- Advertisement -

Туризм табыс көзіне айналсын десек

83

- Advertisement -

өңірде табиғи қорық пен ұлттық саябақ құру қажет

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерінің ең негізгілерінің бірі азаматтардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғат байлықтарын тиімді пайдалану болып отыр. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан шаралар қолданылып жатқанына қарамастан, еліміздің экологиялық сауықтырылуы бойынша жұмыстардың  нәтижелілігі  әлі де жеткіліксіздеу.
Тектік, экологиялық, ғылыми, мәдени-ағартушылық маңызға ие табиғи кешендер мен нысандардың табиғи қалпында сақталуы мәселелері мемлекеттік органдардың басты назарында ұсталынуда.
Қазіргі айрықша қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі елімізде бұдан 85 жыл бұрын қалыптастырылған еді. Оның құрамына 10 мемлекеттік табиғи қорық, 12 ұлттық саябақ, 28 мемлекеттік  табиғи қаумал, 79 табиғи ескерткіш кіреді. Аталған аумақтардың жалпы көлемі   10107,4 мың гектарды (бұл еліміз аумағының 3,48 пайызы) құрайды екен.
Мемлекеттік табиғи қорықтар мен ұлттық саябақтар жүйесі, әсіресе, 1992 жылдан бастап қарқынды дамытылу үстінде. Осы аталған уақыт ішінде республикалық маңызға ие 4 қорық, 10 ұлттық саябақ, 7 мемлекеттік табиғи қаумал және жергілікті мәні бар 3 табиғи ескерткіш орны құрылды. Еліміз аумағында ұлттық саябақтар жүйесі сонау сексенінші жылдардың басында қалыптаса бастағаны белгілі. Оның алғашқысы Павлодар облысының Баянауыл ауданында құрылды. Оның құрылуына жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қалпына келтіру мен сақтау қажеттігі негіз етілді.
Бүгінде еліміздегі табиғи қорықтар мен ұлттық саябақтардың орналасуы да біркелкі емес. Негізінен  олардың басым бөлігі Алматы, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары аумағында шоғырланған. Қызылорда мен Маңғыстауға бір-бір қорық, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарына бір-бір ұлттық саябақтан тиесілі. Бес облыста мүлде жоқ. Біздің облысымыз да осы шоғырда.
Еліміздің экономикалық даму қарқынының өсуі мен табиғи қорларды пайдаланудың белсенді сипат алуы жағдайында аймақтық табиғат қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру өте-мөте өзекті болып отыр. Бұл жағдай алдағы уақытта еліміздің айрықша қорғалатын табиғи аумақтарды мемлекеттің биологиялық алуан түрлілікті сақтаудағы жанды жүйесі ретінде дамыту қажеттігін айқындай түсті. Таяу жылдарда тағы да Тарбағатай, Ұлытау, Меркі ұлттық табиғи саябақтарын құру күтілуде. Біздіңше, ұлттық саябақтардың ашылуы мұнымен де шектелмеуге тиіс. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес.
Бұл тұрғыда елімізді дамытудың стратегиялық бағдарламасында Қазақстан 2030 жылға дейін саф ауасы, мөлдір суы бар таза да жасыл елге айналуға тиістігі атап көрсетілген. Міне, бұл мақсатқа жетудің тиімді жолдарының бірі айрықша қорғалымдағы табиғи аумақтардың оңтайлы жүйесін құру болып табылады.
Өңіріміздегі осындай қорғауға ділгір нысанның бірі – Билікөл көлі. Көлдің суы кемерінен төмендеп, «Химпром» зауытының бақылау тұйығынан қалдық сулардың Аса өзені арқылы  келіп құйылуынан  ластануы, бұрындары кездесетін балықтың 30 түрінің бүгінде 3-4 түрі ғана қалғандығы тұрғындарды алаңдатып отыр.Жергілікті ғалымдар мен экологтар көлді төніп келген қатерден қалай құтқарудың жолдарын іздестіріп көрді. Көл дәл бүгін биологиялық жолмен тазартуды қажет етеді. Әрине, бұған біраз қаражат қажет. Билікөл тағдыры қазір мемлекет пен инвесторлар қолдауына тікелей байланысты. Сондықтан тез арада қажетті қаржы іздестіріліп, айдынға өңірдің «меруерт алқасы» атанған байырғы даңқы қайтарылуға тиіс. Қайтарып қана қоймай,  оның инфрақұрылымын жасап, заманауи демалыс аймағына айналдыратын мезгіл жетті.
Рас, бүгінде біздің облысымызда «Берікқара», «Қарақоңыз», «Андасай», «Үмбет» мемлекеттік табиғи қаумалдары жұмыс істейді. Аталған қаумалдарды қоса есептегенде, жалпы облысымыздың жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі бай әрі алуан түрлі. Өңірде өсімдіктердің үш мыңнан астам түрі кездеседі. Аңшылық аумақтарының жалпы көлемі 13,9  мың гектарды құрайды. Бұл жерлерде жан-жануарлардың 40-тан астам түрі тіршілік етеді.   27,8 мың гектар аумақты алып жатқан, 81 айдыннан (оның 59-ы жарамды) тұратын балық шаруашылығы қорының да игілікке жарары анық.
Сондай-ақ, Сарысу ауданындағы тұз кен орны өндірісшілерді қазірдің өзінде айрықша қызықтырып отыр. Ондағы тағамдық және техникалық тұз қоры 10 миллион тоннаны құрайды. Міне, осы тұз өнімін сумен шайып өңдеу жолымен  ешқандай да йодпен байытуды қажет етпейтін ас содасын алуға да болады. Шу мен Сарысу бойы бірнеше табиғи газ-кен орындарымен де танымал.
Облыс аумағында барлау жұмыстарының нәтижесінде екі бірдей емдік минералдық су көзі бары анықталған. Оның бірі – Меркіде, ол тәулігіне  0,518 мың текше метр шипалы су өндіру әлеуетіне ие. Сондай-ақ, Ұзынбұлақ-Арасанда химиялық құрамы бойынша минералдық суға жақындау жерасты суларының мол қоры бары белгілі болып отыр.
Елімізде тәуелсіздікке қол жеткізуімізбен байланысты туристік қызметті реттеу мен тарихи, мәдени мұраларымызды жаңғырту ісінің ірге негізі қаланғаны белгілі. Еліміз бойынша аталмыш саланың қалыптасып, дамуына сараптама жасау барысында турфирмалардың басым дені шетелге саяхатқа шығуды ұйымдастырумен айналысып, бұл бағыттағы қаражаттың шетелдер қазынасын байытуға кететініне көз жеткіземіз. Шоп туризм ел қазынасына да елеулі түрде кері әсерін тигізбек.
Осы орайда «экологиялық туризм» ұғымының сөздік қолданысымызға енгізіле бастағанын да атап өтуіміз керек. Бұл – тек табиғи қорық немесе ұлттық саябақ бойынша серуен-сейіл құру ғана емес, адамның табиғатпен қарым-қатынасын жақсарта түсерлік экологиялық ағарту  ісі түрінде жанды табиғатты қорғауға оң ықпалын тигізеді. Өкінішке қарай,  Батыста жаз айларын табиғат қойнында тамаша өткізудің мұндай әдісі кең таралғанмен,  экотуризм бұрынғы КСРО құрамында болған елдер азаматтары үшін аса танымал да емес. Бұл Табиғат-Анамен шынайы қауышу түріндегі айрықша  әсерлі саяхат. Әсіресе, жас ұрпақты елді, жерді сүюге тәрбиелеу ісіндегі маңызы зор. Экотуризм туризм индустриясының жылдам  дамушы секторына да айналып үлгерді. Аздаған салым салу арқылы аз ғана уақыт ішінде мол табыс табуға мүмкіндік береді. Адамдар үшін де қызықты да белсенді демалыс түрі. Саяхатшылар бағыттары негізінен тұмса табиғат аясымен өтеді. Осы саладан күреп табыс тауып жатқан елдер де бар. Өкініштісі сол, еліміздің, оның ішінде облысымыздың экологиялық туризм үшін орасан зор әлеуетті мүмкіндігі бола тұра, бұл сала кенжелеумен тұр.
Жалпы, туризм —  демалыс-cауықтыру шарасының ең белсенді түрі, өсер ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралдарының да бірі. Өкінішке қарай, бүгінде тәрбиешілер мен сынып жетекшілері өз жұмыс жоспарларында туристік-өлкетанушылық қызметке аз көңіл бөледі. Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы мен оның аудандық құрылымдық бөлімшелері әзірге тек Батыс Қазақстан облысында ғана бар.  Ал еліміздің өзге өңірлеріндегі ахуал көңіл көншітерліктей емес. Оны тек әкімдер ғана өзгерте алады.
Елімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясында алға қойылған меже биігінен көрінудің бірден-бір жолы айрықша қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін құру болып  табылатынын жоғарыда айттық. Еліміздегі мұндай аумақтар көлемі ЮНЕСКО-ның талаптарына сәйкес дәл қазіргі күйінен ең кемі екі есеге ұлғайтылуы тиіс. Бұдан шығатыны, қорықтар мен ұлттық саябақтар әрбір облыста ең болмағанда бір-бірден құрылуына қол жеткізуіміз керек. Біздің облысымыз да осы санатқа жатады. Айрықша қорғалатын табиғи аумақтар жүйесінің «мәйегі» дерлік, алайда бірде-бір табиғи қорығы, ұлттық саябағы жоқ облыстар елімізде жетеудің үстінде екен.
Осымен байланысты облысымызда, оның ішінде Меркі мен Т. Рысқұлов аудандарының таулы аумақтарында бір қорық және бір ұлттық саябақ құру өте-мөте қажет. Бұл – қажеттілік әрі уақыттың да талабы деген ойдамыз.
Туризм арқылы түсетін кіріс көзінің қомақты бөлігі бүгінде айрықша қорғауға алынған табиғи аумақтарға қайтарылады. