«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сіз кітап сатып аласыз ба?

Сіз кітап сатып аласыз ба?
Қазіргі таңда жұрттың назары әлеуметтік желіге ауып, рухани азығын кітаптан іздейтіндер азайып бара жатқанын жасыруға болмайды. Жаһандық желіден тіпті сол кітапты парақтап оқып жатпай-ақ, аудионұсқасын тыңдай салуға да мүмкіндік бар. Дегенмен, бір қуанарлығы асыл қазына кітапқа сұраныс әлі де бар. Әлі де қалта телефонға телмірмей, кітапты жайлы жерде оқығысы келетіндер кездеседі. Біз бүгін сол кітапқұмар азаматтарға қызмет ететін облыс орталығындағы бірқатар кітап сататын дүкендерді аралап көрдік.

Ең алдымен Тараз қаласы, А.Пушкин көшесіндегі тарихы қырық жылдан кем соқпайтын «Букинист» кітап дүкеніне бас сұқтық. Бұл жерде үлкен бір бөлме кітап сатуға арналған. Оның іші рухани асыл қазынаға толып тұр. Көпшілігі орыс тілінде. «Орыс тіліндегі кітаптар ерекше сұранысқа ие болғаны ма?», – деген бір ой санамызды бір сілкіп өтті. Бірақ, дәл біз барғанда Мадина Жұмантаева деген кісі балаларға арналған қазақ тіліндегі бірнеше кітапты сатып алып тұр екен. Ол кісіні әңгімеге тарттық.

– 1986-1989 жылдары Жамбыл педагогикалық училищесінде оқып, білім алдық. Сол кезде құрбыларыммен осында жиі келіп кітаптар сатып алып оқып жүруші едім. Қажетті кітаптың барлығын осы дүкеннен табатынбыз. Әлі де сол үрдісінен жаңылған емес. Енді осы жерден немерелеріме кітап алып жүрмін. Кітапты сатып алатындар қазір де аз емес, – дейді М.Жұмантаева.

Дүкенді аралап жүрміз. Жинақылық бар. Мұнда әлем әдебиеті, қазақ балалар әдебиеті, оқулық кітаптар бөлек-бөлек қамтылыпты. Физика, химия пәндерінің және құстарға, тауларға, музыкаға арналған энциклопедиялар назар аудартады. қазақ ертегілері, Қазақ халық ертегілері көзімізге оттай басылды. Батырлар жыры да бар. Қазақтың классиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Мұзафар Әлімбаев, Қабдеш Жұмаділов, Ұлықбек Есдәулеттің кітаптары әлі де сұранысқа ие. Көңілімізге қонбағаны үш мыңға жуық кітаптың бірқатары сөреге емес, еденнің үстіне қойылған. Сатушылар оны кітаптың көптігімен, орынның жоқтығымен түсіндірді. Сатушы Әсия Сакулова:

– Бұл кітап дүкені бір кездері қала бойынша жалғыз еді. Көптеген оқырмандар өздері оқып қойған кітаптарын осында сататын болған. Менің істеп жүргеніме он жыл болды. Қазір ондай оқырмандар азайды. Кітап сатып алу бойынша Ресей және Алматы баспаларымен жұмыс істейміз. Кітап сатып алатындар әлі де бар. Қазір Тараз қаласында да өзге кітап сататын дүкендер ашылды. Оған қуанбасақ, ренжімейміз. Әр дүкеннің өз келушілері бар. Бізге де күніне кемі 30-40 адам келіп кетеді. Бір сөзбен айтқанда, кітапқа сұраныс бар, – деді ол.

Ал, тараздық ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Алмасбек Белботаевтың реніші тіпті бөлек. Ол: «Сәті түскенде кітап сататын дүкендерге барып тұрамын. Мейлі, «Букинист», мейлі «Шерхан Мұртазаның кітап үйі» болсын. Бір жанға бататыны – кітаптар неге жерде жатыр? Еденнің үстіне емес, сөреге реттеп жинап қоюға болмай ма? Сосын әр кітапты саласына қарай анықтап жазып қою, бір сөзбен айтқанда оқырманды сыйлау мәдениеті жоқ. Букинист дүкені деген – өзің оқып қойған бағалы кітаптарды сататын жер. Алматыда арнайы сондай букинист кітап дүкендері бар. Ал, бізде басқаша. Букинисте басқа жаңа кітаптар да көп сатылады. Негізі ол жерде бұрын оқылған, адамның қолының табы бар кітап сатылуы тиіс», – дейді.

Мұнан соң Шерхан Мұртаза атындағы кітап дүкеніне бардық. Мұнда, әрине, жақсы кітаптар бар. Түрік жазушысы Әзиз Несиннің, өзіміздің алыптарымыз Мұқағали Мақатаев, Оралхан Бөкей, Серік Ақсұңқарұлы, Күләш Ахметованың және басқа кітаптарды табу қиын емес. Бірақ, реттілік жоқ. Кіргеннен мектеп оқушыларына арналған оқулық кітаптар еденде шашылып жатыр. Әйтеуір, көркем әдеби кітаптардың сөреде тұрғанына шүкір.

Келесі барған жеріміз – «Оқырман» дүкені. Оны Қарағанды қаласында орналасқан «Қасым» баспасы өңірлердегі филиалы ретінде ашқан. Ашылғанына екі жылға жуық уақыт енді болса да мұнда келушілер баршылық. Себебі, мұнда оқырманның келуіне жағдай жасалған. Мәселен, тегін кітап оқып кетуге арналған 12 орын бар. Бір мезгілде 12 кісінің кітап оқып, рухани азық алуына болады. Мұнда да әлем және қазақ классиктерінің ең сұранысқа ие туындыларын кездестіруге болады. Кітап дүкенінің әкімшісі Гүлжан Әли: «Біздің Құрылтайшылармыз – Ерлан Әшім мен Арман Әлменбет. Қазақстанның 7 қаласында филиалдарымыз бар. Осында 130 кітап қазір орналасқан. Арасында Анна Каренинаның, Джек Лондон, Стефан Цвейг, Шыңғыс Айтматов және қазақ әдебиеті үздіктерінің таңдаулы кітаптары бар. Бізде келушілерге ыстық кофе сатылады. Бағасы да қымбат емес. Кітаптарымыздың бағасы 1200 теңге мен 7 000 теңге аралығында, – дейді ол.

Мұнан соң біз кітапқа құрметі жоғары бірқатар мейрамхана, сауда орындарына бардық. Мәселен, Әйтеке би көшесіндегі «Марвин» балалардың мектептегі оқуына қажетті заттарды және тұрмыстық, химиялық заттарды сататын дүкен. Бірақ, мұнда шамамен 800 кітап сыятындай кітап бұрышы бар. Дүкендегі Размат Абдузимов мұнда тәулігіне кемінде 50 адам келіп, кітапқа қызығушылық танытатынын айтады. Мұндай кітаптар Төле би көшесі мен Абай даңғылының қиылысындағы «GL0BAL» сауда орнында және Қаратай Тұрысов көшесіндегі «Аю» мейрамханасында да қойылған. Тіпті, былтыр осында жергілікті жастардың қызығып келетін «Авангард» кеші де ұйымдастырылды.

Бір сөзбен айтқанда, Тараз қаласында қажетті кітапты сатып алатын дүкендер баршылық. Тіпті, бірқатар сауда орындарының кітапты жарнамалауға құлықты екенін білдік. Тек кейбір дүкендердегі реттілік пен кітапқа деген құрмет қалпына келсе екен дейміз. Біз қаланы осы мақсатпен аралағанда әлі де әдеби кітаптардың оқылып жатқанына, жақсы дүниелер әрқашан оқыла беретінін сезіп, қуандық.

Ұқсас жаңалықтар