Корпоративтік басқару тиімді

Корпоративтік басқару  тиімді
ашық дереккөз
Корпоративтік басқару тиімді

Елбасының бес инстит-уционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам – Ұлт  жоспары» облыстағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің қатысуымен Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен «Салауатты қоғам – ұлт болашағы» атты конференцияда да кеңінен талқыланды. Басқосуда «Ұлт жоспары - жүз нақты қадам» бағдарламасын іске асырудағы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының жұмыс барысы туралы» баяндама жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов аталған тарихи құжаттан туындайтын міндеттерді орындаудағы заманауи медицинаның, соның ішінде өңірдегі медициналық мекемелердің атқаратын рөліне тоқталды. Ал № 6 Тараз қалалық емханасының бас дәрігері Дүйсенкүл Керімбаева «Қазақстанды индустрияландыру және экономикалық өсімді нығайту аясында жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу жолдары» тақырыбында жасаған баяндамасында «Ұлт жоспарының» 81-қадамында Елбасы көтерген мәселенің алғышарттарының аумақта қазірдің өзінде қолға алына бастағандығын тілге тиек етті. Әрі соның бір нақтылы көрінісі ретінде, облыс әкімдігі қаржы басқармасы өткізген тендердің нәтижесінде ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап, № 6 қалалық емхананың «Жаншуақ» медициналық орталығына кейіннен сатып алу құқығымен 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілгендігін және екі жақты жасалған келісім-шарт бойынша сенімгер басқарушының емхананың негізгі ғимаратына жапсарлас ғимарат салып беруге міндеттеніп отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, баяндамашы жекеменшік медицинаны дамыту аясында емханада жүргізіліп жатқан жұмыс шараларынан күтілетін нәтижелерге де тоқталып өтті. «Ең алдымен, емхананың негізгі ғимараты 3096 шаршы метрге ұлғайтылып, мекеменің барлық бейінді бөлімдері заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталады әрі соның негізінде көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артады, денсаулығына байланысты емхана қызметіне жүгінушілерді диагностикалау жақсарады және емханада амбулаторлық хирургия орталығының ашылуы аз инвазиялы операцияларды қажет ететін емделушілерді  стационарға жолдамай-ақ, оларға амбулаторлы жағдайда операция жасауға мүмкіндік беретін болады», - деді ол медициналық мекемелерді корпоративтік басқаруға берудің тиімділігі жайлы жан-жақты әңгімелеп. Бұдан кейін сөз алып, «100 қадам - Ұлт жоспарына» орай өз пікірлерін ортаға салған сала қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесі, өңірдегі емханалар мен ауруханаларда енгізіліп жатқан жаңа емдеу тәсілдері жайында баян етті. Конференция жұмысына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Маржан Қожаева қатысып отырды. Конференция күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай келе, Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «100 нақты қадам - Ұлт  жоспарына» қатысты ұсыным қабылдады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар