- Advertisement -

Жетістікке жеткізетін жарқын жол

86

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары  халықтың кең қолдауына ие болды. Мұны барша қазақстандықтар халықтық реформа ретінде және елімізді сенімді болашаққа бастайтын жарқын жолымыздың бастауы деп қабылдады. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы және «Нұрлы жол» бағдарламасы да халықтың әл-ауқатын арттыруды шынайы көздеген бағдарламалар. Елбасының бұл жолы ұсынған 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша белгіленген «100 нақты қадамының» мәні де маңызы айрықша екендігін әлемдік деңгейдегі сарапшылар ерекше атап көрсетті.
Ақордада өткен Үкіметтің алғашқы отырысында Президент: «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Олардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Мен реформаларды жүзеге асырудың  қатаң бір ізді болуын қалаймын», – деген еді.
Ел экономикасын жаңғыртудың басты алғышарттары қандай болу керек деген мәселеге ойысар болсақ, ең әуелі, өнеркәсіп саласының негізгі буындарын дамыту ойға оралады. Бізде өнеркәсіпті әлемдік бәсекелестікке қабілетті етуге толық негіз бар. Бүгінде елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ел оның игілігін көріп отыр. «100 нақты қадам» – біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямыздың жалғасы, оның құрамдас бөлігі болып саналады. Ол елдігімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу жөніндегі нақты жоспар болып табылады. Елбасы әр реформаны жүзеге асыру жолында ең әуелі дамыған елдердің тәжірибелерін зерттеп, солардың қажеттісін алып, өзіміздің ұлттық жағдайымызға, құндылықтарымызға, ұлттық мүдделерімізге сәйкестендіре отырып, пайдалануы қазақстандық әрбір реформаның табысты болуының басты факторы болып келеді.
Бес халықтық реформаның 100 нақты қадамының 49-қадамында құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу мәселесі айтылады. Мұның өзі, жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, бізде әлі де кеңестік кезеңдегі ескірген құрылыс нормалары мен ережелері қолданылады. Мұның өзі халықаралық стандарттарға сай ғимараттар салуға елеулі кедергілер келтіруде. Демек, құрылыс нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар ережесін енгізу – бұл салаға жаңа серпін әкеледі.
Әлемде құрылыс салумен аты шыққан компаниялар аз емес. Көп мемлекеттер өздерінде нысандардың құрылысын жүргізу үшін қыруар қаражат жұмсап, осындай мердігерлерді жұмысқа шақырады. Өкінішке орай, еліміздегі осындай іспен айналысатын мердігерлердің көпшілігі шағын және орта бизнес субъектілері болып табылады. Оларды орта бизнес субъектісі дәрежесіне жеткізу керек. Сонда олар шетелдік қызмет нарығына шыға алады. Еурокод жүйесіне жаңа отандық құрылыс материалдары да жатады. Қазір ғимараттар алуан түрлі материалдармен тұрғызылады. Оның ішінде газоблок, құмблок және ірі қабырғалық панельдер де бар. Кірпішке қарағанда оларды өндіру үшін шығын аз жұмсалады әрі бағасы қол жетімді.
Бұрын нысан салуға қажетті материалдың дені сырттан жеткізілетін. Мұның өзі оған жұмсалатын шығын көлемін арттырып жіберетін. Кейінгі кезде Елбасы тапсырмасына сәйкес, бірыңғай құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар көбейіп келеді. Мұның өзі оған жұмсалар шығынды азайтумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға игі ықпалын тигізуде. Тараздағы «Арайстроймаркет» ЖШС ірілі-ұсақты әлеуметтік нысандар және жол салумен шұғылданады. Біраз уақыттан бері құрылысқа қажетті бірқатар материалдарды өзімізде өндіре бастадық.  2013 жылы облысымыздың Индустрияландыру картасына енгізілген алюминий радиторларын шығару жобасын жүзеге асырдық. Бұл – облыс қана емес, елімізде ең алғаш қолға алынып отырған жоба. Бұрын ғимараттарды жылытатын алюминий радиаторлар шетелдерден сатып әкелінетін.
Зауыттың жылдық өнім өндіру қуаты – 250 мың алюминий радиатор. Қазірге дейін осындай халыққа аса қажетті 40 мың дана жылытқыш шығардық. Тауар облыс аумағына өткерілді. Оның бұрынғы шойын радиаторларға қарағанда артықшылығы көп. Біріншіден, ол жеңіл әрі шағын, екіншіден, сыртқы келбеті сәнді және жылу реттеп тұратын тетіктері бар. Кейінгі кезде тауарымызды алуға еліміздегі үлкен компаниялар қызығушылық танытуда. Өнімімізді ЭКСПО құрылысына да ұсынатын боламыз. Бұл мәселе таяуда шешіледі. Кәсіпорында жыл сайын жаңа жобаларды жүзеге асыру – бізде бұрынғы жұмыс орындарын сақтап қалумен қатар, жаңаларын ашуға мүмкіндік беруде. Қазір серіктестікте 300 адам жұмыс істейді. Олар жыл-он екі ай жұмыспен қамтылған. Келешекте де жүзеге асырылатын жобаларымыз көп. Олардың ел игілігіне айналатын кезі алыс емес.

Арман Еділбаев,
«Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support