Үкімет пен Ұлттық банк бірігіп өткізген брифингте Қазақстанның жаңа экономикалық саясатқа көшуі туралы жан-жақты талқыланды. Енді осыған дейінгі валюталық дәліз жүйесінен шығып, инфляциялық таргеттеу тәртібіне негізделген жаңа кредиттік-қаржы саясаты жүзеге асырыла бастайды. Яғни, бұл орайда теңге еркін жылжитын айыру бағамына бет бұрады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұған мәжбүрлі түрде барып отырғанымызды баса айтып өтті. Неге десеңіз, қазір әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс біздің жас мемлекетімізді де айналып өтпейтіні белгілі. Сол себепті, Үкімет ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамының еркін айналымын қамтамасыз ету сияқты нақты қадамдарға барып отыр.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке халықтың айырбас бағамының өзгеруінен шеккен шығынын азайту мақсатымен жеке тұлғалардың 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдайға сәйкес теңгемен ашылған және есепшоттарында 1 миллион теңгеге дейінгі қалдық сомасы бар шұғыл депозиттері үшін өтемақы төлеу тетігін енгізуді тапсырды. «Азаматтарға олар салымдарын арнаулы есепшоттарға қайта ресімдеп, оны банктерде бір жыл бойы сақтаған жағдайда өтемақы ретінде айырбас айырмасы төленетін болады. Бұл шара 1 миллион 700 мың адамды немесе барлық салымшының 86 пайызын қолдауға көмегін тигізеді», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Үкіметке Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қатысты тетікті де ойластыруды табыстады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына қатысты мәселе бар. Адамдар пәтерді несиеге алу үшін ақша жинады. Сондықтан Үкімет олар жинаған қаржыларын жоғалтпау үшін жеке ойластырып, есептеулері тиіс», – деді Н.Назарбаев Ақордада негізгі экспорттаушы компаниялар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте. Ұлттық валюта бағамының өзгеруі «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ жұмысына онша әсер етпейді. Өйткені, банктің барлық міндеттемелері мен активтері ұлттық валютада бекітілген. Жасалған келісім-шарттар бойынша алынатын баспаналар мен жасақталған пулдар бойынша баспана құны да өзгеріссіз қалады. Айталық, мемлекеттік бағдарлама бойынша Тараз қаласында 65 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олардың бағасы да сол алдындағы белгіленген қалыптан аспайды. Қазіргі таңда салымшылар тарапынан ешқандай даурығулар орын алып жатқан жоқ. Жинаған ақшаларын қалайда шешіп алсақ деп талпынып жатқан салымшыларды да байқамайсыз. Бірді-екілі тұтынушылар тарапынан туындаған сұрақтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Сондай түсіндірме жұмыстары бағдарлама бойынша салынып жатқан құрылыс басында да ұйымдастырылуда. Банк тарифтері аясындағы заемдардың пайыздық үстемақысы да өзгеріссіз қалады. Барлық үстемақы мен тарифтер шетелдік валюта бағамы мен инфляция деңгейіне қарамастан ескерілген. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі қазақстандықтардың салымдарының бүтіндігін сақтау мәселесін ойластыруды алға тартып отыр. Сонымен қатар, Елбасы қиындықтарға қарамастан, адамдардың әлеуметтік көңіл-күйінің бұзылмауы және халықтың әл-ауқаты төмендемеуі үшін барлық шаралар жүзеге асырылатындығын баса айтты. Сондықтан да барлық жағдайға түсіністікпен қарап, сабырлық таныта білсек, сан соғып қалмайтынымыз анық.
Талғат Жақсылықов, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді