ауданның кәсіпкерлерімен өткен алқалы жиынның басты түйіні осындай
Келісіп пішкен тон келте болмайдыНаурыз айында ғана «Сарысу инвест – 2015» аймақтық форумы өтіп, онда ауданға қажетті өнеркәсіптік-әлеуметтік салаға инвестиция тартудың жай-күйі талқыланған болатын. Содан кейін көп уақыт өтпей жатып аудан әкімдігі екінші рет кәсіпкерлердің басын қосты. Мақсат – кәсіпкерлікті дамыту үшін екінші деңгейлі банк өкілдерімен ақылдасу, сөйтіп, түйткілді мәселенің түйінін шешудің жолын іздестіру. Инвесторлар форумында аудан әкімі Б.Жайлыбаев Елбасы Жолдауларының басым бағыттары шағын және орта бизнесті дамытуға арналғанын қозғап, мемлекеттік бағдарламалардың шаруаларға қандай мүмкіндіктер беретінін түсіндіріп өтті. Расында шаруашылығын дамытамын деушілерге бүгінде жол ашық. Қой өсіруге – «Алтын асық», жылқы сатып алуға – «Құлан», ет бағытында мүйізді ірі қара сатып алуға – «Сыбаға», сүт бағытында сиыр сатып алуға «Ырыс» және басқа да бизнестерді дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары іске асырылуда.
Не тындырдық?
Ауданда жерді пайдалану көрсеткіші – 83,7 пайыз. Қалған жер учаскелеріне инвесторларды тарта отырып, түрлі егістік, бақша өсіруге, жылыжай құрылыстарын салуға, тамшылатып суарылатын бақша өнімдерін өсіруге болады. Осы мақсатта жер қорынан ауыл шаруашылық жерлерге конкурс жарияланды. Енді 81 лот бойынша жер телімдері шаруашылықтарға берілмек. Мал шаруашылығында тұрақты өсім сақталып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 шаруашылық мүйізді ірі қара өсірумен айналысады. Биыл Түркістан ауылдық округіндегі «Мұрат» шаруашылығы 7 миллион теңге алды, Жайылма ауылдық округіндегі «Рахым» шаруашылығы 10 миллион теңге алуға құжаттарын рәсімдеуде. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша Түркістан ауылдық округінен «Ұшқын» шаруа қожалығы 5 миллион теңге, «Әсем» шаруа қожалығы 7 миллион теңге несие алды. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Бірлік-К» шаруа қожалығының (басшысы Смайлов Танирберген) 2 400 000 теңгеге несие жобасы және «Қуан-Санжар» шаруа қожалығының (басшысы Алпысбай Тамабеков) 2 300 000 (екі миллион үш жүз мың) теңгеге несие жобалары қаралуда. Яғни, кәсіпкерлікті дамытуда сарысулықтар қол қусырып қарап отырған жоқ. Бірақ...
Банктердің есігі ашық
Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары А.Есенәлиев аудан жұртшылығымен жүздесіп, жаңадан бизнеспен айналысамын, кәсібімді дамытамын дегендерге екінші деңгейлі банктер арқылы несиелеудің жолдарын түсіндіргенін айтады. Алайда кәсіпкерлер белсенділік таныта қоймаған. Бүгінде жаңадан кәсіппен шұғылданушыларға мемлекет тарапынан берілетін несиелердің талаптары оңтайландырылған. Мысалы, бұрын Жаңатас пен елді мекендерден кепілдікке қойылатын талап зор еді. А.Есенәлиевтің айтуынша, енді несие алушыларға алатын сомасының 85 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» кепілдендіре алады екен. Бұрын несие 14 пайыздық сыйақымен берілсе, оның 7 пайызын мемлекет субсидияласа, енді ол көрсеткіш 10 пайызға жоғарылаған. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайрат Аманов мемлекет агроөнеркәсіптік кешен субъектісіне инвестициялық салымдар кезінде жұмсалған шығыстардың 30-80 пайызын мемлекет субсидиялайтынын айтады. Тағы бір жаңалық - кәсіппен айналысамын деушілерге бизнес түріне шектеу қойылмайды. Облыстағы «Банк ЦентрКредит», «Қазагромаркетинг», «Қазагрофинанс», «Халық банкі», «Даму қоры» екінші деңгейлі банк мекемелерінің мамандарының айтуынша, құжаттар талапқа сай болса, несие алуға еш кедергі жоқ. Банктерде қаражат жеткілікті екен. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін, «Алтын асық» кредиттеу бағдарламасы бойынша 500 мың теңгеден 30 миллион теңгеге дейін 7,14 пайызға дейін кредиттеу ставкасымен несие алуға болатын көрінеді. Тіпті «Құлан» бағдарламасы арқылы жылқы өсіремін десеңіз 2,5 миллион теңгеден 100 миллион теңгеге дейін, «Ырыс» бағдарламасы арқылы тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыруға ниет білдірсеңіз, 60 миллион теңгеге дейін 84 айға жылдық сыйақысы 4 пайыз үстемесімен субсидиялауды есептегенде, 11 пайызбен несие алуға мүмкіндік бар екен.
Кәсіпкерлер неге алаңдаулы?
Қош. Сонымен, мемлекет әр отбасының әлеуетін нығайтуға бағытталған бірнеше бағдарлама ұсынып отыр. Пайыздық көрсеткіші де жоғары емес. Алайда, несие алуға шаруа неге құлықты емес? Мысалы, «Досбол» ауылының тұрғыны Талғат Наханов – несие алудың пайдасын көрген азамат. Соның арқасында ұсақ малын 3 мыңға, мүйізді ірі қара санын 200-ге жеткізіп, құмның ішінен қора-қопсысын салып алыпты. Трактор да алған. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгінің фермеріне айналған. Алайда, Талғаттың алаңдайтыны басқа, пайдаланып отырған жайылым жері – орман шаруашылығыныкі. Шабындық жерінде Аса, Талас өзендерінен су жайылмауының әсерінен шөптің шығымы төмен. Әсіресе, мүйізді ірі қара өсіруге жер мен жемшөп жетімсіздігі қолбайлау. Сондықтан биыл 80 бас сиырын сатуға мәжбүр болған. Ал Тоғызкент ауылының тұрғыны С.Майырованың наубайхана, ірімшік цехын ашқысы келген. Бизнес-жоспарларын жасап, бірнеше мәрте екінші деңгейлі банкілердің есігін тоздырған. Бірақ, олардың қойған талаптары өте жоғары. Содан тауы шағылған. Қалай дегенде де, ауданның ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау керек. Егер «ЕуроХим» компаниясы өз жұмысын бастаса, ондағы 2-3 мың жұмысшыға ас-ауқат, киім, жатақхана, монша, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар қажет болады.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді