– Бейбіт Әліпбекұлы, дініміздегі құрбан шалудың үкімі қандай және құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
– Бисмилләһир-рахманир рахим. Баршамызды қасиетті Құрбан айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен Құрбан айттың келуімен құттықтаймын! Құрбан – араб тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері мыналар – Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп: мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы, негізгі қажеттіліктерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы (Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін ақша). Пайғамбарымыз хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан алып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деген. Алла Тағала разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қыл көпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қыл көпірден өтердегі өз көліктерің». Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».
– Ал, әйел адамдар өз алдына құрбандық шала алады ма?
– Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы өзіне ғана тиесілі, байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.
– Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері немесе талаптары қандай? Неге баса мән беру керек?
– Қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдардың еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып саналады. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу, құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару, құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу да аса маңызды. Құрбан шалу дұғасы: «Иә, Алла Тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр! Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса, Ханафи мазхабы бойынша ол малдың еті желінбейді. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.
– Құрбандық малы қалай бөлінеді және қалай үлестіріледі?
– Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Дегенмен, шалынған малдың етін түгелдей кедей, мұқтаждарға таратуға да болады. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісі кедейлерге, қайырымдылық қорларына беріледі.
– Бірнеше азамат бірігіп құрбан шалуға болады ма?
– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
– Ал дүниеден озғандардың атынан құрбандық шалына ма?
– Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ, мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек, егер қайтыс болған кісі өз атынан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін толығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алынып құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады. Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниетпен өз қаражатыңызға мал сатып алсаңыз оны құрбан айт күні немесе басқа кез келген уақытта шалуға болады. Мұндай құрбандықтың етін жоқ жітікке таратуға да, өз отбасыңызға да қалдыруға болады.
– Көпшілік қауым арасында туындап жататын тағы бір сұрақ, қазіргідей қымбатшылық қысқан уақытта дәл осы қасиетті мерекеде қарыз алып құрбан шалуға бола ма?
– Егер бір адамға құрбандық шалу уәжіп болса, алайда қолында ақшасы болмаса, қарыз алуы міндетті. Ал егер оған құрбан шалу уәжіп болмаса, өзі мұқтаж адам болса, оған құрбандық шалу үшін қарыз алу дұрыс емес. Өйткені, Алла Тағала пенделеріне шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді. Ол туралы Алла Тағала Құранда былай дейді: «Алла ешбір жанға күші жететінінен басқаны жүктемейді».
– Қазіргі таңда онлайн құрбан шалу деген жаңа үрдіс пайда болғанын білесіз, осы қаншалықты дұрыс?
– Мұсылманның онлайн құрбан шалуы шариғатымызға қайшы емес. Онлайн Құрбан шалатын адам басқа адамды өз атынан уәкіл етіп тағайындайды. Яғни, оған құрбандық ақшасын беріп, малды сатып алуға және оны бауыздауға уәкіл ету арқылы онлайн құрбан шалған болып табылады.
– Ен салынған малды құрбандыққа шалуға болады ма?
– Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді. Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілдері көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады. Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жырылған немесе құлағы тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шала береді. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді. Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.
– Қанша жерден «Саудаласу – сүннет» десек те, осы қасиетті мерекеде малдың бағасын әсіре қымбаттатып жіберу қаншалықты дұрыс?
– Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасаған болатын. «Біз қашанда өзгелерге қайырымдылық жасап, айналамызға шуағымызды төгіп, үлкендердің алғысы мен батасын алып, өсіп-өнген елміз. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген. Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік», – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы. Қазіргі таңда нарықтағы мал бағасының құрбан айт қарсаңында, мереке күндерінде де сақталуын Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының өкілдері, имамдар үнемі айтып жүр. Шариғатта да халыққа әдейі қиындық жасауға тыйым салынған. Біз мал сатушылардан бағаны қымбаттатпауды үнемі сұраймыз. Өйткені, халықтың қалтасына ауыр келетін бағаны әдейі қою – шариғатқа қайшы. Саудагерлерден нарықтағы бағамен мал сатуды сұраймыз. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі. Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдарыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай!
– Әңгімеңізге рақмет!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
«Бір күндік той үшін мың жылдық дәстүрді бұзып алмайық»
- 9 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді