- Advertisement -

Өркениеттің бастауы

93

- Advertisement -

02Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Осыдан жиырма жыл бұрын қабылданған еліміздің Ата Заңында мұның бәрі қамтылған.
Конституция бұл күнде біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Және алға қарай дамуымызға серпін беруде. Ең бастысы, Ата Заңымыз халқымыздың бірлігінің және тұтастығының кепілі болды. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына негізгі Заңның қосқан үлесі мол. Болашақта да елдігімізді сақтап, керегемізді кеңейтуге ықпал ете береді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның гүлденуі жолында мемлекетіміздің басты құжаты бағыт беруші темірқазық іспетті десек, артық айтқандық емес.
Осыдан 20 жыл бұрын 30 тамызда Қазақстанның Ата Заңы өмірге келді. Сондықтан, бұл күн халқымыздың тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан күн ретінде тарихта қалды. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң  мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына ықпал ететін қуатты күшке, дамудың қайнар бастауына айналды.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, Қазақстанның Ата Заңы – әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 20 жасқа толып отыр. Әрине, тарих бедерінде бұл – өте қысқа мерзім. Десе де осындай алмағайып заманда Қазақстанның Конституциясы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Өзінің заман талабына лайықты екенін жан-жақты дәлелдеді.
Зерттеушілер Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі деп бағалайды. Бұның өзі Ата Заңымыздың әлеуетінің зор екенін білдірсе керек. Тарихқа кері шегінсек, өз тәуелсіздігін жария еткен Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдауына байланысты болған. «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», — деп жазады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында.  Сондай-ақ,  Елбасы өз сөзінде «Конституция біздің тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз – негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеу» деп атап көрсетті.
Рас, Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол ашты. Онда мемлекеттік құрылымдар  ретке келтіріліп, қоғамдық жүйенің тұтастай бөлігі қамтылды. Алайда, заман ағымына қарай негізгі Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет болды. Бірақ, Заңға өзгертулер енгізілгенмен, бір нәрсе өзгерген жоқ. Ол – ел азаматтарының қазіргі һәм өмір бойғы басты міндеті – Қазақстан тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, Ата Заңды құрметтеп, қорғау.
20 жыл бұрын қабылданған Конституция – жаңа қоғамдық жүйені қалыптастыруға, мемлекеттік құрылымды түзуге мұрындық болғанын еліміздің бүгінгі қол жеткізген табыстары айқындап отыр. Қазақстан тәуелсіздігінің ширек ғасырға жуық даму жолындағы жетістіктерінің баршасына Ата Заңымыз негіз болды десек қателеспейміз. Конституция дамуға серпін беріп қана қойған жоқ, құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа қызмет етті.
Біздің Ата Заңымызда адам құқықтары толықтай қорғалған. Ата Заңымыздың «Адам және азамат» атты ІІ бөлімінде халықтың құқықтық, әлеуметтік, саяси тұрғыда толықтай қорғалатыны көрсетілген. Осы бөлімнің 12-бабында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айырыла алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады», деп жазылған.
Иә, тұғыры берік тәуелсіздігіміздің, мерейлі мемлекеттігіміздің кепілі – Ата Заңымыз. Ол азат еліміздің айбарлы ар-намысының қорғаушысы әрі қолдаушысы.

Ерболат САУРЫҚОВ,
Тараз инновациялық-гуманитарлық
университетінің ректоры,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support