- Advertisement -

Луиза Батчаева: «Адамзат тіршілігінің мәні туралы ата-бабаларымыз әлдеқашан айтып кеткен»

189

- Advertisement -

Батчаева Луиза«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Луиза Батчаева
– Луиза! Сіздің есіміңіз қандай мағынаны білдіреді?
– Әрбір ата-ана дүниеге келген перзентіне әлемдегі ең тәуір ат қойғысы келеді. Тауып қойылған ат адамның мерейін өсіреді, мәртебесін биіктетеді. Луиза – грекшеден аударғанда мақтаныш дегенді білдіреді. Ата-анам маған осы есімді таңдағанда отбасының, әулетінің және елінің мақтанышы болсын деген мақсат тұтқан шығар. Сондықтан да бұл есім маған үлкен жауапкершілік жүктейді.
– Облыс  жолшылары Қазақстанның Құрметті жолшысы, осы салада 43 жыл жемісті еңбек еткен Фатима Батчаеваны зор құрмет тұтады. Сіздің ол кісіге жақындығыңыз жоқ па?
– Фатима Батчаева – менің әкемнің әпкесі. Біздің әулетіміздің өсіп-өнуі және ел қатарына қосылуына ол кісінің сіңірген еңбегі зор. Апайдың аты естілсе, әкем Бекмырза жас кезімде айтқан әңгімелер көз алдыма елестеп кетеді. 1941-1945 жылдары сұм соғыстың салған лаңынан Кеңес одағында қасірет шекпеген отбасы некен-саяқ. Сол кезде Кавказда өмір сүрген аз ұлттар көрген зорлық-зомбылықты ешкімнің басына бермесін. Сондай ұлттардың бірі  – қарашай халқы. 1943 жыл. Карачаевск қаласының тұрғыны Әлі майданға аттанған, жұбайы қайтыс болған. Бұл кезде Әлінің үлкен ұлынан кейінгі қызы Фатима 13 жаста, Бекмырза 2-ге енді толған. Сталиннің Жарлығымен қарашайлар бір күнде вагондарға мал сияқты тиеліп, Қазақстанға күштеп көшірілді. Фатима өзімен бірге 7 бауырын жетелеп, туған жерді қимай, жылап-сықтап кете барды.
Олардың бір тобы Шу ауданындағы «Жданов» колхозына табан тіреді. Бұл кезде Ұлы Отан соғысында кескілескен ұрыс жүріп жатқанына 3 жыл болған. Тылдағы жұрт барлық тапқан-таянғанын майданға жөнелтіп, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған. Пейілі даладай кең, қонақжай қазақ халқы Фатиманы бауырларымен құшақ жая қарсы алады. Өзі де тар тоқал тамның бір бөлмесін босатып береді. Бар тапқан ас-ауқатын бөліседі. Кейін олар бірге туған бауырлардай болып кетеді. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді». Әкем Бекмырза және апайымыз Фатима Әліқызы қазақ бауырлардың сол кезде жасаған жақсылығы мен көрсеткен қамқорлығын егіле отырып еске алады. Әкем: «Бақыт деген ақшамен емес, еңбекпен, сыйластықпен және ынтымақпен келеді» деп айтудан жалықпайтын. Сондықтан да біздің барша жергілікті ұлт өкілдеріне деген құрметіміз әрқашанда айрықша. Кейін бәріміз орыс мектебін оқысақ та қазақ тілін замандастарымыздан артық білмесек, кем білмейміз.
– Сіздерді жолшылар әулеті деп атайды…
– Бұл сөздің жаны бар. Фатима Батчаева Шу ауданында және облыстық жол басқармасында өмір бойы бас бухгалтер қызметін атқарған. Аймақтың жол саласын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан. Әкем Шу қаласындағы жол пайдалану телімінде «КамАЗ» жүк көлігін жүргізген. 1999 жылы жол апатынан қайтыс болды. Анам Тұрсынхан автовокзалда ұзақ жылдар бойы кассир болып зейнетке шыққан. Ең үлкен ағам Рустамбек өткен жылы парапланмен ұшу жарысында апатқа ұшырады. Одан кейінгі ағам Батырбек бүгінде «Тараз көлік жолы» ЖШС-да менің орынбасарым болып жұмыс істейді. Сіңлім Мариям үйінде балаларын бағып отыр.
– Мектепте қай пәндерді жақсы оқыдыңыз?
– Шу қаласындағы Ленин атындағы орта мектеп мен үшін ерекше ыстық әрі қасиетті. Алгебра және әдебиеттен ұдайы үздік баға алатынмын. Менің бұл пәндерге деген құштарлығымды ұстаздарым Надежда, Эрна және Татьяна апайларым оятты. Бұл мұғалімдер өздерінің мамандығын терең меңгерген, шәкірттерінің жүректеріне жол тапқан ұстаздар еді. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде әлем, орыс және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын бас алмай оқыдым. Ой-өрісімнің кеңеюіне, қазақ халқының салт-дәстүрін жетік білуіме «Абай жолы» роман-эпопеясының әсері орасан болды. Омар Һайямның барлық рубаяттарын жаттап алдым. Пушкин, Блок және Есениннің өлеңдерін әлі күнге жатқа айтамын. Қазір де қолым босаса, кітап дүкендерін аралаймын. Өзіме ұнаған кітаптарды сатып аламын. Оларды уақыт тауып оқып шығуға күш саламын. Мектепте қоғамдық жұмыстарға да белсене араластым. Идеялық-саяси сектор ұйымының жетекшісі болдым.
SAM_1104– Келешекте кім боламын деп армандадыңыз?
– Арман алға жетелейді. Әркімге ниет еткен нәрсесі беріледі. Мектеп қабырғасында жүргенде мен үшін дүниеде мұғалімнен артық мамандық жоқ сияқты болып көрінетін. Осы мамандықты таңдауыма жоғарыдағы ұстаздарымның да ықпалы зор болды. Орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге тұрмыстық жағдай мүмкіндік бермеді. Шу қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде аспаз-кулинар мамандығы бойынша дәріс алдым. Қазір осы оқу орнына түскеніме қатты қуанамын. Мен мұнда жаны жайсаң, білімі терең, тәжірибесі мол білікті мамандарды кездестірдім. Әсіресе, өмірімде училище директоры Низами Мамедов үлкен із қалдырды. Алғыр, ұйымдастырушылық қабілеті мол, көпшілікпен ортақ тіл табыса алатын үлкен азамат өзіне лайықты көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Еңбекқорлық, табандылық және жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді мен сол кісіден үйрендім. Сол үшін ол кісіге алғысым шексіз. Низами ағамен қазір де әріптестік қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз.
– Еңбек жолыңызды қайда бастадыңыз?
– Менің кітапты көп оқитынымды білетін Низами аға училищені бітірген соң осындағы кітапханашылық жұмысты ұсынды. «Сүйген істің сүйініші көп». Маған тағы да кітапты көп оқитын мүмкіндік туды. Бұл кезде оларды талғап-таңдап оқитынмын. Кітапханада істеп жүріп Тараз мемлекеттік университетінің филология факультетіне орыс тілі және әдебиеті пәндері мамандығы бойынша оқуға түстім. Көп ұзамай училище басшылығының ұйғарымымен осы оқу орнында аспаз-кулинар мамандығы бойынша дәріс беруге ауыстым. Кімді де болса өзі өмір сүрген ортада еңбекқорлығы, кішіпейілділігі, адалдығы және елгезектігі абыройға бөлейді және мұратқа жеткізеді. Сабақ беріп жүрген мамандығымды жан-жақты игеруге ұстазым Наргиз Мамедова көп көмектесті, көп нәрсе үйретті. Бірқатар мұғалімдер шәкірттерін «оқымайды, тыңдамайды» деп кінәлап жатады. Сен оқушыларыңа өзіңді тыңдату және мойындату үшін терең білімді, өз ісіңнің білікті маманы болуға тиіссің. Өз пәнін жақсы білген, оған деген құштарлық сезімін оятқан мұғалімді шәкірттері сыйламай және тыңдамай тұра алмайды.
