- Advertisement -

Түймекентті зерттеу аяқсыз қалмаса екен…

147

- Advertisement -

Түймекент ауылының оңтүстік-шығыс қиырында, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан Түймекент қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде өңір тарихына қатысты құнды деректер табылды.
ҚР Білім беру ісінің үздігі,  ардагер ұстаз,  зейнеткер Айтмақан Тышқанбаевтың айтуы бойынша елге сыйлы, қадірлі бір байдың Түйме деген қызы болған, соның атынан Түймекент деген орта ғасырлық қала бой көтеріпті. Түймекент ауылында мектепте оқып жүргенде осы қоршалған қамалға келіп қызықтайтынбыз. Сонда қалашықтың оңтүстік батыс жағындағы қамалдың бұрышы бар болатын. Кейінірек Талас өзені ол жерді шайып кетіпті. Бұл маңда жиде талдары болмаған, тегіс жер етін. Бүгінде Талас өзенінің бойында жиде талдары көбейген.
Алғаш 1936 – 38 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы (жетекшісі  А.Н. Берндштам) Түймекент маңын зерттеген екен. 1986 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография иниститутының тарих және мәдениет ескерткіштері қоғамының археологиялық экспедициясы отряды (жетекшісі К.Байпақов) қайта зерттеу жүргізді. Қалашықтың жобасын қағазға түсіріп, жол салу кезінде бұзылған жерлерін анықтады. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.Байпақов) кішігірім қазбажұмыстармен айналысты. Қалашықтың жобасы тік бұрышты, аумағы 250-310 метр. Бұрыштары дүниенің төрт нүктесімен бағыттас салынған.   Айналдыра мұнаралы биік дуалмен қоршалған.
Төрт қабырғасының әрқайсысының бойында 7 мұнара болған. Сыртқы дуалдың биіктігі 4 – 6 метр, мұнараларының биіктігі 4,5 – 7 метрге дейін жеткен. Қалашықтың сыртқы қақпалары солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс қабырғаларының бойында. Цитадельдің қираған орны қалашықтың ортасында. Оның табанының өлшемі 40*15 метр, үстіңгі жағы 15*15 метр. Цитадельдің оңтүстік аумағынан ұзындығы 40 метр қоршалған аулаға жалғасады. Қалашықтың ішкі жағында көшелер мен оларды жағалай салынған тұрғын үйлердің іздері байқалады. Дуалдың бұзылған жерлері қабырғаның кірпіштер мен пахсаблоктардан қаланғандығын көрсетеді. Қабырғаның ені 7 – 8 метр, сақталған биіктігі 3 метр. Қазба барысында жиналған қыш ыдыстардың сынықтары мен археологиялық заттар 7 – 12  ғасырларға жатады. Түймекент қалашығында осы өңір билеушілерінің тұрған ордасының орны болуы мүмкін деген де пікір бар.
Орналасқан жеріне орай, Түймекент қала ретінде де, сауда орталығы ретінде де үлкен маңызға ие болғаны байқалады. Ұлы Жібек жолы өтетін дәулетті қалаға көз тіккен жаулары аз болмаған. Археологиялық қазба жұмыстары көне қалада инженерлік, коммуналдық жүйенің жақсы дамығандығын көрсетті. 2 метр тереңдікте 2 су құбыры бұзылмаған күйінде сақталған. Жаугершілік заманда қажет мұндай инженерлік шешімді жергілікті шеберлер ойлап тауып, жүзеге асырған.
Түймекент қамалының орнын осыдан екі жылдай бұрын қазып біраз құнды жәдігерлер тауып, кейін тоқтап қалған. Осыны қайта қолға алса екен. Тарихи құнды жәдігерлерді кейінгі ұрпаққа қалдырып, үлгі тұта білсек деймін. Осы  қалашықтан табылған кірпіштердің бірнешеуі Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық бөлімінде тұр.

Дәулетбек Төлепбергенов,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support