға 26436 тонна тауар алынып, оның 22316,3 тоннасы сатылған. Тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары арзандатылған бағамен Тараз қаласы бойынша арнайы орналасқан 10 сауда нүктесінде, коммуналдық базарда және аудандардағы сауда орындарында күнделікті сатылуда. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерін делдалсыз өткеру мақсатында облыс орталығында құрылған коммуналдық қатарлар мен коммуналдық базардың 18 дүңгіршегінде, сату аумағы 290 шаршы метрді құрайтын сату сөрелерінде тұтынушыларға өз өнімдерін тауар өндірушілердің өздері өткеруде. «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамының мәліметінше, облыстағы 48 азық-түлік тауарының ішінен 7 тауардың бағасы республикалық орташа бағадан жоғары, ал қалғандары төмен екенін көрсеткен. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасын биылғы үшінші тоқсандағы шекті мәндермен салыстырғанда, 15 түрлі тауар бойынша баға жоғарылағаны байқалған. Тараз қаласының орталық алаңы мен коммуналдық базарда азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Оған тұрақтандыру қорының тауарымен қатар, Тараз қаласы мен аудандардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері қатысуда. Әсіресе, күз айларында қыза түсетін мұндай аста-төк жәрмеңкеден тараздықтар қыстың қамын жасап алады.
Aмангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді