«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Темір жолдың бойында тәтті су бар

Темір жолдың бойында тәтті су бар
ашық дереккөз
Темір жолдың бойында тәтті су бар

  DSC_0240Тоғыз жолдың торабына айналған Шу стансасы осы саланың күретамыры іспетті. Осы станса арқылы кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне жолаушылар мен жүк пойыздары тыным таппастан тәулік бойы қатынап жатады. Ел өмірінде маңызды стансаның тірлігі де ауқымды. Соның ішінде болат жолдың бойындағы елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етуде «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы қолға алынған еді. Осы бағдарлама аясында соңғы үш жылдың көлемінде елеулі жұмыстар атқарылуда. Осыған орай Шу стансасы «Теміржолсу-Шу» ЖШС-ның директоры Тұрсынбай Халықпен тілдескен едік.

-  Тұрсынбай Нұрғалиұлы, «Мөлдір бұлақ» бағдарламасының маңызына тоқтала кетсеңіз? - Көптеген шалғай жатқан станса тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлап, «Мөлдір бұлақ» бағдарламасына қолдау білдірген ұлттық компанияның президенті А.Мамин бастаған басшылыққа рахмет айтамын. Бүгінгі күні «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы аясында қаншама ел тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Негізінен темір жол бойындағы стансалардағы су құрылғылары өткен ғасырдың басында қолданысқа берілген. Уақыт өте олардың тозығы жетіп, тіпті жарамсыз күйге түсті. Енді, осы «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы арқасында ауыз су құбырлары толық дерлік ауыстырылып, заманауи құрылғылар қойылып, тіршілік көзі – ауыз су шалғай жатқан елді мекендерге жетті.Біздің мекеме төрт бірдей темір жол стансалары мен бекеттерін ауыз суменен қамтамасыз етеді. Олар Шу-Түлкібас, Шу-Қаратау, Шу-Мойынты және Шу-Отар. Серіктестікте 100-ден аса артезиан суын тартатын сорғы бар. Осыған қоса, біздің серіктестік 139 шақырым су торабы мен 66 шақырым кәріз жүйесі арқылы Шу қаласын ауыз сумен қамтамасыз етеміз. -  Бағдарлама жүзеге асқан осы уақыттың ішінде қандай жұмыстар атқарылды? - Атап айтатын болсақ, бағдарлама іске қосылған 2012 жылы Шу стансасындағы ұзындығы төрт шақырым су желісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан өзге Луговой стансасында 2,5 шақырым, Ақыртөбе стансасында бір шақырым су желісіне, Шоқпар, Құмшағал стансаларындағы су насос стансаларына, Құмшағал стансасындағы су жинайтын құбыр мен Тәтті стансасындағы орталық су насосына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2013 жылы бөлінген қаржыға Жиделі стансасындағы 0,5 шақырым су желісіне, күрделі жөндеу жүргізілді. Шу стансасындағы су жинайтын насос, Жамбыл стансасындағы кәріздік желіге, осы стансадағы №8 ұңғыға күрделі жөндеу жүргізіліп, көп жылдардан бергі проблемалар сәтімен шешілді. Осы жұмыстарға қоса Тәтті стансасындағы 1,8 шақырым, Шоқпар стансасындағы екі шақырым су желісі, Жамбыл стансасындағы 0,877 шақырым кәріздік желі, осы стансадағы өздігімен ағатын 0,410 шақырым кәріздік желі күрделі жөндеуден өтті. Өткен жылда мекеме ұжымы ауқымды жұмыстар атқарды. Қордай стансасындағы су жинайтын құбыр, Шу стансасындағы өндірістік база күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Жиделі стансасындағы су насосына, Қорағаты стансасындағы су жинайтын құбырға, Еспе стансасындағы 1,078 шақырым су желісіне, Шу стансасындағы су жинайтын стансаға, Жамбыл стансасындағы өндірістік базаға, Аспара стансасындағы су құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шу стансасындағы 35 дана құдықтар да күрделі жөндеуден өтті. Ал ағымдағы жылғы жоспарымызда Шоқпардағы су жинайтын стансаны қайта жаңғырту шаралары тұр. - Сөз жоқ, сонау жылдары әбден құлдыраған бұл сала қайта жаңғырыпты. Бәрі ел игілігі үшін ғой. Мұндай ауқымды жұмыстарды атқаруда заманауи құрылғылар мен жаңа техника күші де қажет. - Дұрыс айтасыз. Уақыт өз жаңалығын ала келеді. Өзіңіз байқағандай қияндағы үркердей шағын стансаларда да ауқымды жұмыстар жүргізіліп отыр. Бұрынғы уақытта стансалардағы ауыз су құбырларына техникалық қызмет көрсету шаралары жыл сайын жүргізіліп тұрды. Міне, уақыт өте келе, бұл сала жаңғырып отыр ғой. Бұрынғы шойын құбырларды бүгінгі күні пластмасса құбырлар ауыстырды. Шойын құбырлар жер сілкінген жағдайда жарамсыз болып, апат орын алып жататын. Ал, бүгінгі заманауи пластмасса құбырлардың қызмет көрсету кепілі 50 жыл уақытқа дейін. Су таза жүреді. Кедергі деген мүлдем жоқтың қасы. Яғни, бір рет сапалы жұмыс жүргізсеңіз, техникалық қызмет көрсету жұмысы азаяды. Бұл деген сөз, шығынсыз жұмыс істеу. Қазіргі таңда уақыт талабына орай «Теміржолсу-Шу» ЖШС мамандары талай жылдар бедерінде мол тәжірибе жинап отыр. Мамандарымыз білікті. Кәсіпорында барлығы 27 техника бар. Өндірістік базамыз жыл сайын жақсарып, кеңейіп келеді. - Әңгімеңізге рахмет!

Әділбек Жүніс, журналист. Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар