- Advertisement -

Өңір кәсіпкерлері бәсекеге қабілетті

104

- Advertisement -

IMG_2844Облыс орталығындағы   «Тараз-Арена»  спорт кешенінде  «Қазақстанның  үздік тауары-2015» өңірлік көрме-байқауы  өтті. Кәсіпорындар  жұмысының  белсенділігін арттыру, отандық тауарлардың  сапасын жақсарту, нарықты бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтуды көздейтін дәстүрлі  байқауды  облыстық  кәсіпкерлер  палатасы  облыс  әкімдігімен  бірлесіп  ұйымдастырды. Бұл іс-шараға Тараз қаласынан және облысымыздың әр ауданынан 53 кәсіпорын қатысып, өз  өнімдерін  ұсынды.  Байқауға    облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысып,  сөз сөйледі.
Ол  өз сөзінде Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында 2050  жылға қарай шағын  және орта бизнес  Қазақстанның  ішкі жалпы өнімінің кемінде 50  пайызын өндіріп, еңбек өнімділігін қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін немесе  5  есе арттыруды міндеттегенін айта келіп, кәсіпкерлерді бәсекелестікке дайын болуға шақырды. Себебі, Дүниежүзілік  сауда ұйымына  мүше болу – арқаны кеңге салуды көтермейді. Рас, мемлекеттік индустриялды-инновациялық бағдарламаны іске асыруда облысымыз жақсы нәтижелерге  қол жеткізді. Абдалы Тоқбергенұлының айтуынша, тек қана  «Бизнестің  жол картасы-2020»  бағдарламасы аясында өңірімізде қолға алынған  маңызды жобаларға барлық қаражат көздерінен 49,5  миллиард теңгеге қолдау  көрсетілген.
IMG_2814Облыстық  кәсіпкерлер палатасының  директоры Қарлығаш Аралбекова 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі сапалы өнім өндіру арқылы тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген кәсіпорындардың бәсеке алаңына айналғанын айтады. Расында, фойеде қаз-қатар қойылған  қойылған кәсіпорындардың өнімдеріне қарап, осыған көз жеткізгендей болдық. Әсіресе, Астанада Елбасымыздың қатысуымен   «Қазақстанда жасалған»  жобасы бойынша   өткен    форумға қатысып қайтқан Әділхан  Қадырбаев басқаратын  «Қадырбаев»  жеке кәсіпкерлігінің тондары  жұрт назарын  аударды. Шу ауданы «Айшот» ЖШС-нің айран, қаймақ өнімдері, Қордай ауданындағы «Ара-Тау»  жеке  кәсіпкерлігінің бал   өнімдері, Жамбыл ауданы «Орақбай» шаруа қожалығының көкөніс дақылдары да жиналғандар тарапынан жақсы бағасын алды. Ал нарықта бұрыннан танымал «Қазфосфат» ЖШС, «Жамбылгипс» АҚ, «Жамбыл цемент өндірісі компаниясы» ЖШС секілді алып компаниялар  және енді танылып жатқан «Гуль И.М» кондитер цехы, «Зам-зам» шаруа қожалығының ұсынған өнімдері – өңірімізде өндіріс саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын айғақтағандай.
Байқауда арнайы  тағайындалған қазылар алқасы үш аталым бойынша  жеңімпаздар мен  жүлдегерлерді анықтады. Сонымен,  «Өндірістік  мақсаттағы  ең үздік тауарлар» аталымы  бойынша «Қазфосфат» ЖШС жеңімпаз деп  танылса, жүлделі екінші  орынды тараздық  «Ғимарат-Темірбетон» ЖШС иеленді. Мойынқұмдағы  Хантау цемент зауыты – үздік үштіктің қатарында. Бұл аталым  бойынша жеңімпаз  және  жүлдегер кәсіпорын басшыларын облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев  марапаттап, арнайы сертификат  табыс етті.
«Халыққа арналған  ең үздік тауарлар» аталымы бойынша тараздық  кәсіпорындар аудандардан  келген  әріптестерінің жеңіске  жетуіне  мүмкіндік  бермеді. «АрайСтройМаркет» ЖШС жеңімпаз атанып, жүлделі  екінші орын «Энерджи-Тараз» ЖШС-на бұйырды. Тараз қаласын гүлмен көмкеріп  жүрген «Жасұлан-Флора» ЖШС жүлделі  үшінші орынды иеленді. Бір айта кететіні –  «АрайСтройМаркет» ЖШС  Таразда  тойланатын  Қазақ Хандығының  мерейтойына  ерекше үлестерін қосып, қаланы абаттандыру-көріктендіруге атсалысуда. Ал «Энерджи-Тараз» ЖШС облыс орталығының  бес көшесін жарық шамдарымен қамтып,  игі істен шет қалмай, азаматтық танытып отыр.
«Ең үздік  азық-түлік тауарлары» аталымы  бойынша жеті түрлі өнім өндіріп, 370  адамды  жұмыспен қамтып отырған тараздық   «Та-Мак» ЖШС  жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші  орын  «Бурный ірімшік» зауытына   берілсе, Тараздағы  «Аханов» жеке кәсіпкерлігі жүлделі  үшінші орыннан көрінді.
Үш аталым  бойынша жеңімпаз атанған  кәсіпорындар Астанада  өтетін  «Қазақстанның үздік тауары -2015» республикалық байқауына қатысатын болады. Ол байқауда да жамбылдық кәсіпкерлердің  мерейі  үстем, көңілдері асқақ болатынына сенім мол.

Есет Досалы,
«Ақ  жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support