- Advertisement -

Орталық базар ортақ мұратқа жауап бере ала ма?

131

- Advertisement -

IMG_3458Елбасымыздың сара саясатымен әлемдік өркениетке ұмтылыс жасалуда. Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына ресми түрде мүше болып қабылданды. Бағалай білгенге бұл – үлкен  табыс. «Дүниежүзілік  сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге  бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады.   Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді  шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын  ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік», – деп, Елбасымыз  бұл оқиғаны мемлекетіміздің қол жеткізген жоғары жетістігіне балады.

Енді қазақстандық әр кәсіпкер 17 миллион халыққа емес, кемінде 170 миллион тұрғынға өзінің өндірген  тауарын өткере алады. Сауданы жан-жақты дамытуға  даңғыл  жол ашылды. Елімізді сырт мемлекеттермен жалғайтын автожолдар  мен темір жол  байланысы едәуір жақсарды. Көршілес Қырғызстан Республикасымен арадағы кедендік бақылау бекетінің алынып тасталғаны екі ел арасындағы сауда байланысының жақсаруына жаңа мүмкіндіктер береді. Әуемен  ұшамын десе де өз еркі. Ендеше осынау зор  мүмкіндікті біздің  облыс тұрғындары  да пайдаланып қалуы тиіс емес пе?!   Ол үшін  біздің аймақта қолайлы жағдайлар баршылық.

                                                              Көп базармен көсегеміз  көгере ме?

Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылданып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік туған кезде  біздің Тараз қаласы әлі  кішігірім  базарлардан көз аша алмай отыр.  Олардың көпшілігінің  жұмысы талапқа сай емес. Тіпті,  көп қабатты үйлердің  алдына үстел қойып, жайма базар жасап алған саудагерлер де бар. Бұл мәселе  биылғы  мамыр айының соңында облыс әкімінің қатысуымен өткен  арнайы кеңесте талқыланған да еді.  Кеңес отырысының хаттамасы бойынша бірқатар шешімдердің қабылданғаны белгілі. Мәселен, Тараз қаласының әкімі мен  облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысына облыс орталығындағы  сауда орындарының, сауда базарларының жай-күйіне, сауданы реттеу саласындағы заңнамасының   сәйкестігіне талдау жасап, заңнама талаптарына қайшы келетіндерін жаңғырту немесе жабу тапсырылған-ды. Сондай-ақ,  Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ», «Салтанат»  сауда базарларын қайта жаңғырту, қолданыстағы заңнама талаптарына сай келмейтін «Нұралы», «Жібек жолы», «Ақбұлақ», «Ысты»  базарларын, «Мыңбұлақ» шағын ауданындағы  «Зарина» бейберекет сауда нүктесін, «Ауыл -Береке» базарының маңындағы заңсыз «Хладокомбинат», «Якасарай», «Береке», «Тараз», «Хан»  сауда нысандарын, Ташкент көшесінің бойындағы және бұрынғы Көк базар аумағындағы «Тәжібай», Адамбаев, Байзақ батыр, Қазыбек би көшелерінің бойындағы заңсыз сауда орындарын, сондай-ақ облыс орталығының шағын  аудандарындағы тіркелмеген  бейберекет сауда орындарын жабу бойынша   жұмыстар ұйымдастыру мәселесі  де  сол кеңес отырысында  айтылған болатын.  Сауданы реттеу мақсатында «Ауыл-Береке» базарындағы азық-түлік және көкөніс өнімдері сатылатын сауда нүктесін   Орталық базарға, облыс базарларындағы киім-кешек саудасын «Атакент» базарына көшіру  кезек күтірмейтін мәселе екені де  сол жиында  сөз болды.  Жолаушылар тасымалдайтын автобус бағыттарының басым бөлігін Орталық базар арқылы қатынауын қамтамасыз ету жайы да талқыланған. IMG_3414
Қабылданған шешімдерге сәйкес Тараз қаласы бойынша құрылған комиссия төрағасы, қалалық мәслихаттың хатшысы Балабек Нарбаев шаһардағы  базарлар мен  бейберекет сауда орындарын аралап, ондағы жағдайдың қаншалықты реттелгенін көрді.  Ташкент көшесі бойындағы сауда орындарынан да, ықшам аудандардағы жабайы сауда нүктелерінен де көптеген олқылықтар анықталды. Қалалық  мәслихат хатшысы «Ауыл-Береке» базарының жұмысы санитарлық талапқа сай келмейтінін,   бұл базар маңында жабайы сауда етек алғанын қозғады, тексеру қорытындысы жайлы  БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Иә,   «Ауыл-Береке» базарында көлік қозғалысы тығыз, қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. Сондықтан, майда базарларды көбейте бермей, Орталық базардың  жұмысын  жандандыратын  мезгіл жеткен тәрізді.

                                                       Орталық  базар қырғыздың  «Дордойынан» кем емес

Орталық  базар 2012 жылдың қараша  айында А.Асқаров  көшесінің соңына көшіріліп,  жұмысына кіріскен болатын.  Базарға жалғайтын жолдарды жөндеуге, А.Асқаров  көшесін кеңейтуге облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат бөлініп, игерілді. Базар  аумағы 22 гектар жерді алып жатыр. Бүгінгі таңда мұнда күніне 5  мыңға  жуық халық сауда жасайды. Әлі тәулігіне 15-16  мың адамды   қабылдауға мүмкіндіктері  бар. Мұнда 120 бейнебақылау қондырғылары  қойылған. Техникалық қызметтің  басшысы Сергей Гаченко  келушілердің қозғалысын қадағалайтын қондырғылар қапысыз қызмет атқарады дейді.  Базар аумағын тәулік бойы «Арлан-Тараз» әскери қызметі  күзетеді. Тоқсан қызметкерден  жасақталған  бұл  күзет  тобы түн   мезгілінде аттар  мен иісшіл иттердің қызметін пайдаланады. Нәтижесінде Орталық базар аумағында ұрлық  жасауға әрекеттенген қарақшылардың  жолы кесіліп, полиция бөлімшесінің қызметкерлері қылмысты жылдам ашуға мүмкіндік алды. Яғни, Орталық базар күзеті  полиция өкілдеріне дер кезінде көмек көрсетіп отыр.
Біз Орталық базар басшысы Алтынбек Садырбаевқа арнайы жолыққанымызда, ол:
– Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына өткеніне кәсіпкер ретінде  мен  де ерекше қуандым. Бұл – мемлекетіміздің  қол жеткізген  үлкен жетістігі. Енді біздің  облыстың кәсіпкерлері де әлемдік сауда ұйымының  талаптарына  сай жұмыс атқаруы тиіс. Мәселен,  жабайы  саудаға жол беріп,  біздер жетістіктерге жете алмаймыз. Елбасымыз  өткен жылғы 6 тамызда Үкіметтің кеңейтілген  отырысында жабайы экономиканың  жыл сайын  еліміздің қазынасына кемінде  2  триллион теңге  шығын әкелетінін  айтты.
Біздің аймақтың  табысы үлкен  сауда базарларын салған  кезде ғана артады.  Оған  осы Орталық базардың  мүмкіндігі мол. Себебі, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған соң, біздің облысқа да енді бірнеше әлем елдерінен тауарлар, түрлі өнімдер келеді. Базар сол тауарларды сақтайтын, сататын  орталық  болуға да сұранып тұр. Қазір мұнда  барлық ауданнан  автобустар қатынайды. Тіпті, біздің  бекеттен Алматыға,  Бішкекке тіке  жол тартатын  автобустар  бар. Қырық  адамға арналған қонақ  үйіміз бүгінгі уақыт талабына сай. Ол қонақ  үй қызметін қырғыздың  «Дордой»  базарынан сауда-саттықпен келген кісілер  көбірек пайдаланып отыр. Осы Орталық базар ашылатын кезде өз қаражатымнан   6 миллиард теңге қарастырып, заман талабына сай  кең автобекет,  қонақ үй салдырғанбыз.   Өрт сөндіруге арналған екі көлігіміз бар. Өрт қауіпсіздігі  толық  сақталған.  Бұл базардағы құрылым, нысандардың  барлығының бүгінгі талапқа  сай болуын  өзім назарда ұстап келемін, – деді.
