«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мейірім мен ізгілік мекені

Мейірім мен ізгілік мекені
ашық дереккөз
Мейірім мен ізгілік мекені

IMG_7541«Һибатулла Тарази» медресесін  бітірген бес түлек  «Нұр Мүбәрак» университетінің грантын  иеленді Қазақстан мұсылмандары  діни басқармасына  қарасты «Һибатулла Тарази» медресесі 2012 жылдан өз жұмысын бастаған  болатын. Бұл  оқу орны – елімізде  ашылған  тоғызыншы  медресе. Әрине, Тараз қаласынан дін саласының  қызметкерлерін  дайындайтын білім ошағының ашылғаны жамбылдықтар  үшін үлкен қуаныш, ерекше оқиға  болды. Тарихы  терең шаһарымызда ірге  көтерген медресе  директоры  Данияр Жұмабаевқа  да үлкен  жауапкершілік  жүктелді.  Алғашқы жылы мұнда  25 шәкірт қабылданды.  Дегенмен, «Оқу  инемен құдық қазғандай...»  деп бекер айтылмайды. Діни саланы тереңдетіп оқу – мүлдем  оңай емес. Жар  басынан жантақ жеген нар секілді жанкештілік таныту – әр шәкіртті білімнің  теңізіне жетелейді  емес пе? Сол қабылданушылардың  арасынан  білім жолында қандай қиындыққа да төзе алатын 16 шәкірт биыл «Һибатулла Тарази» медресесін бітіріп, алғашқы түлек атанды. Медресе  түлектерінің жетеуі облысымыздың  аумағындағы мешіттерге қызметке жіберілді. Үшеуі Тараз қаласында найб-имам қызметін атқарса, қалған төртеуі Қордай, Байзақ, Шу, Меркі аудандарындағы  мешіттерде еңбек  жолын  бастап,  елді имандылыққа тәрбиелеу бағытында қызметтерін бастап кетті. Елімізде  мешіттерді  сауатты имамдармен қамту – өзекті  мәселе екені белгілі. Бұл жағы  біздің  облыста да күрделі  күйінде. Шалғай  ауылдарда екі-үш айлық діни курстан өтіп-ақ, имам боп отырғандар жеткілікті көрінеді. Облыста осы өзекті істің  шешімін табудың  алғашқы қадамдары медресе түлектерін жұмысқа тарту. Білімнің  шегі  болмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с)   «Қытайда  болса да білім ал»  деген хадисі  бар. Мұны аталған  медресе  ұстаздары да өте жақсы түсінеді. Сондықтан,  биыл «Һибатулла Тарази»  медресесін  бітірген он түлек діни тұрғыда жоғары білімді  маман  болуға ниеттеніп, Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» ислам мәдениеті университетіне құжат тапсырды. Қуаныштысы, солардың  ішінде бесеуі мемлекеттік  оқу грантының иегерлері  атанып  отыр. Атап айтар болсақ, тараздық  Серіжан  Мұхамбетов пен Нұрболат Пернебаев университет сынағынан сүрінген  жоқ. Аудандардан  келген шәкірттер де үш жыл бойы діни білімнің қайнарынан мол  сусындаған  екен. Қордайлық Қуаныш Әмірқожаев, жуалылық Нұрдәулет Нұрғалиұлы, байзақтық Ержан Лебаевта сенімді ақтады. Мұның  өзі «Һибатулла Тарази»  медресесінде  берілетін білімнің  сапалы, ұстаздарының  ұлағатты екенінен хабардар етеді. – Медресе жұмысы басталған күннен сапалы білім, ұлағатты тәрбиеге көңіл бөліп келеміз. Өзімізге қойылған жоғары талаптың нәтижесін сезініп жатырмыз. Нұралы Бақытұлы, Ахатбек Жолшин, Айдос Сарманов,  Ержан Зайтинов секілді ұстаздардың мол білімі сауатты дін қызметкерлерін дайындауға ықпал етіп  отыр. Оған дәлел – медресемізден  түлеп  ұшқан алғашқы қарлығаштардың ұстаздарын жақсы нәтижелерімен қуантуы, – деді медресе директоры Данияр Әлимұхамедұлы.

Есет Досалы, «Ақ  жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар