«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Элизаға арналған пьеса

Элизаға арналған пьеса
ашық дереккөз
Элизаға арналған пьеса

(әңгіме)

Махаббат Майданқызының «Читай!» деген үнінде 8 «а»-ның оқушыларын бір тарының қауызына сыйдырып жіберетіндей бір ерекше күш бар. Алла тағаламызға ең жақын Жәбірейіл періштенің өзі хақ пайғамбар Мұхаммед салаллаһу уәссәлемге «Оқы!» деп алғаш рет бұйырған кезде де дәл өстіп тәкәппарсымаған шығар-ау. Ал біздің апай болса мектеп директорының әйелі екендігін арқалана ма, әйтеуір бізге «Оқы!» деп шәңк ете қалған кезде «Жаратқан Раббыңның атымен оқы» деген періштеден бетер апшымызды қуырады. Сол күні қызық болды. Түсінен шошыды ма, әлде «Читай!» деген сөзден басқа да жиған-терген білімі бар екенін білдіргісі келді ме, әйтеуір, ұстазымыз «төбесінде ноқаты бар «и»-ден басталатын оңған сөз жоқ»* деп салды. Болса болсын, болмаса бордай тозсын. Маған салса осы пәннің мүлде болмағаны жақсы. Өйткені Владимир Галактионович Короленконың «Зағип музыкантының» туа бітті көрмей қалған көзіне 8 «а»-ның ең момын оқушысы мен кінәлідей өте ұзақ әңгімені «Читай!» деп шәңкілдегені аздай, «Выучить наизусть!» десе қайтем? Сондықтан «төбесінде ноқаты бар «и»-ден басталатын сөз жоқ болса одан әрмен» деп бұғып отырғанымда, мұғаліміміздің балталасаң да бұзылмауға тиіс тұжырымын сыныптың жындысүрейі атанған Жылқыбай быт-шыт қылды да тастады. Басқа мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің «тәртібі» қандай екенін білмеймін, ал біздікінің аузынан шыққан әр сөз әскери қолбасшылардың бұйрығы сияқты талқылауға жатпайды. Міне, осындай «автократқа» Жылқыбай тілінен қағынып: – Нью-Йорк ше? – дегені. Өзін сыртынан «Читай!» деп атайтын оқушыларына ызалы мұғаліміміз ашуға булыққан кезде кішкентай мұрнының кеңсірігі қусырылып, беті қуқыл тартып кететін. Бұл жолы да солай болды. Бет әлпетінің бозаңданып бара жатқанын білдіргісі келмегендей: – Кемелбеков, сен келтірген мысалда «Йорк» сөзі екінші боп тұр, – деді. Махаббат Майданқызының кіп-кішкентай мұрнының астындағы оймақтай ауыздан «Читай!» деген бұйрық шықса болды жамбасына қамшы салдырмай-ақ қаздаңдап қоя беретін қара есегім сияқты мәтін атаулыны самбырлап оқи жөнелетін құлақкесті құлдардың бірі болғандықтан «төбесінде ноқаты бар «и»-ден» басталатын сөз жоқ» деген тұжырымға құлдық ұрып отырғанымда, Жылқыбайдың «білімдарлығы» айтабақтай бетімді біреу ұстарамен осып жібергендей ду еткізді. «Осы сөзді мен неге білмедім екен, ә?». Директордың әйелі болғанмен, ұстазымыз да ет пен сүйектен жаралған пенде. Оның да артық-кем айтуы мүмкін. Оның да ұят-аят деген сезімдері бар. Міне, соған тас атып, қаздай шулатқан Жылқыбай тілін тартар емес. – Олай болса, Йоркшир деген ит бар. Демалыс күндері кекілі көзіне түскен құйтақандай итті құшақтап жүретін «Читайдың» төзімі осы араға дейін-ақ жетті. – Кем-ел-бек-ов! Махаббат Майданқызы танауы қусырылып, беті тозаңданып, долдана бастаған кезінде оқушыларының ата-тегін осылайша бөліп-бөліп, нығырлай айтатын. – Мен саған «төбесінде ноқаты бар «и»-ден басталатын дені сау сөз қазақ тілінде жоқ дедім ғой. Оқушылардың ойын бөлмей, шық, қане, сыныптан! Ұстазымыз айтқанынан табанда тайқып шыға келді. Біз «үлкен адам да екі сөйлейді екен-ау» деп, демімізді ішімізге тартып, тым-тырыс, таңғалып отырмыз. Осы қолайсыздықты сезген болуы керек, ұстазымыз да тұтыға тоқтап қалды. Жылқыбай болса «Читаймен» бұдан ары қарсыласудың өзіне мысқалдай да пайда бермейтінін сезіп, партасын тарс-тұрс еткізіп орнынан тұрды да, еденді дүңк-дүңк басып сыртқа шығып кете барды. Кетіп бара жатып мұғалімін тағы бір шымшыды. – Махаббат Майданқызы, неміс тілі пәнінің мұғалімі Йосеф Ицхоктың аты-жөнін айтпағанда, түбі бір түркі тілінде «Йогурт» деген сөз де бар. Сабақ жайына қалды. Бүкіл сыныптың ойын быт-шыт қылған бір әріп Махаббат апайымыздың да бетін қып-қызыл етіп тынды ақыры. Ол беттің қай жері бояудың, қай жері ұяттың қызылы екенін ажырата алмай мен отырмын. Жылқыбайға да қайранмын. «Ойпырмайдың білгіші-ай. Шындап іздесе «төбесінде ноқаты бар «и»-ден басталатын сөздер де ошарлы елдей өте көп екен-ау» деп қоям ішімнен. Егер мұғаліміміз «қане, балалар, «қысқа «и»-ден» басталатын қандай сөздерді білесіңдер?» десе, Жылқыбай бастаған оқушылар миларына жиған-тергендерін қал-қадерінше ортаға салғандай-ақ екен. Өйткені олар «Йошкар-Ола», «Йога», «Йод», «Йодамарин» деп, бір-бірімен сыбырласа бастаған болатын. Бірақ менің ойымнан Жылқыбайдың бөлмеден жұлқынып шығып бара жатып айтқан сөзі кетер емес. Бұл жындысүрейдің әкесі Танабай-Таңқаш та «жер бауырлап жылжып бара жатқан жыланның еркек-ұрғашысын ажырата алам» дейтін атақты бәлеқордан еді, мына баласы да мән-жайы беймәлім мәлімдемесімен Майданқызының есіне бір сойқанды сап кеткені анық. Ол сойқан – аты-жөні төбесінде ноқаты бар «и»-ден басталатын Йосеф ағайда жатқан сияқты ма, қалай? Түртінектеп жүретін Жылқыбай соны біліп қойған-ау, сірә. Тарих пәнінің мұғалімі Балтабай ағай «кез-келген соғыстың өз мақсаты мен мүддесі болады» деуші еді. Мына төбесінде ноқаты бар «и»-ге тұтқиылдан жасалған «шабуылдың» астарында да 8 «а» сыныбының можантопайларына беймағұлым бір сыр бұғып жатқан сияқты. Бірақ өрмекшінің торына тап болған шыбындай қанша бұлқынғанымен менің бұл ойым бостандыққа шыға алмай, басым ба, кеудем бе, әйтеуір, «анатомиямның» бір тұсында алашапқын боп жүрді де, көп ұзамай «жантәсілім» етті. *       *       * Қайдан тапқанын білмеймін, қайсыбір күні Жылқыбай кеңес өкіметін орнатуға қатысқан қызыл әскерлердің мылтықтарының ұшында шошайып тұратын семсерді тауып ап кепті. Музейден ғана тамашалайтын таңсық зат қой, кәдімгідей қызықтап, қауқылдастық та қалдық. – Мәссаған, жәдігер деп, міне, осыны айт! – Мұның мылтығы қайда? – Әкем полицияға өткізіп жіберді. «Жоғалтып алдым» деп тығып қоймағанымда бұдан да айырылатын едім. «Қара базардың» нарығымен мұны кем дегенде мың долларға сатуға болады. Жылқыбай маңғазданды. Мен қару-жарақты қашаннан да жақтыра бермейтіндердің сортынанмын. Бұл «қате тисе, қара құман