Олар облысымыздың кәсіпкерлерімен бірлескен кәсіпорын құруға келісті
Аймақтағы интенсивті алма бақтарының жұмысымен танысу, алма өсіруге қолайлы алқаптардың жағдайын көзбен көру, екіжақты ортақ мәміле жасау мақсатында Иран елінен келген «ДжахатеЕстехлялГрупп» компаниясының өкілдерін облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қабылдады. Екі тараптың кездесуі «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының мәжіліс залында өтті. Бірқатар басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиынды Абдалы Тоқбергенұлы ашып, қонақтарды облысымыздың аграрлық жағдайымен таныстырды. Мәліметке сүйенсек, облысымызда тамшылатып суару жүйесі 8 мың 500 гектар алқапқа қолданылады. Жалпы, 2 мың 500 гектар алма бағы бар. Ирандық «ДжахатеЕстехлялГрупп» компаниясының басшысы Мохаммад Реза Шафейнианың айтуынша, бұл фирма дәнді дақыл және тыңайтқыштар өндірумен, оны өткерумен шұғылданады және өндірісі өркендеген аймақтармен жұмыс жасайды екен. Жамбыл жеріне де интенсивті алма бақ өсірудің жағдайын талқылап, зерделеу үшін келіпті. «Биыл біздің елге сіздердің тараптан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басшысы Нұрмахан Сарыбаев бастаған делегация барып, екі жақты келісімдер жасастық. Сол жүздесуде интенсивті алма бағын өсірудің мәселесі де сөз болды. Бізді Қазақстанға сол үшін шақырды. Сол шақыруды құп алып, алма бағын өсіруге ерекше ден қойған аймаққа келіп отырмыз», – деді ирандық делегация басшысы. Мохаммад Реза Шафейниа интенсивті алма бағын өсіру жөнінде біздің аймақпен бірлескен кәсіпорын құруға ынталы екендерін жеткізді. «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Шамсат Исабеков мемлекет тарапынан интенсивті бақ өсіруге қолдау көрсететінін, облысымызда осындай жүйемен алма өсіруді мың гектарға дейін жеткізуге болатынын, тіпті ирандықтармен бірлескен кәсіпорын құруға дайын екенін айтты. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Өксікбай Оразымбетовтің сөзіне жүгінсек, біздің аймаққа алма бағын өсіруге Польша, Түркия, Қытай елдері де ынта білдіріп жатқан көрінеді. Сондықтан ол ирандықтарға бәсекелестік жоғары екенін ескертіп, көбірек қаражат жұмсауды ескерулерін өтінді. Бұл ұсынысқа ирандық делегация басшысы Мохаммад Шафейниа бұл жолы жер жағдайымен танысуға келгендерін, осы сапардан соң, келісімге сәйкес интенсивті алма бақ өсірудің арнайы бағдарламасы жасалатынын, мүмкін бұл жобаны түгелдей өз қаражаттарының есебінен жүзеге асырулары да ықтимал екенін жеткізді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қорытындылап, жергілікті кәсіпкерлерді ирандықтармен бірлесе жұмыс істеуге шақырып, олардың алма өсіруге маманданғанын айтып, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовке, Байзақ, Жамбыл аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарларына тапсырма берді. * * * Сондай-ақ, ирандық «ДжахатеЕстехлялГрупп» компаниясының өкілдері Жамбыл ауданындағы «Логистар» ЖШС өсіріп отырған 5 гектар интенсивті алма бағын аралап, Жасөркен ауылындағы арнайы алқаптың жер жағдайымен танысты. Қонақтар Байзақ ауданының «Ниет» шаруа қожалығында да болды. Ботамойнақ ауылдық аймағынан интенсивті алма өсіруге бөлінген алқапқа да ат басын бұрды. Мұнда қазірдің өзінде 161 гектар алқапқа интенсивті алма бағын өсіру қолға алынып жатыр екен. Жер жағдайы ирандықтар тарапынан қолайлы деп танылса, Ботамойнақта интенсивті алма бағы 500 гектарға дейін жететін болады. Ирандықтар бірлескен кәсіпорын құрумен қатар, алма өнімін сақтайтын қоймалар салу жұмысына да ынталы.
Есет Досалы. «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді