Қандай жағдайда болғанда да сыртқы сауда-саттық АҚШ доллары бағамымен өлшенетіні анық. Мысалы, көршілес екі алпауыт Қытай мен Ресей арасындағы сауда АҚШ долларымен есептеледі. Жұмыс барысында біз мұндай жағдаймен жиі кездесеміз әрі әлемде қалыптасқан ахуалды көріп-біліп отырмыз. Біздің «Жамбыл-Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазіргі кезде Қаратау қаласында цемент зауытын салуда. Бір жарым жылдың ішінде құрылтайшылардың демеуімен құрылыс құрастыру жұмыстарына 1,3 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Қазіргі таңда құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Құрал-жабдықтарды Қытайдан алдырдық. Жабдықтарды лицензиялаудан өткізіп, қоймаға сақтауға қойдық. Таяу уақытта оларды құрастырып, іске қосамыз. Құрылысты 1 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Зауытқа керекті шикізатты Ақтас карьерінен аламыз. Карьерге электр желісі тартылып, құрал-жабдықтар орнатылуда. Жалпы, құрылысқа 220 жұмысшы тартылған. Олардың дені қала тұрғындары. Зауыт толық қуатына жеткенде 180 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Алғашқы кезеңде айына 150 мың дана кірпіш шығарсақ, екінші кезеңде 300 мың данаға жеткіземіз. Теңге бағамы еркін айналымға жіберілуінен зиян шегіп отырған жоқпыз. Қайта бұған дейін бағамдағы сәйкессіздіктен көп нәрседен ұтылып жүрген едік. Сондықтан кәсіпкер ретінде мұны өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Осы арқылы теңгенің нарықтағы бағамын көтеруге мүмкіндік туар еді. Әсіресе, еліміздің ішкі нарығында тек теңгемен саудаласуды мықтап қадағалап, АҚШ долларын біртіндеп ығыстыру халыққа пайдалы деп түсінемін. Әлемдік қаржы дағдарысы ел экономикасына салқынын тигізбей қалмасы анық еді. Сондықтан ақша айналымындағы мұндай өзгерістердің болуы заңдылық. Бұл – өтпелі кезең. Уақытша қиындық. Еліміз Елбасының сарабдал саясатымен дағдарыстың жаңа толқынын еңсеретініне сенім мол. Тек босқа даурықпай, қобалжуларға жол бермей, қазіргі қалыпты жұмыс қарқынынан танбағанымыз дұрыс. Бұл кезең ел кәсіпкерлеріне зор жауапкершілік жүктейді. Енді отандық тауарларды көбірек шығаруға күш салмасақ болмайды. Олардың сапасы да әлемдік стандартқа сай болуы тиіс. Саннан сапаға көшуге мән беріп, өнімдерімізді жаңа нарыққа шығарсақ, теңгеміздің бағамы артып, Дүниежүзілік сауда ұйымында өз орнымызды алатын боламыз. Соған әрбір кәсіпкер белсене қатысуы тиіс деп санаймын.
Асхат Іңкәрбеков, «Жамбыл-Недр» ЖШС-ның бас директоры. Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді