«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шағын және орта бизнесті дамыту – экономикамыздың әлеуетін арттырады

Шағын және орта бизнесті дамыту – экономикамыздың әлеуетін арттырады
ашық дереккөз
Шағын және орта бизнесті дамыту – экономикамыздың әлеуетін арттырады

Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетілетін  қолдаудың аса маңызды тетіктерінің бірі – «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы. Облыс әкімдігі  мәжілісінде аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылатын іс-шаралардың орындалу барысы қаралды. Жиынды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен облыс басшысы жиынға қатысушыларды Конституциямыздың 20 жылдық мерейтойымен  құттықтап, «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен облыстық балалар ауруханасының хирург дәрігері Аббоз Пулатовты және еңбегімен еленген бірқатар басшыларды Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» мерейтойлық медальдармен марапаттады. Күн тәртібінде көтерілген мәселеге тоқталсақ,  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен серпіліс беріп отыр. Бағдарламаны іске асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 2328,8 миллион теңге қарастырылыпты. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиевтің айтуынша, бүгінге дейін жалпы сомасы 49,4 миллиард  теңгені құрайтын 458 жоба іске асырылған. Оның ішінде субсидиялау бағыты бойынша  353 жоба, жетіспейтін инфрақұрылымдарды тарту бойынша 58 жоба, кредиттерге кепілдік беру бойынша  103 жоба, гранттық қаржыландыру бойынша 15 жоба жүзеге асырылуда. Бағдарламаға екінші деңгейдегі 14 банк қатысқан.  Соның ішінде кәсіпкерлерге кредиттік қолдау көрсетуде 89 жобаны қаржыландырған «Қазақстан Халық банкі» көш бастап тұр.  «БанкЦентрКредит»  53 жобамен – екінші орында. 42 жобаны қаржыландырған «АТФ банкі» – үштіктің қатарында. Алмас Өскенбайұлы  «Қазақстан даму банкі», «Дельта Банк» сынды банктердің кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде сылбырлық танытып отырғанын жеткізді. Басқарма басшысы бағдарламаның «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту», «Банк несиелері бойынша кепілдік беру», «Сервистік қолдау», «Іскерлік байланыстар», «Шағын және орта бизнесті топ-менеджментке оқыту» бағыттары аясында  атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Мәселен, «Банк несиелері бойынша кепілдік беру» тетігі бойынша жалпы  сомасы  1609 миллион теңгені құрайтын 103 жобаға кепілдік берілген. Жеті ай қорытындысы бойынша жалпы кепілдік сомасы 581, 2 миллион теңгені құрайтын 37 жоба іске асырылуда екен. Бағдарламаның төртінші бағытында көрсетілген сервистік қолдау тетігі бойынша биыл 531 кәсіпкерлік субъектісіне сервистік қызмет көрсетілсе, «Бизнес кеңесші» 810-нан астам адамға «дәріс» берген. Ал «Іскерлік байланыстар» курсында 48 кәсіпкер оқытылса,  «Шағын және орта бизнесті топ-менеджментке оқыту»  бағытында облысымыздың 46 кәсіпкері «Назарбаев Университет» АҚ-ның бизнес мектебінде оқып шыққан. Кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың арқасында  облыста 9000-нан астам жұмыс орындары сақталып, тұрақты 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова кәсіпкерлер палатасы биыл екінші рет «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті жетілдіру» атты  бағытында сервистік қызмет көрсетіліп отырғанын айтады. Бұл бағыт үстіміздегі жылдың 15 шілдесінен бастап іске қосылған. Сервистік қызметті  аудандарда – 9, Тараз қаласында 8 маман жүзеге асыруда. «Облысқа  жыл аяғына дейін аталған қызмет түрлері бойынша 1508 қызмет көрсету жүктелсе, біз оны нақтылы кезеңде бір айдың ішінде  634-ке, яғни 42 пайызға  орындадық. Сервистік қызмет көрсету жұмыстары бағдарлама бойынша 6 айда жүзеге асырылатынын ескерсек, біз межелі міндетті мерзімінен 2 ай бұрын бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.  Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында облыстық  кәсіпкерлер палатасы жаңадан іс бастағысы келгендер үшін бизнес негіздеріне оқыту курстарын жүзеге асырады. Қазіргі таңда «Бизнес-кеңесші» оқыту курстары арқылы бізге орталық аппараттан 600 адамды оқыту туралы тапсырма берілсе, біз бұл көрсеткішті асыра орындап, 810 адамға бизнес негіздерінің қыр-сырын үйреттік.  «Бизнес-кеңесші» оқыту курстарынан өткен 810 адам ендігі жерде  «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде 3 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады және екінші деңгейлі банктер арқылы  кепілді несиелендіруге қатысу мүмкіншілігіне ие болмақ. Сондай-ақ, қайтарымсыз 3 миллион теңгелік грант алу конкурстарына қатысады», – дейді ол. Директордың сөзіне сүйенсек, биыл 10 ауданда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылыпты. Онда бүгінде 22 менеджер-кеңесші кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-кеңес беру қызметтерін көрсетуде. Бүгінгі таңда аудандағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтары бойынша 10 995 адам кәсіпкерлік мәселелері бойынша кеңес алыпты. Ал  менеджмент-кеңесшілер әртүрлі сұрақтар бойынша 121 жобаға жетекшілік жасауда. Оның 56-сы оңтайлы шешімін тауыпты. Облыс әкімі жиын барысында барлық аудан әкімдерінің шағын және орта бизнесті дамыту ісінде жіберген кемшіліктерін сынға алды. Мәселен, аудандарда шаштараз, монша сынды халыққа қызмет ететін әлеуметтік орындар аз. Қызмет көрсетудің осы түрлері дамытылса, бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылатыны белгілі.  Облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне осы мәселелерді назарға алып, жұмысты ыждаһаттылықпен істеуді тапсырды.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар