Жүз қадам – жаңа мүмкіндіктер

101

өңір экономикасы өсімінің артуына ықпал етеді

IMG_5846+Бес институционалдық реформаны іске асыруда Елбасы ұсынған 100 қадамның басым бөлігі индустрия және экономиканы өркендетуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, 50 қадам қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа жоғары технологиялы экономикалық өсімді ынталандыру мен адам капиталын дамытуды көздейді. Бұл – Елбасының «әуелі экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымының тағы бір дәлелі іспетті.
Ел экономикасын әртараптандыруға бағытталған қадамдардағы басымдықтар өңдеу өнеркәсібіне және ауыл шаруашылығына берілген. Әсіресе, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгендігі қуантады. Себебі, өңірімізде негізінен ауыл шаруашылығы жақсы дамыған.
Жер пайдалану мәселелерін оңтайлы шешу үшін алдағы уақытта Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Алдымен, барлық пайдаланылмай жатқан жерлер жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға өтеді. Кейін олар аукцион арқылы сатылып, епті қолға беріледі. Қазірдің өзінде бір ғана облысымызда 2011-2014 жылдары пайдаланылмай жатқан 499,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке кері қайтарылды. Бұдан бөлек 91,9 мың гектар жерді кері қайтару жұмыстары жүргізілуде. Енді осы жерлерді сату есебінен мемлекет бюджетіне қосымша қаржы түспек. Осы арқылы қолынан іс келетін шаруа қожалық басшыларына жаңадан жер телімдері берілетінін ескерсек, өңір шаруаларының алдында біраз мүмкіндіктер ашылатыны айдан анық.
Ұлт жоспарының 36-қадамында жер телімдерін тиімді пайдалану әрі аграрлық сектор өнімділігін арттыру үшін жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімдерін жеңілдету көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде, жергілікті билік дейгейінде біршама рұқсат беру рәсімдерін және тиісті комиссияларды қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында кәсіпкерліктің дамуына жол ашады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында сүт және сүт өнімдері өндірісіне стратегиялық инвесторлар тарту, сондай-ақ, дәл сондай инвесторларды ет және етті қайта өңдеу салаларына тарту мәселелері Президент ұсынған «100 нақты қадамда» айқындалған. Жалпы, сүт өндіру саласында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлкен жауапкершілік артылып отыр. Себебі, соңғы үш жылда сүт өнімдері импортының көлемі 16 пайызға қысқаруына қарамастан, шикізатқа айналдырғанда 2014 жылы елімізге сырттан 761 мың тонна сүт өнімдері әкелінген. Енді өз өңіріміздегі қолда бар өндіріс қуаттарына көз жүгіртсек. Өңірімізде сүтті қайта өңдеу кәсіпорындары өз қуаттарын 49 пайызға ғана пайдаланып отыр немесе жылына 104 мың тонна сүтті қайта өңдеуге шамасы бар өндіріс орындары бар жоғы 51 мың тонна сүтті қайта өңдеуден өткізеді. Ал бұл жалпы облыста өндірілетін сүттің 18 пайызы ғана қайта өңдеуден өтетінін көрсетеді. Еліміздің басқа облыстарында да осындай жағдайды аңғаруға болады. Сондықтан, қолда бар өндіріс қуаттарын толық пайдалансақ, импортталатын сүт өнімдерін өзімізде шығарып, қажеттілікті қамтамасыз етуге толық мүмкіндіктер бар.
Негізгі мәселе – қайта өңдеуге қажетті шикізат сапасының төмен болуы және оларды жеткізу көлемінің тұрақты еместігі немесе шикізат жетіспейтінінде. Бұның себебі – елімізде өндірілетін сүттің негізгі көлемі (82 пайызға дейін) жеке қосалқы шаруашылықтарда болғанында немесе олардың сапасы төмен және тауарлы сүт көлемін жеткізу тұрақты емес. Осыған байланысты, Елбасы сүт өндірісін жаңазеландиялық FRONTERRA және даттық ARLA үлгісінде кооперативтік өндіріс негізінде дамытуды тапсырып отыр.
Тарихы сонау 1881 жылдан басталатын ARLA кооперативінің қазіргі таңда 6 мемлекетте 12629 фермер акционерлері бар және олар осы кооперативке тауарлы сүт шикізатын жеткізушілер болып табылады. Біздің елімізде де сүт өндірісін дамытудың осындай тетіктерін енгізу мақсатында мемлекет тарапынан тиісті ынталандыру шаралары қолданылатын болады. Олардың ішінде инвестициялық субсидиялар, техника мен құрал жабдықтарды лизинг арқылы беру, сүт өндірісінің инфрақұрылымын дамыту және тағы да басқа ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.
Соның бірі – жаңадан әр түрлі көлемдегі (50-ден 1200 МІҚ басқа дейін) тауарлы-сүт фермаларын құру бастамасы. Біздің облыста шағын тауарлы-сүт фермаларын құру облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен жылдан бастап қолға алынғанын айта кету керек. Бұл үшін өңір басшысы облыс аумағынан өтіп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің мүмкіндіктерін пайдалану қажет деді. Қазірдің өзінде осы көлік дәлізінің бойынан 6 шағын сүт фермалары құрылды және олардың санын жыл соңына дейін 12-ге жеткізу жоспарда бар.
Ет және етті қайта өңдеу саласында да оң өзгерістер күтілуде. Осы салаға стратегиялық инвесторларды тартудың бір жолы – шикізат базасын дамыту және қайта өңдеу өнімдерінің экспортын дамыту. Негізінен, 50 пайызы импортталатын тауық етін қоспағанда, елімізде өндірілетін ет көлемі тұтынушылардың қажеттілігін толығымен өтейді. Соның ішінде Жамбыл жерінде орналасқан етті қайта өңдеуші кәсіпорындарының өндіріс қуаттары 100 пайызға пайдаланылуда және жалпы өндірілетін 54 мың тонна еттің 18 пайызы өңдеуден өткізіледі.
Дегенмен, ет өндіру бағытында экспорттық мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Әлемдегі халық санының өсуі және экономикалық жағдайдың артуы ет өніміне деген сұраныстың жылдан жылға артып келе жатқанын байқатады. Көрші Қытай Халық Республикасы 2014 жылы барлығы 707 мың тонна сиыр етін импорттаса, бұл көрсеткіш 2011 жылмен (149 мың тонна) салыстырғанда 5 есеге өскен. Ал Ресей Федерациясы 2014 жылы 616 мың тонна сиыр етін импорттаған. Аталған мемлекеттер қой және шошқа еттерін ірі импорттаушылар болып табылады. Сондықтан, Қазақстан үшін осы көрші екі ел етті экспорттауда басымдыққа ие нарық болып есептеледі. Бірақ, бұл мүмкіндікті еліміздің шаруалары ауыл шаруашылығы үшін толық пайдаланбай отыр. Сиыр, қой және шошқа еттерін өндіруді экспортқа бағыттау, ал тауық етін өндіруді ішкі қажеттілікті толықтай қамтамасыз етуге және импорт көлемін азайтуға бағыттау қажет. Ол үшін елімізде жаңа технологияларды пайдалана отырып ет өнімдерінің сапасын арттырып, өнім өндірушілер бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуы керек.
Елбасы бұл мәселенің де шешімін ұсынып отыр. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан инвестициялық субсидиялар, лизингке техникалар мен қажетті қондырғылар, жеңілдетілген несиелер беру бойынша тиісті шаралар қолға алынатын болады. Сүт және ет өндіру салаларында өндірістік кооперативтер құруды ынталандыру жұмыстары ретке келтіріледі. Ол үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, арнайы салық режимдерін енгізу мәселелері қаралу үстінде.
Жалпы, тек ауыл шаруашылығы ғана емес, экономиканың барлық саласын инновациямен ұштастыруға күш салынатын болады. Ғылымды коммерцияландыру арқылы экономиканың басым секторларында халықаралық стратегиялық серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері де күн тәртібінде тұр. Ал қайта өңдеу саласында экспорттық тауарларды жасау және әлемдік нарыққа шығу үшін елімізге кемінде он трансұлттық корпорацияларды тарту, экономиканың басым салаларында «якорлық инвесторлар» — халықаралық стратегиялық инвесторлармен  біріккен кәсіпорындар құру, Қазақстанның 3-4 экспорттық брендтерін жасап шығару секілді өзекті мәселелерді шешу міндеттері тапсырылып отыр.
Өңірімізде осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу негізінен химия өнеркәсібінің үлесіне тимек. Себебі, облысымыздың жер қойнауындағы қазба байлықтар осындай мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, химия өнеркәсібі бойынша облысымыз республикадағы алдыңғы қатардағы өңірлердің біріне жатады. Нақтырақ айтсақ, әлемдік нарыққа сары фосфор жеткізу бойынша «Қазфосфат» ЖШС алдыңғы орында. Ал өндіріс орны өндіретін өнім – Қазақстанның әлемдік бренді деп айтсақ, артық емес. «Қазфосфат» компаниясы индустрияландыру картасы шеңберінде экстракциялық фосфор қышқылын өндірудің технологиялық жүйесін қайта жаңарту жобасын жүзеге асыруда.
Президент Жарлығымен Шу ауданында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат Қорының қатысуымен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылғаны белгілі. Онда 5 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Инвестиция көлемі – 128,3 миллиард теңге. Негізінен каустикалық сода мен хлор, үш хлорлы фосфор, глифосат, пестицидтерді, метанол өндірілетін болады. 970 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Облысымызда жалпы көлемі 356,5 миллиард теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобаны «Еврохим-Тыңайтқыш» ЖШС-і жүзеге асыруда. Онда 2000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жобаланып жатқан химиялық кешенді пайдалануға беру арқылы жыл сайын шамамен 1,1 миллион тонна фосфор кенін өңдеуге мүмкіндік тумақ. Шамамен 660 мың тонна фосфорлы тыңайтқыштар (дикальцийфосфат), 630 мың тонна калий тыңайтқыштары (калий сульфаты) шығарылады. Химия өндірісі шағын және орта бизнестің дамуына да айтарлықтай үлес қосатын болады. Жоғарыда аталған ірі химия өндірістерінің жанынан 4 индустриялық аймақ құру жоспарлануда. Нәтижесінде шағын және орта бизнестің жүзден астам жаңа субъектілері пайда болады.
Туризм және көлік салалары өңір экономикасының дамуына жаңа мүмкіндіктер береді. Мемлекет басшысы айқындап берген 100 нақты қадамда бұл бағыттарды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Елбасы тапсырмаларына сәйкес өңір экономикасын көтеру үшін өңірдің транзиттік әлеуетін пайдалану қолға алынбақ.
Облыс аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі өтетіні мәлім. Бұл күрежол сауданы, көлік инфрақұрылымын дамытуға және өндірісті ынталандыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, мегажобаны пайдалануға беру автобан бойында орналасқан аудандардың туризмді дамыту, жол бойындағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа жұмыс орнын құру есебінен экономикалық өсімінің артуын жеделдетеді. Сондықтан, бүгінде осы мүмкіндіктерді пайдалануға ерекше назар аударылуда.
Халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарды интеграциялау бағытында «Әулие-Ата халықаралық әуежай» акционерлік қоғамы да халықаралық статусын тиімді пайдалануы керек. Қазіргі уақытта әуежайда жолаушылар терминалын жаңғыртумен көліктік-логистикалық орталығын құру «А» санатындағы карго-терминалын құру, логистикалық және жүк компаниясы, рейстер географиясын кеңейту жұмыстары атқарылуда.
Жалпы, облыста іскерлік және инвестиц-иялық белсенділікті ынталандыратын, бәсекеге қабілетті, өңдеуші өндірістерді құруға және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталған экономикалық саясатты жүргізуге ерекше назар аударылуда. Химия кластерін дамыту, индустриялды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру, көлік, агроөнеркәсіп саласын күшейту, оның ішінде көкөніс кластерін қалыптастыру және де туризмді дамыту есебінен өңір экономикасы өседі деп күтілуде. Қорыта айтқанда, «100 нақты қадам» — Ұлт жоспары өңірімізді тағы бір белеске көтереді.

Жомарт Әмірханов,
облыс әкімдігінің экономика
және бюджеттік жоспарлау
басқармасының басшысы.

Comments are closed.