да қауіпті» деп, анамның кішкентай кезімнен құлағыма құйып қойған ақылының әсері шығар. Әлде, қару атаулыға деген жеккөрініш Жылқыбайдың ай-шай жоқ «Атайын ба!?.» деп, кеудеме мылтық кезеген сәтінде пайда болды ма екен? Бұдан бір жыл бұрын ба екен, қала сыртынан ататын аң таппай ерігіп келе жатқан Жылқыбай маған «Атайын ба?!» деп мылтық кезенгенде, мен «Қойсаңшы» деп шегіншектей бергенімде омбы қарға шалқамнан түскем. Сөйткенше болған жоқ ол мені мылтығымен гүрс еткізді. Өлген деген осы шығар деп ойлағам. Жоқ, кеуде қуысымды мекендеген үргедек балапандай жүрегімді тоңмойын біреу кеп темірдей қолымен шеңгелдей ұстап, мытып-мытып жібергендей екі есті халден айығып қарасам, Жылқыбай бетіме үңіліп тұр. Түрі түр емес, оңып кеткен шүберек. Тілі де күрмеліп қалған. – Ме-ме-мен, – дейді кекеш адамша, – сенің а-а-я-ғың-нан е-е-кі метр алыс а-а-алып атып ем, се-се-секіріп кетті ме, саған ти-іп кете жаздады... Орнымнан тұрып, тоныма жабысқан қарды қағып жатып қарасам мылтықтың ұңғысынан ұшқан бытыралар аяғымның түбіне шашырай түсіпті. Сол жолы Жылқыбай екеуміз «қала сыртындағы аң аулау» деп аталатын «серуеннен» екі бөлек қайтқанбыз. Енді, міне, мектепке қайдағы бір семсерді әкеп тұр. Әлде Йосефтің музыкант әкесінің көзін ағызып жіберген жендеттердің соғыс жылғы найзалы мылтығын есіне түсіріп, жанын жаралағысы кеп жүр ме? Бұл жындысүрейден ондай да шығады. *       *       * Неміс халқының қилы-қилы тарихымен, олардың Гете, Кант, Шиллер сияқты алыптарымен «таныстырамын» деп біраз жерге барып қайтатын Йосеф Ицхок деген ұстазымыз Бетховен бастаған ұлы композиторлардың ауылына да бір соқпай көңілі көншімейтін. Өнерді өліп-өшіп сүйетін адамдар әпенділеу бола ма, сабағын «Моцарттың, Бахтың, Штраустың кім екенін кейін атақты өнер иесі болған кездеріңде мойындайсыңдар» деп аяқтайтын. Балаларының әкім, министр сияқты шенеуніктердің қатарында жүргенін қалайтын біздің ата-аналарымыздың арманымен мүлде санаспайтын. Оның үстіне, біздің арамыздан Бах тұрмақ, Паганинидің деңгейіне жетсем дейтін талаптыны да таппайсыз. Тіл мен жағына сүйенген Жылқыбай «Сенатор болам» деп қояды. Бірақ Сенаттың төрінде сіресіп отыру үшін қай оқуға түсіп, қандай мамандықты жетік білуі керек екені ойында жоқ. Менің миыма ата-анам бала жастан «Әкім болам» деген арманды құйып қойған. «Ұшқыш-космонавт» болам дегенімде жылап-сықтап жүріп райымнан қайтарған. Өйткені Юрий Алексеевич Гагарин** мен «Колумбия» SNS-107*** шаттлының қаза тапқан экипажының қайғылы тағдырынан хабардар ата-анам тұрғанда маған өзіміздің қаладағы тікұшақтың штурвалына отыру да арман шығар. Міне, біздің 8 «а» маубастарының топастау келген осындай бет-бейнелерінен әлемдік деңгейдегі бекзат мәдениет пен өрелі өнерге жаны құштар ұлы мәртебелі музыканттардың болмыстарын қайдан көріп, қайдан танитыны жұмбақтау еді Йосеф ағайымыздың. Бір күні Жылқыбай тыныш отырмай Йосефтің жасы жетпістен асқан әкесін «нысанаға» алды. – Йосеф мырза, – деді Жылқыбай құйтұрқы сұрақ қояр кездегі әдетінше көзін сығырайтып, – сіз осы сабақ сайын «О ғажайып Бах, шіркін Штраус, уа, ұлы Бетховен!» деп аузыңыздан су ағып, тамсанасыз да отырасыз. Ал сол ұлыларды тудырған немістеріңіз қаншама Йосефтерді атып, қаншама Ицхоктарды тірідей отқа жақты. Өтірік десеңіз айтыңызшы, әкеңіз бір көзінен не үшін айырылды? Бір аяғы қайда қалды? Соғыс Йосефтің ең жек көретін тақырыбы болатын. Ал Холокост тұтқындары туралы айтпақ тұрмақ, есіне де алғысы келмейтін. Жылқыбайдың әкесі Танабай-Таңқаштың айтуынша, жендеттер Йосефтің атасы Ицхокты кішкентай кезінде қолды аяққа тұрмай жүгіре берген соң тірсегін семсермен қиып тастапты. Ол іріңдеп, шіруге айналған кезде аяқты тобықтың тұсынан мүлде кесіп тастаған. Көзінің тарихы да осыған ұқсас: бала неме ата-анасын іздеп жылай берген соң, жеңін түріп алған бір жендет семсерін сермеп қап, қарашығын ағызып жіберген. Йосеф «Читай!» құсап ашу шақыра ма деп ек, өйтпеді. «Шық, сыныптан!» деп те шәңкілдемеді. Құрт тескен өкпесі шаншығандай кеудесін ұстап, қабағын түйіп біраз тұрды да, сыныптан шығып кетті. Сынып ішінде ұшқан шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнады. Бірақ шыбын жоқ еді. Сондықтан өлі үнсіздікті оқушылардың демдері ғана бұзып тұрды. Сабақтан да сән кетті. Сыныптағы пысықтау деген бір топ оқушы «Бітеу жарасының аузын тырнап нең бар?» деп, Жылқыбайға шүйлікті. Сәлден соң Йосеф қайтып келді. Бетін жуған сияқты. Өйткені маңдайына түсіп тұратын бұйра шаштарының ұштары дымқылданып қапты. Бетін жуғанын «жылағанын білдіргісі келмегені» деп түсіндік. Бірақ қып-қызыл болып кеткен көзі бәрін айтып тұр. Йосеф сол үндемеген күйі сөмкесінен бір дискіні алды да оны үстелінің үстінде тұрған компьютерге салып, сырт еткізіп тетігін басты. Сол сол-ақ екен, өлі тыныштыққа ұйыған сынып ішінде бір ғажайып әуен жәйлап қалықтай бастады. Біз үн-түнсіз тыңдап отырмыз. Басқа уақытта болса онша мән бермес пе ек, бірақ Жылқыбайдың сұрағынан кейін жаралы жолбарыстай алай-түлей күйге түскен ұстазымызға жақтас екенімізді білдіргіміз кеп ерекше әуенді ерекше ықыласпен тыңдауға кіріскен түр танытып отырмыз. Фортепьяноның құдіретті үні сонау өткен ғасырлардан Людвиг ван Бетховеннің өзі келіп Элиза деген аруға арнаған жырын музыканың мұңлы тілі арқылы баяндап жатқандай сезілген. Жүректері нәзік қыздардың көздері жасаурап кетіпті. Тіпті, жындысүрей атанған Жылқыбай да әлдебір ой құшағында. Бетховен біткен кезде Иоганнес Брамстың әуені шалқыды. «Әуен деп, міне, осыны айт!» дегендей, бір-біріне қарап бас изесіп отырған оқушылар бір сәт ұлы композитордың «Бесік жырына» тербелсе, келесі кезекте «Венгер биінің» әсеріне құйынша үйіріліп, билегілері келген. Ал Иоганн Себастьян Бахтың «Айлы түн» деп аталатын сазы жүректердегі меймілдеп тұрған тұп-тұнық сырдың шәт-шәлекейін шығарғандай еді. Йосеф ағайымыз әлдекімге ерегіскендей компьютердің дыбыс ұлғайтқышын мейлінше қатты шығарып қойған. Әуелі еден тазалайтын апай сыныбымыздың есігін бір ашып, қарап кеткен. Екінші болып «Читай!» апайымыздың кішкентай мұрны көрінді. Одан кейін еңгезердей директорымыз Құлан ағай есікті ашып, ол да біраз қарап-қарап тұрып кетті. Бірақ неміс тілі пәнінің мұғалімі олардың ешқайсысына қараған да жоқ, кешірім де сұрамады. Дәл қазір оның ойы сонау Еуропада, баяғы соғыс болып өткен далалар мен қалаларда еді. Көз алдында, бәлкім, бауырлары бастан кешкен қасіретті ішіне бүккен Холокост тұрған шығар түнеріп. Әйтеуір, Йосеф ағайдың әлемтапырық түрі есіктен сығалағандарға «Князьдар болған, олар жүздеп, мыңдап әлі де бола береді. Бірақ Бетховен жалғыз, ол тек қана біреу!» деген ұлы музыканттың сөзін қайталап тұрғандай еді. «Бірде Бетховен мен Гете гүл өсіретін жылыжайды аралап жүріп, нөкерлері мен сарай қызметшілерінің қоршауында келе жатқан Франция королімен қарсы жолығып қалады. Гете бір шетке шығып, корольге иіліп тағзым етеді. Ал Бетховен болса сарай қызметшілерінің тобын қақ жарып, қағып-соғып өте шығады» дейтін ұстазымыз Йосефтің қырсықтығы да бір басына жетерлік. Өйткені «жер бауырлап жылжып бара жатқан жыланның еркек-ұрғашысын ажырата білетін» Жылқыбайдың бәлеқорлау әкесі Танабай-Таңқаш «сендердің Йосефтерің мықты, «фортепьяноңды даңғырлатып, мондолинаңды шиқылдатып бизнесмен құдамның көңілін көтеріп берші» деген мектеп директорымен қатты сөзге келіп қалыпты» дейтін. Аты-жөні төбесінде ноқаты бар «и»-ден басталатын ондай «қырсықты» мектеп директорының сұлуы Махаббат Майданқызының жақтырмауы да, әрине, қисынды. Біз тура бір сағат бойы сиқырлы саз әлемінде қалықтадық та жүрдік. Музыка да бітті, қоңырау да соғылды. Бірақ ешкім орнынан қозғалған жоқ. Әшейінде улап-шулап сыртқа ұстаздан бұрын тұра жүгіретін оқушылар парталарына жабысып қалғандай, ауыр ой үстінде. – Музыкалары бүкіл халықтың қазынасына айналған мына композиторларды мен қалайша неміс халқының нағыз ұлы перзенттері деп айта алмаймын, а?! Ал соғыста хабар-ошарсыз кетіп, сүйектері әлі күнге дейін қай жерде жатқаны белгісіз қазақтардың обалына қалған және менің еврей дейтін халқымды қорлаған Гитлердің жендеттерін «фашистер» деп неге айтпаймын?!. Аты-жөні төбесінде ноқаты бар «и»-ден басталатын ағайымыз автоматтың оғынан сынған әйнектер сыңғыры мен тас төселген түнгі көшеде жан даусы шыға шыңғырған еврейлер мен мәңгілікке көз жұмып бара жатқан раввиннің ыңырсыған үнін естігендей қабағы қатуланып барып, тұрып қалды. Сөзін жалғыз Жылқыбайға емес, жалпымызға арнағаны көрініп тұр. Бірақ Жылқыбай кінәсін мойындағандай жүзін төмен салып, мөлиіп отыр еді. Оның ұзынтұра бойы тапалдау келген мұғалімнің алдында кенет құмырсқадай боп кішірейіп кеткен. Басқа оқушылар болса Людвиг ван Бетховеннің Элиза деген белгісіз аруға арнаған пьесасынан алған әсерлерінен әлі де айыға алмай, тілдері күрмеліп қалғандай тым-тырыс. *       *       * Арада көп уақыт өткен жоқ, әкесі полиция бөлімшесіне өткізіп жіберген мылтықтан қалған семсерді Жылқыбай фортепьяноға айырбастады. Ағаштары мен клавиштері жалт-жұлт еткен күйсандық саусақ тисе болды күмбірлей жөнелейін деп тұр. Жылқыбайдың үйі үй емес, консерваторияға айналып кеткендей: дың-дың, шың-шың... Оның соңы неше түрлі ырғақтарға ұласып, құйқылжып барып демін алған желдей тына қалады. Сосын тағы да... Фортепьянода ойнап жатқан ғайыптан тайып Астанадан келген белгілі музыканттардың бірі емес, өзіміздің кәдімгі Жылқыбай екенін ойлағанда жәйлап қана жымиып қоямын. Оның рогатка, мылтық, қорғасыны қолақпандай сақаға үйренген қолындағы жуантық саусақтарының нәп-нәзік клавиштермен қалай достасып кеткеніне таңмын. Сосын «Адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп кеткен Абай атамыздың көрегендігіне риза болам. Жылқыбай қазір жалғыз емес, қасында Йосеф ағайы бар. Ол да Жылқыбайды жаһан мойындаған музыка шебері етіп шығармаққа серт еткендей күніне екі рет сабақ беріп кетеді. Мектеп директорының құдалары үшін скрипкада ойнаудан бас тартқан өр кеуде Йосефтің Жылқыбайдай шәкіртінің алдында «Ләббай, тақсыр» деп иіле қалғанына қайранмын. Мен, әрине, фортепьяноға жақындай алмаймын. Ару қыздың аппақ тістеріндей қаз-қатар тізілген клавиштерге саусақтарымның ұшын тигізуге де жүрексінемін. Бірақ «Элизаға арналған пьеса» мен «Айлы түнді» тыңдағым келе береді. Сондай нәзік дүние бір. Бір күні Жылқыбайдың үйіндегі кезекті сабағынан кейін Йосефтің үйіне келдік. Әкесі әңгімесін бастады. Ицхок атай әңгімесін ешқандай әлқиссасыз, яғни күтпеген жерден, бейне бір басталып кеткен кино сияқты орта тұсынан бастап кете беретін. – Люси мен Толиктің анасы украин қызы болатын. Бірде жергілікті полицай кеп «Гала, сенің күйеуіңнің немістерге қарсы соғысып жатқаны маған мәлім, ол ендігі гитлершіл талай солдатты жер жастандырған шығар. Демек, әкесі үшін балаларының жауап беретін уақыты да жетті. Ертең оларды тоғайдағы алаңқайға алып кел» деді. Гала Хиценко байғұстың басында ешқандай жаман ой жоқ, «азар болса жұмысқа жегер» деп полицайдың «кел» деген жеріне айтқан уақытында балаларын қаздай тізіп алып барды емес пе. Ары қарай фашистердің бүлдіршіндерге істегенін ойлаудың өзі қорқынышты. Ицхок атай темекісінің түтінін шұбалаңдата үрлеп, ойланып отырып қалды. – Таң атып келе жатқан кез етін. Өңкей өрімдей балаларды тоғайдың бір алаңқайына алып келіп, сап түзеген автоматшы-жендеттердің қарсы алдына қаз-қатар тізіп тұрғызып қойды. Тоғайдың іші балалардың жылаған, шыңғырған дауыстарынан қалтырап кеткендей болды. Небары сегіз жастағы Люси бес жастағы інісі Толикті бауырына басып «Ағатайлар, жіберіңдерші, біздің өмір сүргіміз келеді!» деп, үлкен кісідей жылап, жалбарынып жатыр. «Атпаңыздаршы, ағатайлар!» деп жан дауыстары шыға жылаған балаларға жүрегі мұз боп қатып қалған адамдар ғана қару кезенетін шығар... Әңгімеші қарт сөніп қалған темекісін тастап, жаңасын тұтатты. – Кейін білдім, атылатынын естіген балалардың шаштары қарт адамдардың шаштарындай ағарып кетіпті... Темекісін үсті-үстіне бұрқыратқан қарт еврей тұңғиық ойға шомған. Ойындағы қайғы-қасіреттің бәрін запырандай құсып тастағысы келетін сияқты. – Көрші ауылда еврей туысқандарымыз тұратын. Бір сұмдықтың жақындап келе жатқанын білген менің әкем оларға шығысқа қарай жылжуды ескертті. Бірақ неміс тілі мен мәдениетін жақсы білетін Мира атты жеңешем саяси белсенділігіне басып, әділдікке сенетінін айтып, «Немістер – мәдениетті халық. Олар біз сияқты бала мен бидай өсіріп отырған халыққа қарсы ешқашан мылтық кезенбейді» деп көшпей қойды. Еһ... Йосефтің әкесінің қабағы дірілдеп, езуі бір жағына қарай қисайып бара жатты. Енді болмаса жылап жіберетіндей. – Сол Мираны да баласымен қосып жүздері шіміркпей атып тастады. Неміс тілін жақсы білетін Мира атып тастағанша «Құдайым-ай! Иисус пен Марияның атымен жалынып, жалбарынамын, сіздер дихан халықты атпауға тиіссіздер» деп жылады. Бірақ жендеттердің бір офицері жерде еңіреп жатқан Мираның бетін етігінің табанымен басып, жамбасындағы тапаншасын шығарды да, мысқыл аралас күлкісімен шаштары қобырап, еріндері көгеріп кеткен ананың аласұрған жүзіне жирене қарап тұрды да атып тастады. Шал қаншасыншы темекісін тұтатқанынан жаңылдым. – Сөйтіп фашистер Мира жеңгей мен баласы Зяманы және етікші Иошпаның сұлу қызы Риваны, оның інісі Изаны да атты... Айтпақшы, сұлу Рива фашистердің аяушылық сезімін оятқысы кеп үміттенді ме екен, скрипкасымен «Элизаға арналған пьесаны» сұңқылдата тартпасы бар ма?!. Бірақ қайдан... ол да ұшты. Скрипканың да, Риваның да жандары жай тапты... Бұған дейін біздің деревняның басты байлығы – достық болатын. Ауылдастарымыз немістер еді, олар бізді «еврейсіңдер» деп кемсітпейтін, тіпті, неміс әжелеріміз үйлеріне шақырып, ас-суымен бөлісетін. Адамгершілік жайлы ертегілер айтып беретін. Біз, міне, сондай аяулы немістерді көріп өскен балалар гитлершіл жендеттердің әлгіндей хайуандықтарын көріп, есімізден танып қалғандай болдық. Әділдік, адамгершілік, мейірімділік дегеннің бәрі ойдан шығарылған өтірік екен деп қалдық. Өйткені Гитлердің жендеттері соның бәрін өздерінің қатыгездіктерімен жоққа шығарып тастаған еді. Бізде үн жоқ. Үн қатпақ тұрмақ Йосефтің әкесінің неміс жендеттерінің семсері тиіп ағып түскен көзіне қарауға дәтіміз бармайды. Осыны сезді ме Йосеф: – Әке, балалардың үрейін алмаңыз. Біз қазір жендеттермен емес, жасампаз, жампоз неміс халқымен мақтанамыз. Солай емес пе, балалар? – деп саңқ ете қалды. – Бастиан Швайнштайгер, Томас Мюллер деген футболшыларын айтып отырсыңдар ма? – Олар да таланттар ғой. Бірақ біз немістердің ұлы композиторларының шығармаларын фортепьянода ойнауды үйреніп жүрміз. – Жөн екен. Йосефтің әкесі ойланып отырып қалды. --------------------------- *«Й» – орыс тілінде: «и» с краткой», қазақ тілінде: «қысқа «и». Әліппені үйреткен алғашқы ұстазымыз бізге ұғынықты болсын деді ме «төбесінде ноқаты бар «и» деп түсіндірген. **Юрий Алексеевич Гагарин 1968 жылғы 27 наурызда МиГ-15ТИ ұшағымен оқу-жаттығу сабағы кезінде Владимир облысының Киржачскі ауданына қарасты Новосело деревнясының маңында апатқа ұшырап, өмірден өтті. *** «Колумбия» SNS-107 шаттлы 2003 жылы 1 ақпанда апатқа ұшырап, бортындағы 8 ұшқыш-космонавт қаза тапты.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар