- Advertisement -

Тәуелсіз елдің төлқұжаты

216

- Advertisement -

IMG_03++58Тәуелсіз еліміздің бас құжаты саналатын Ата Заңымыздың қабылданғанына жиырма жыл толуына орай Тараз қаласындағы Баласағұн орталық концерт залында салтанатты жиын өтті.
Жаңаша сипатта безендірілген сахна төріне алдымен еліміздің көк байрағы көтерілді. Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Конституцияның жиырма жылдық мерейтойымен жиналған қауымды құттықтады.
«Конституция күні – еліміздегі ең ұлық мерекелердің бірі. Осы күні демократиялық еліміздің заманауи талап­тардың барлық критерийлеріне жауап беретін басты құжатымыз Ата Заңымыз бекітілді. Еліміз осыдан жиырма жыл бұрын біртұтас құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде өзін әлемге танытты. Халықтың көңілінен шығып, жүрек төрінен орын тапқан Ата Заңымызға да мінекей, жиырма жыл толып отыр.
Баршаңызды жалпыхалықтық мереке – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қадірменді ағайын, кез-келген мемлекет өзінің қадамын тәуелсіздіктен кейін Ата Заңын қабылдаудан бастайды. Ұлы даланы мекен еткен Алты Алаштың да өзіндік бағынатын дала заңдары болғаны баршамызға мәлім. Қазақ елі әрқашан «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке ханның «Жеті жарғысын» естен шығармайды. Бабалар жүріп өткен соқтықпалы-соқпақты жол әрдайым санамызда қылаң беріп тұрады. Әлгінде айтып өткен хандарымыздың дала заңдарының жалғасы осы – Конституция. Ата Заңымыз жаңа дәуір талаптарының барлығына жауап бере алады. Сан алуан сұрыптаулардан өтіп барып қабылданған Конституциямыз – ел дамуының кепілі. Ол баршамыздың құқығымызды тең дәрежеде қорғайды. Ендеше, еліміздің тірегіне айналған төл мерекеміз құтты болғай! Татулықты ту етіп, бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай бейбіт ғұмыр кешіп жатқан еліміздің әрбір азаматының денсаулығы мықты болсын! Мемлекетіміздің мерейі әрдайым асқақтай берсін! Барлықтарыңызды осынау айтулы мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!» деп игі тілегін арнаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңір экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды Ата Заңымыздың жиырма жылдығына орай шығарылған мерейтойлық медальмен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұдан кейін экс сенатор Александр Савченко және өзге азаматтар өңір жұртшылығын Конституция күнімен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады. Шара соңында өңір өнерпаздары патриоттық рухты жанитын керемет әндерді шарықтата шырқап, залға жиналған жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады. Концерттік бағдарламада терең мазмұнды эстрадалық әндермен қатар, хордың орындауында шырқалған акапелло да көрермендерді ризашылық сезімге бөледі. Әр ұлттың әндерінен жасалған поппури де, сәмбі талдай иілген арулардың түрлі билері де көңілге қонымды шықты. Бір сөзбен айтқанда, салтанатты жиынға жиналған көпшілік мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support