Орталық базардан  қала маңындағы ауылдардың барлығына сағат сайын автобустар  қатынайды. Келушілерге   асхана, кафе қызметтері дайын. Төрт үлкен касса жұмыс істейді. Сауда нүктелерінің асты-үсті, төбесі  жабық. Келушілердің  жүретін, сауда жасайтын жолдарына түрлі  тас төсеніштер төселген.  Қала  тұрғындарының елу пайызы Орталық базар қызметін пайдаланады. Тұрғындар  Тараздың  кейбір шалғай бөліктерінен  А.Асқаров көшесінің аяғындағы базарға автобус жүргізуді сұранып отыр. Осы сұранысты Орталық базар басшысы Тараз қаласы әкімдігіне  жеткізген екен. Алдағы уақытта, бұл  мәселе де оң шешімін тауып қалатын тәрізді.
Әлемдік өркениет сауда орындарының  үлкен,  көрікті, талапқа  сәйкес болғанын қалайды. Біз де сол жаһандық  талапқа, дүниежүзілік бәсекеге сай болуымыз  қажет. Ол үшін  барлық талапқа  сай Орталық базарымыз  бар. Оның  едәуір  бөлігі бос тұр. Орталық базар Тараздың келешекте  үлкейетінін, қалада  жаңа  бірнеше  ықшам аудан бой көтерген кезде халық санының еселеп көбейетінін ескеріп  салынған. Келешекте  бұл базарға жақын  жерлерден  көп қабатты  үйлер бой көтерсе, базар кәсіпкерлеріне де, онда тұратын  тұрғындарға өте қолайлы жағдай туатын болады. Қазірдің   өзінде  мұнда  келушілер,  сауда орындарын  сұраушылар күннен-күнге  көбейіп  отыр. Себебі, тұрғындар  бұл базардың алдағы уақытта жұмысы жанданатынын жақсы біледі.
Сондықтан, көп қабатты  үйдің  іргесінде  пісте,  сағыз сатып, ерте күнді  кеш қылғандар осы Орталық базардан  бір-бірден  сауда нүктесін алып, өркендеуге  мүмкіндігі бар шаруамен  шұғылданса,  құба-құп болар еді. Өйткені, қырғыздардың «Дордойы»  секілді  бір ірі орталық  базар  біздің облысқа да өте қажет. Яғни, біз  бүгінгі таңда елімізге ғана емес,  әлемнің көпшілік  мемлекеттеріне сауда қызметімен   ықпал ете алатын аймаққа айналуға тиіспіз.  Сонда  біздің облыс мемлекетіміздің дамуына,  кәсіпкерліктің өркендеуіне өз үлесін  қоса алады. Мұны  жайма базар  ашып, азын-аулақ табыс тауып отырған кейбір  кәсіпкер азаматтар дұрыс түсінгендері абзал. Баршамыз Елбасымыз ұсынған  «100 нақты  қадам» – Ұлт жоспарын қолдап, әлемдік  деңгейде  өркендеуге күш салғанымыз жөн. Мұны облыс әкімі үнемі Тараз қаласының, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және  индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшыларына  ескертіп  келеді. Бүгінгі кезең  бір жеңнен  қол, бір жағадан  бас шығарып,  жұмылып жұмыс жүргізуді талап етеді. Сол талап  үдесінен  шығу – біздің міндет.
Сондықтан, Орталық базар  жұмысын  жолға қоюға, әлемдік деңгейге  сай жұмыс жасауына  мүмкіндік бергеніміз абзал. Әлемдік  сауда өркениетінің Таразға келуі арқылы  базар қызметі толыққанды жанданады, сауда қатары молая түседі, жұмыссыздар қатары азаяды. Облыс тұрғындары  сапалы  және бағалы өнімдерге  қол жеткізе алады. Шағын  кәсіпкерлік өркендейді. Сол себепті   өңір  кәсіпкерлерінің  ойланғаны жөн.   Таразда Қырғыздың «Дордой» базарынан еш кем түспейтін  үлкен  сауда  орталығын  құру – кезек күттірмейтін мәселе.  Ал оған барлық   талапқа сай  Орталық базар  сұранып-ақ  тұр.

Есет Досалы,
«Ақ  жол».Тараз  қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support