– Училищеде сабақ беріп жүріп, тағы бір жоғары оқу орнына түсіпсіз…
– Анам жас кезінде тұрмыс қиындықтарына байланысты жоғары оқу орнында оқи алмады. Ол маған мейірі түскен кезде: «Луиза, оқы және оқы», – дейтін. «Білімдінің жүзі жарық, білімсіздің жүзі көншарық» деп отыратын. Мен заң факультетін заңды терең білу үшін таңдадым. Әрбір адам, оның ішінде зиялы азаматтар, заңды жан-жақты білуі тиіс. Көп адамның қателікке ұрынып, жаза басуы – заңды білмегендіктен. Жас кезде бойыңа жан-жақты білім жинап алғанға не жетсін? Менің заң факультетіне оқуға түскім келді. Сол кезде ТарМУ-да оқып жүрмін. Басшымыз Низами Мамедов менің бұл ниетіме түсіністікпен қарады. Училищеде жұмыс істеп жүріп, көп ұзамай Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетін – үздік, ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін жақсы деген бағаға бітіріп, қос дипломға ие болдым. Қазір ойлаймын, «Низами аға сияқты абзал азамат болмаса, мен екі жоғары оқу орнында бір мезгілде қалай оқи алар едім» деп. Білікті маманға қай жерде болса да сұраныс жоғары. Мені көп ұзамай Шудағы «Алмаз» педагогикалық колледжінің басшысы мұғалімдік қызметке шақырды. Бір жылдан кейін осы оқу орнының декан лауазымына тағайындалдым. Отбасы жағдайымызға байланысты 2003 жылы Таразға көшіп келдік. Қаладағы №41 гимназияда орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Осында біраз жыл тұрақтап жұмыс істеуге тура келді. Ең бастысы, менің арманым орындалды. Училищені қосқанда 15 жыл мұғалім болыппын.
– Енді әңгіме арнасын отбасыңызға бұрайық…
– Осыны айтпай-ақ қойсақ болмай ма? Жоғарыда училище және Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетін – үздік, ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын жақсы бітіргенімді айтып кеттім. Өкінішке қарай, «отбасылық институттан» жолым болмады. Ерге шықтым, көңіліміз жараспағандықтан, онымен көп ұзамай ажырасып кеттік. Қазір бір ұлым бар. Аты – Мәлік. Биыл жаңа оқу жылында мектепке барады. Менің уақытым тым аз болғандықтан, оның тәрбиесімен анам Тұрсынхан айналысуда.
– Бос кезде немен шұғылданасыз?
– Ірі кәсіпорын басқаратын адамның бос уақыты өте аз болады. Жұмысқа ерте келіп, тым кеш қайтасың. Кейде апталап іссапарда жүресің. Осылардың арасында қолым қалт еткен кезде суға жүземін, тренажерлік залға барып, спортпен шұғылданамын. Кітап оқимын.
– Көркем әдебиетті көп адам ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту үшін оқиды. Оларды демалу үшін оқитындар да бар. Сіз осылардың қай санатына жатасыз?
– Бұрын, кеңестік кезеңде, көп оқу, әсіресе көркем әдебиетті көп оқу замандастарымыз арасында артықшылық саналатын. Қазіргі ұрпақ кітап оқығандарға күледі. Арамызда өмірінде бір кітап оқымаған азаматтарды да көріп жүрміз. Көркем әдебиеттің адамды рухани байытудағы маңызы орасан. Мен жүз кітап оқыған адамды рухани бай деп есептеймін. Кімге де болса әуелі рухани байлық керек. Мектепте оқып жүрген кезде бізді мұғалімдеріміз және ата-аналарымыз адалдыққа, шыншылдыққа, адамгершілікке және ізгілік қасиеттерге тәрбиеледі. Адамдар бір-біріне дос, бауыр деп ұрандатты. Ал шынайы өмірде оған кереғар нәрсе көп екенін көзбен көріп, ішпен біліп жүрдік. Адамдар арасындағы өршіп тұрған күншілдік, іштарлық, бақастық, екіжүзділік және өтірік-өсекпен күресудің және жеңудің жолы қандай? Менің жұдырықтай жүрегімді мектепте оқып жүргенде осы мәселелер қатты мазалайтын. Осы жұмбақ сауалдардың жауабын көркем әдебиеттерді оқыған кезде таптым. Әсіресе, Виктор Гюгоның «Тұл қалғандар» романын оқыған кезде өмірге деген нық көзқарасым қалыптасты.
Өнер, оның ішінде көркем әдебиет – өмірді өзгертуші күш. Көркем әдебиет – адам жанын рухани байытушы ғана емес, тәрбие құралы. Лев Толстойды әлем жұртшылығы не үшін төбесіне көтереді? Себебі, оның шығармаларының барлығы тұнып тұрған философия. Көзі қарақты оқырман оның шағын ғана «Бір жарым құлаш жер» және «Фархад» деген әңгімелерінен үлкен ой түйеді, тәубесіне түседі.
– Адамзат тіршілігінің мәні неде?
– Мына фәни дүниеде адам жаратылғалы бері кемеңгерлер мен көзі ашық, көкірегі ояу жандарды осы бір сұрақ әркез жиі мазалап келеді. Бұл сауалдың жауабын ата-бабаларымыз әлдеқашан айтып кеткен. Ол – адамдарға, жалпы, айналаңа жақсылық жасау, ізгі де қайырымды болу. Халқымызда: «Әлемді ізгілік қана нұрландырады», «Жамандыққа – жақсылық» және «Таспен ұрғанды – аспен ұр» деген қанатты сөздер осындай ізгі ниеттен туындаса керек.
– «Тараз көлік жолына» қалай келдіңіз?
– Жоғарыда апайым Фатиманың және әкем Бекмырзаның жолшы болғанын айтып кеттім. Менде олардың жолын қуамын, осы салада жұмыс істеймін деген ой болған емес. 2010 жылы осы кәсіпорынның бұрынғы басшысы Бауыржан Орынбеков заңгерлік қызметке шақырды. «Тәуекел» деп келісім бердім. Бірақ осында қалып, өндіріс басқарамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Кәсіпорынға жұмысқа орналасқан соң заңгерлік жұмыспен шектеліп қалған жоқпын. Басшылардың тапсырмасын орындай жүріп, серіктестіктің тірлік-тынысымен терең танысуға күш салдым. Бұл жұмыстарды тыңғылықты орындауға бұрын жинақтаған білімім мен тәжірибем көп көмектесті. 2011 жылы Бауыржан Орынбеков өз өтінішімен жұмыстан кетті. Әлбетте, оның орнына білімді де білікті маман керек болды. Ұжымның таңдауы маған түсті. Әріптестерің саған сенім артып, басшылық тізгінін қолға ұстатып отырса, одан бас тарту – өзіңді және өзгелерді сыйламау деп санаймын. Келісімімді бердім.
– Кәсіпорын тарихына тоқталсаңыз…
– «Тараз көлік жолы» ЖШС бұрынғы «ГорДорСтрой» мекемесінің базасында құрылған. Кәсіпорынның қала халқының игілігі үшін жұмыс істеп келе жатқанына 40 жылдан асты. Осында мекеме құрылғалы бері табан аудармай жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті мамандар да бар. Сондай атпал азаматтың бірі – асфальт және тас уату зауыттарын орнатып, олардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне зор үлес қосқан Әлім Құрманалиев осыдан екі жыл бұрын бақилық болды. Өндірістік-техникалық бөлім инженері Любовь Кудзева еңбек жолын осында бастап, жас мамандарды баулып, тәрбиелеуге сүбелі үлесін қосып келеді. Карьер бастығы Владимир Шемчугтың өндірісті өркендетуге сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Шаһарда жаңа жолдар салып, орта және ағымдағы жөндеуден өткізіп келген кәсіпорын өткен ғасырдың 90 жылдарының ортасында экономикалық қиындықтарға байланысты тығырыққа тірелді. Қала шаруашылығы үшін ауадай қажет өндіріс орны жабылып қалды. Оның базасында «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Бұрынғы кәсіпорын қала аумағында ғана жөндеу жұмысымен шектелсе, серіктестік осындай жұмыстарды енді облыс және еліміз аумағында жүргізеді. Оны іскер де ілкімді азаматтардың басқаруына байланысты материалдық-техникалық базасы біртіндеп нығая берді. Жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылды. Бүгінде серіктестік облыстағы әлеуетті әрі ірі кәсіпорынның қатарынан саналады. Байзақ ауданының аумағында тас уататын, шағал, құм, қиыршық құм шығаратын карьері бар.
– Көп салалы кәсіпорынның қандай артықшылығы бар?
– Өркениетті елдерде өндіріс басшылары өзінің шаруашылығын көп салалы етіп құруға күш салады. Өмір – алмағайып. Егер сіз бір өнім түрін ғана өндірсеңіз ертең оған сұраныс болмай, жабылып қалуыңыз мүмкін. Егер ол көп салалы болса, бір цех тоқтап, қалғандары жұмыс істеп тұрса, қиындыққа душар болмайсыз. Сондықтан да басшылар жолға қажетті құрылыс материалдарын өздерінде өндіруді ерте бастан қолға алған болатын. Бұрын олар басқа жақтан сатып әкелінетін. Оған жол шығыны қосылып, жөндеуге қыруар қаражат жұмсалатын. Әуелі кәсіпорында жол жиегіне орнатылатын бордюр, поребрик шығарылды. Асфальт ауламызда өндірілді. Бұған қоса бетон әзірлейтін желіміз бар. Шағал, қиыршық құм және құм карьерден жеткізіледі. Мұның өзі жол жөндеуге жұмсалатын шығынды бірнеше есе азайтуға мүмкіндік берді. Ондаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіпорын тапқан табысына жаңа техника алуды қолға алды. Соның нәтижесінде серіктестік облыс қана емес, республикадағы ірі кәсіпорынның біріне айналды.
– Сіз басқарған төрт жылда серіктестіктің әлеуеті артып, материалдық-техникалық базасы нығайды. Шағын және орта бизнес субъектісі орта бизнес субъектісі деген мәртебеге ие болды. Әлбетте, бұл айтқанға ғана оңай. Осы мерзімде өндіріске енгізген жаңалықтарыңыз туралы әңгімелесеңіз…
– Әр басшының өзіндік қолтаңбасы, басқару мәнері болуы тиіс. Қол жеткенмен шектелу, тоқмейілсу ертең тұйыққа тірейді. Өмір – үздіксіз қозғалыс. Сондықтан да ізденісімізді жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын құрдық. Таяуда Жаңатас қаласында асфальт зауытын орнаттық. Қазір біздің серіктестік қарамағында 5 асфальт зауыты бар. Олар келешекте толық қуатында жұмыс істегенде бір ауысымда 2000 тоннадан астам асфальт шығарылады. Қажетті материалды өздерінде өндіру – кәсіпорынға арзан түседі әрі үлкен тиімділік әкеледі. Бұрын «Тараз көлік жолы» жол белгілерін сырттан сатып алатын. Екі жыл бұрын арнайы цех ашып, оны өзімізде өндіре бастадық. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазір өзімізден артылған жол белгілерін сыртқа сатып, пайда табудамыз. Сатып алған жол таңбалайтын техникамыз да жұмысымызды жеңілдетіп, елеулі тиімділікке қол жеткізуде. Қысқасы, бүгінгі таңда бізде жол құрылысына қажетті 27 түрлі өнім өндіріледі.
– Қазақстан – мұнайға бай елдің бірі. Соған қарамастан, битумды әлі күнге сырттан тасымалдаймыз. Оны өзімізде өндіру аса қиын шаруа ма?
– Біз жол салу, жөндеу үшін битумды ғана сырттан әкелеміз. Ұзақ жылдардан бері оның қорлығы өтіп келеді. Жұмыс қызған жаз кезінде оның жоқтығынан жіпсіз байланып, апталап тұрып қалатын кезіміз де жоқ емес. Әлбетте, мұның өзі біздің ісімізді ілгерілетуімізге, кестеге сай жұмыс істеуімізге орасан кедергі келтіріп келеді. Қазір базамызда өнімнің осы түрін өндіруге алғышарттар жасалуда. Жоба жүзеге асса, бұл қиындықтан құтылар күн алыс емес.
– Әлемдік қаржы дағдарысы біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Мұның өзі еліміздегі құрылыс саласын қарқынды жүргізуге кедергі келтіруде. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір кәсіпорын және ұжымда жұмыс орнын сақтап қалуға ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде тұйыққа тіреліп, жұмысшыларын қысқартып жатқандар да бар. Ал сіздерде керісінше жаңа жұмыс орындары ашылып жатқаны қуантады…
– «Істің көзін тапқанға табыс көп» деген сөз текке айтылмаса керек. Серіктестікте 2011 жылы жүзден астам адам жұмыс істейтін, 90 бірлік техника бар еді. Қазір жолшылардың саны 300-ден, техниканың саны 200-ден асты. Оның 90 пайызы жаңа. Жаңа техниканың қол жұмысын азайтып, еңбек өнімділігін еселеп арттыратыны айтпаса да түсінікті. Біз жыл сайын тапқан табысымыздан 200 миллион теңгені өндірістегі негізгі қорды жаңартуға жұмсаймыз. «Тараз көлік жолы» ЖШС өзі құрылған 14 жылдан астам уақытта облыс және республика аумағында 460 шақырымнан астам жолды «сауықтырды». Оның ішінде тек 39 шақырымы жаңадан салынды. 257 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді, орта жөндеудің үлесіне 167 шақырым тиеді.
Аймақта кейінгі кезде жол салатын және жөндейтін компаниялар көбейіп келеді. Сондақтан да, мемлекеттік сатып алу конкурстарында құрылыс жұмысын уақытылы әрі сапалы жүргізетін мердігерлер ғана ұтып алады. Біз бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыс сапасын арттырудың барлық жолдарын үздіксіз іздестірудеміз. Мәселен, «Шиелі-Тайқоңыр» автомобиль жолын қайта жарақтандыру кезінде оның пайдалану мерзімінің ұзақтығы мен төзімділігін арттыру үшін жаңа қоспалар енгіздік. Химиялық «Полидор» және «Полибонт» қоспалары жолдың сапасын едәуір нығайтуға мүмкіндік берді.
– Көп ұжымдар маман тапшылығын бастан кешіруде. Ал сіздер…
– Серіктестікте тұрақты жұмыс істейтін білікті мамандар шоғырланған. Аға буын өкілдері өндіріске жаңадан келген жастарға өздерінің жинақтаған тәжірибесін жалықпай үйретеді. Соның нәтижесінде бізде кадр тұрақтамаушылық жоқ. Олардың жалақыларын да кезең-кезеңімен өсіріп келеміз. Қазір орташа жалақы 80 мың теңгені құрайды. Өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын, тапсырмасын тиянақты орындайтын жолшыларға тұрақты көмек көрсетіледі. Біз осындай азаматтарға жыл ішінде еңбек ақысынан бөлек үш рет сыйақы береміз. Жол салу кезінде олар тегін тамақпен және арнайы киіммен қамтамсыз етіледі. Денсаулықтарын түзету үшін жыл сайын 40 адамға тегін жолдама беруге күш саламын. Білімі мен тәжірибесін жетілдіру үшін қысқа мерзімдік курстарға жіберіледі.
– «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзінің маңызы өте терең. Сіздердің Сарысу ауданының экономикасын өркендету үшін оған 250 миллион теңге инвестиция құйғандарыңызға аудан ғана емес, облыс жұртшылығы ризашылығын білдіріп отыр.
– Аталған жоба – облысымыздың индустриялық картасына енгізілген 9 жобаның бірі. Осыдан үш ай бұрын Жаңатастың индустриялық аумағында Украинаның «Кредмаш» кәсіпорнында шығарылған қуаты сағатына 56 тонналық асфальт араластырғыш қондырғы және Ресейдің «Канмаш» АҚ шығарған, бір ауысымда 300 текше метр өнім шығаратын ұсақтау, сұрыптау кешенінің қондырғылары орнатылды. Оны аудан басшылығы инфрақұрылыммен қамтамасыз етсе, зауыт бүгін жұмыс істеп кетуге әзір. Мұның өзі Сарысу ауданының бюджетіне құйылатын салықтық түсімді молайтып, жаңа 40 жұмыс орнын ашады. Сарысу және Талас аудандарының тұрғындарын асфальт-бетон және инертті материалдармен қамтамасыз етеді. Аталған өндіріс орындары тұрақты жұмыс істеген кезде жол салу және жөндеуге кететін шығын едәуір азаяды.
– Сіздердің қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайтындарыңызды білеміз…
– Соңғы екі жылдың өзінде ғана қайырымдылық шараларына 100 миллион теңгеден астам теңге аудардық. Ол қаржы Тараздағы әлеуметтік нысандарды жөндеу және көріктендіруге жұмсалды.
– Биыл қолға алып, жүзеге асырып жатқан шаруаларыңызды айтсаңыз…
–  «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автомобиль жолын орта жөндеуден өткізудеміз. «Ақкөл-Қойгелді» автомобиль жолы осындай жөндеумен қамтылған. Белгіленген міндет орындалуға таяу. Біз жылына 600-700 миллион теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарамыз. Бұл біздің әлеуетімізге сай келмейді. Біздің жылына 2 миллиард теңгеден астам жұмысты игеруге мүмкіндігіміз бар.
– Алдағы мақсат-жоспар қандай?
– Келешекте ел игілігі үшін жүзеге асырылатын жобаларымыз көп. Ол үшін жергілікті билік және мелекеттен қолдау мен көмек қажет. Амандық болса, оған да куә болатын кез алыс емес.
– Сізді екі орденмен марапатталған дейді…
–  Қазақстанның ұлттық бизнес рейтинг ұйымы 2013 жылы «Құрылыс саласының көшбасшысы» және 2014 жылы «Жыл жетекшісі» ордендерімен наградтады. Бұл марапат мені жоғары жетістіктерге жетуге жігерлендіреді.

               Әңгімелескен
               Ақылжан МАМЫТ,
              «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support