- Advertisement -

Тарихтан тартқан тамырын…

124

- Advertisement -

«Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты керуен Жуалы жерінде

IMG_3395Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығының бастамасымен «Мәңгілік Ел» идеясы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты тарихи-мәдени керуені Жуалы ауданында болды. Құрамында зиялы қауым өкілдері, айтыскер ақындар бар өнер керуенін аталмыш басқарма басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева бастап барды. Қонақтарды ауданның кіре берісіндегі жастар аллеясында қарсы алған жуалылықтар дәстүрге сай ақ дастархан жайып, нан мен қымыз ұсынды. Кейінгі жылдары құрылысы жүріп, аудан орталығына ерекше көрік сыйлаған аллеядағы ақ тастан қашалып жасалынған қазақы үйде ауданның өнерпаздары әзірлеген шағын тарихи сахналық көріністен керім әсер алған керуен мүшелері сол аумақтағы қос ғашық монументімен және Батырбек датқа ескерткішімен танысты. Сондай-ақ, аудан әкімі Батырбек Күлекеев қонақтарды аудан орталығынан он бес шақырымдай қашық орналасқан датқаның кесенесіне ертіп барып, әруаққа құран бағыштап, дұға қылды. Бұдан соң аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішіне барып, тағзым етті.
Аудан орталығындағы №1 Орджоникидзе мектеп-гимназиясының мәжіліс залында дөңгелек үстел отырысы өтіп, тарихтан тағылымы мол сырлар шертілді. Жиынды Мүбәрак Қасымқызы ашып, жүргізіп отырды. Алғаш болып сөз кезегін алған филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы сонау түркі заманынан бергі ел тарихына шолу жасап, Қазақ хандығының құрылғанға дейінгі қазақ жерін мекендеген тайпалар мен хандықтар жайлы жан-жақты сөз қозғады. Ал мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет бес жарым ғасыр бұрын іргесі қаланған Қазақ хандығының құрылымы жайлы, оның алғашқы хандары Керей мен Жәнібек хандардың ту тіккен ордасы хақында нақты деректер келтіре отырып, татымды әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ, мәдениеттанушы Әлібек Әмзеев қазақ өнерінің тарихына тоқталды. Өз кезегінде жуалылық ақын Дәулетжан Байдалиев та келелі пікірін ортаға салса, аудан тұрғындары да көкейлеріндегі сан қилы сұрақтарға жауап алды.
Осыдан кейін керуен мүшелері халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мемориалдық мұра­жайында болды. Батырдың тірісінде қолданған заттары қонақтардың ықыласына ие болып, қызығушылықтарын оятты. Әсіресе, Баукеңнің киген шинельдері, жатын төсегі, жұмыс үстелі, қаріп теру машинкасы секілді бұйымдары мен танымал тұлғалармен қатар түскен суреттері көпшіліктің ерекше ықыласына ие болып жатты. Мұндағы жәдігерлермен музей директоры Ғалия Ауғанбаева таныстырды. Сонымен қатар, жуалылықтар аудандық мәдениет үйінің фоесінде «Тараз – ғасырлар куәсі» атты көрмені тамашалады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан арнайы әкелінген жәдігерлермен әзірленген көрмеден жергілікті тұрғындар өңіріміздің ежелгі тарихымен қауышқандай әсер алды. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен игі шаралар барысы «Мәңгілік Ел» ақындар айтысымен жалғасын тапты. Облысымызға белгілі айтыскер ақындар төрт жұпқа жұптасып, жуалылықтарды жыр-додасының керемет үлгісіне куә етіп, шаппа-шап сөз өнерінің қайнарынан сусындарын қандырды. Ауылдағы айтыссүйер ағайындар да ақындардың аузынан шыққан әрбір сөзді адыра қалдырмай, көрікті ойларды көңілдеріне түйіп тарқасты.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support