– Ермек Амангелдіұлы, бүгінгі таңда елді мекен маңайындағы жайылым жердің тапшылығы ауыл тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп келеді. Оны өзіңіз де аудандарды аралау барысында естіп, біліп жүрсіз. Осы мәселенің шешімін табу мақсатында қандай жұмыстар қолға алынды? Әңгімеміздің әлқисасын осыдан бастасақ.
– Халық тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі, өзіңіз айтқандай жайылым. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сай көп жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі де жайылым мәселесін тұрақты аппарат отырысының күн тәртібіне қойып, талдап отырады.
Жалпы аймақта қолда бар мал басын ұстауға болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3,6 миллион гектар алқапты құрайды. Ал елді мекен маңында 741 мың, орман қоры жерінде 1,7 миллион, босалқы жер қорында 942,5 мың гектар жайылым орналасқан. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызын алып жатыр.
Мемлекетіміздің «Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста 3,6 миллион бас мал бар. Оның ішінде мүйізді ірі қара 453,2, қой-ешкі 3 миллион 55 мың, жылқы 151 мың, түйе 7 мың басты құрайды.
– Ақыры жайылым мәселесін сөз еткен екенбіз, қазіргі таңда қанша гектар жайылым жер жетіспейтіндігін дөп басып айта аласыз ба? Жайылым жерлерді анықтау, қайтару бағытында жүргізген талдау нені көрсетті?
– Биыл жайылым жетіспеушілігін анықтау мақсатында облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде елді мекендерге 683 мың гектар жайылым жетіспеушілігі анықталды. Бұл жетіспеушілікті жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт қарастырылған. Атап айтсақ, ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтару бағытында екі жылда 50,1 мың гектар жер бекітілді. Мал басы көп тұрғындардың төрт түлігін орман қоры жеріне шығару ұйымдастырылды. Орман қорындағы 1,1 миллион гектар жайылымға 247 мың мал басы шығарылуда. Шаруа қожалықтар мал азығын дайындап алғаннан кейін шаруашылық жерлеріне кедергісіз мал жаюға бағытталған арнайы меморандумға қол қойылды. Көлемі 515,5 мың гектар алқапты құрайтын 2095 шаруа қожалықпен осындай меморандум жасалды. Сондай-ақ, мемлекеттік орындалуы тиіс бағыттардың бірі – игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару.
Қазақстан Республикасы Президентінің пайдаланбай жатқан және Қазақстан Республикасы заңнамасын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасына сәйкес, өңірде 2021 жылы жалпы жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі, яғни JERINSPEKTOR порталы арқылы 415,8 мың гектар алқаптың игерілмегені анықталды. Тексеру нәтижесімен 129,5 мың гектарға мал басы қайта тіркелді. 31,6 мың гектар жер учаскелерінің иелері қайтыс болып кеткендіктен ол жер телімдері қайта рәсімделді. 254,7 мың гектар жер учаске иелеріне нұсқама берілді. Нәтижесінде жоспар бекітіліп, жоспарға сәйкес 2022 жылы 201,1 мың гектар, 2023 жылы 201,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, яғни жоспар 101 пайызға артығымен орындалып отыр.
– Анықталған бос жатқан егістік жерлерді айналымға қосу қалай жүргізілуде?
Биылғы жоспар 80 мың гектар болып бекітіліп, 6 айдың қорытындысымен 33,0 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлерді өңірдің экономикасын дамыту мақсатында және жерлердің бос қалмауы ескеріліп, қайта айналымға енгізілуде. Жалпы қайтарылған егістік жерлер конкурс арқылы сұранысқа сәйкес берілуде. Өткен жылы 16 конкурс ұйымдастырылып, 66,1 мың гектар алқап, атап айтқанда 7,2 мың гектар егістік, 58,4 гектар жайылым айналымға енгізілді. Биыл Талас ауданында 87 гектар егістік қайта айналымға енгізіліп отыр.
Кәсіпкерлік мақсатта 68 жер телімі аукционға шығарылып, 164,9 миллион теңгеге бағаланып сатылды. Негізінен қайтарылған жерлердің ішінен елді мекенге жақын орналасқан жайылым алқаптары ауылдарға бекітіліп берілуде. Жалпы, 2021 жылы елді мекен жайылымы 363 мың гектар болса, соңғы екі жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесімен 741 мың гектарды құрап, екі есеге ұлғайған. Жайылым жетіспеушілігі 683 мыңнан 164 мың гектарға дейін төмендеген.
– Жайылым мәселесін шешу бағытында қандай шаралар қолға алынуда, оның нақты шешімі бар ма?
– Жайылым мәселесі күнделікті бақылауда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық ауылдық округтердің жайылым қажеттілігі қайта талданып, өзекті деген 42 ауылдық округпен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. Бұл округтердің мал басы нақтылануда. Мал басының өсіміне қарай жайылымға қажеттілік және жерлерін кеңейту шаралары қабылданатын болады.
Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес әрбір ауылдық округ бойынша аудан әкімдіктері жайылымдарды пайдалану тәртібі мен схемасын екі жыл мерзімге бекіткен. Аталған схемалардың мерзімі аяқталуына байланысты биыл қоғам өкілдерімен келісіліп қайта әзірленіп, бекітілу жұмыстары жүргізілуде. Аталған заңда жайылымдарды пайдалану тәртібі мен схемасы аудандық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімімен 5 жылға бекітілу көзделген.
Сонымен қатар, осы заңда қоғамдық жайылым көлемін ұлғайту мақсатында ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма бекітілді. Бұл норманың басты мақсаты негізінде жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттері кеңейтілді. Басты мәселе тұрғындар төрт түлігін жылдың төрт мезгілінде де және барлық малды ауылда ұстауы болып отыр. Осыдан барып елді мекендер маңындағы жайылымдардың жетіспеушілігі туындауда. Осының салдарынан жайылым жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып, халықтың наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде көтерілуде.
– Сіздің ойыңызша жайылым мәселесін шешудің бұдан басқа қандай жолдары бар? Сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Елді мекен маңындағы жайылымдарды қорғау мақсатында мал басы көп тұрғындардың малын алыс мал жайылымдарына шығару тетігін Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес және «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің және оның аумақтық бөлімшелерінің ережелерін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы №644 бұйрығын қайта күшіне енгізуді ұсыныс ретінде айтар едім.
Әрбір тұрғынның ауласында көктем, жаз, күз мезгілдерінде сауынды 3-4 бас (сиыр, бие) мал ұстауға, қалған малды (МІҚ, жылқы, қой, ешкі) Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес бекітілген ауыл сыртындағы жайылымдарда жайып ұстауды бекіту және оны үйлестіруші орган ретінде ауыл әкімдері, қадағалаушы орган ретінде ветеринария және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аудандық және қалалық бөлімшелерінің мамандарына жүктеуді қарастыру қажет. Бұл мәселені қазірден қолға алмасақ, малды жайып бағу дұрыс ұйымдастырылмағандықтан елді мекендер маңындағы жайылымдарға жүктеме шамадан тыс артып, бұл жерлер деградацияға ұшырайды.
Еліміздегі жер қатынастары эволюциялық түрде, яғни уақыт пен заман талаптарын ескере және мәселенің пісіп-жетілуі ырғағын сақтай отырып бірте-бірте дамытылу үстінде. Ол халық шаруашылығы салалары арасында жерді дұрыс үйлестіруді, қоғамға керек ауыл шаруашылық өнімдерін толық алуды, топырақтың құнарлылығын сақтау және жүйелі түрде жоғарылатуды көздейді. Дегенмен мемлекет иелігіне қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу қашанда басты назарда.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
«Жазушының міндеті – халқының құндылықтарын ұрпаққа жеткізу»
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді