- Advertisement -

Шәмшінің шапағаты

103

- Advertisement -

немесе «Вальс Королінің» қолтаңбасы – баға жетпес мұрамыз

Мен кезінде ақын Жақсылық Сәтібековпен облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы, халық шығармашылығы орталығы секілді мекемелерде қызметтес болдым. Облыс бойынша көркемөнерпаздар үйірмелеріне әдістемелік көмек көрсетіп, іс-шаралар өткізіп тұратынбыз. Ақын Жақсылық Сәтібеков өнерге жақын адамдарды жиі іздеп,  ел ішіндегі таланттарды тауып, олардың көрінуіне септігін тигізіп жүруді әдетке айналдырған.
Өткен ғасырдың  сексен  екінші жылдарының мамыр айы болу керек, бірде  Жақсылық екеуміз таңертеңмен жұмысқа келіп, шаруалар барысын ақылдасып отыр едік, ойламаған жерден драматург, жазушы Елен Әлімжан кіріп келді. Қасында даңқты композитор Шәмші Қалдаяқов бар. Жақаң «Біздің кішкентай Шәмшіміз – Алғырбай  да композитор»  деп мен туралы жақсы лебіз білдіріп, таныстырды. Таныстықтан соң, Шәмші аға екеуміз тез тіл табысып кеттік. Сонда ол  маған Жалпақтөбе ауылынан тұрғын үй салатынын айтып, «Соған сен де бауырым ретінде қол ұшыңды беріп көмек көрсетші», — деп ақжарма көңілімен сұранған еді. Қолдан келген көмегімді несіне аяймын? Бірден келістім. Жалғыз мен емес, қала мекемелерінің қызметкерлері жұмылды. Композитордың үйін тұрғызуға ауыл тұрғындары да көмекке келді.
Кейінірек Алматы қаласына қызметтік іссапармен  баратын болдым. Одан хабардар болған ол кісі маған сонда «Алғырбай, жұмысы бар адам бақытты. Бастықтың айтқанын істе, дөрекі мінезіңді көрсетпе. Жұмыстан шығару, жұмыс беру соның қолында», – деп көңілі босап, көзіне жас алғанын аңғардым.  Сәл ыңғайсызданып қалып, әлденеге өзімді кінәлі сезінгендей, ағаның көңілін  басқа жаққа аударып жіберуге тырысып, өзге тақырыпқа әңгіме ауанын бұрып  әкеттім.
– Аға, сізді үйіме  қонақ болуға шақырамын,  аунап-қунап кетіңіз, – дедім. Шәмші аға келісімін берді. Содан жолға шығып кеттік. Жарты жолда ағаның ақ жигулиі бұзылып жүрмей қалды. Машинасының «капотын» ашып, жөндегенсіп қойды да, көлікті жол шетіне шығарып, тізе бүгіп демалды. Қасына үнсіз жайғасқан  маған ол: «Алғырбай, сен біраздан бері менімен бірге жүрсің, әндеріңді тыңдадым. Байқағаным, әннің тінін таба біледі екенсің. Сол жағынан алғанда, сен жақсы композиторсың», –  деп, арқамнан қақты. Мен атақты композитордың  мұндай жоғары бағасын күтпеген жерден естігеніме марқайып қалдым. Балаша шаттанғанымды сездірмеуге тырысып, салмақты дауыспен үн қатып, Шәмші ағаға санамның түкпірінде жүрген сұрақты қоюдың орайын тапқандай болдым: «Аға, сіз үшін Қазақстандағы ең дарынды композитор кім?» – дедім.  Сәл ойланған кейіппен: «Ондай композитор бар… Нұрғиса Тілендиев!» – деп, нық жауап қайтарды сазгер. «Саз өнері киелі. Соңынан түсіп алсаң жолың ауыр болады. Сондықтан өзіңді-өзің дұрыстап ұстап үйрен. Ән киесі қатты болады» деген  ол орнынан қозғалып, дұрыстап отырды да, әрі қарай сөзін  жалғастырды: «Адамның өмірінде екі түрлі қуанышы болады. Мысалы мен, ұлдарым отау тігіп, немерелі болдым. Алайда маған қыз ұзатып, жиенді болу бақыты бұйырмапты», – деп ауыр күрсініп,  ішінен әлденелерді күбірлей оқыды да, үнсіз қалды. Біраздан кейін: «Бір Жаратқанның бары ақиқат. Адам о дүниеге аттанып, жамбасы жерге тигенде  алдынан сегіз есік ашылады, сол есіктерден сегіз шырақ жарығын көрсе жаны жәннатта болады екен.  Көрмесе тозаққа баратын көрінеді», – деп, сөзін тиянақтап, орнынан тұрып, көлігіне беттеді.  Мен соңынан ердім.
…Тағы бірде Шәмші аға Жамбыл қаласындағы менің үйіме соқты. Аман-есендік сұрасқаннан соң, дастархан басында біраз жайттарды әңгімеге арқау еттік. Дастархан жиналарда бата берген композитор: «Мен берген батамды жаттап айтпаймын, бірден ойдан шығара беремін», – деп бізді бір қайран қылғаны бар. Астан кейін құс жастықты шынтақтап жантайған Шәмші ағаға «Сағынышым  менің»  кітабын  беріп, қолтаңбасын алып қалдым. Сол жолы Шәмші ағаны қимай-қимай шығарып салып, қолтаңбасы қойылған кітапты әлі күнге көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Ол вальс королінің бізге деген ыстық ықыласындай, таза пейіліндей сезіледі де тұрады… Танымал композитормен осындай келелі кездесулерімді естелік ретінде көппен бөліскенді жөн көрдім.

Алғырбай Тыныбаев,
 ұстаз, сазгер.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support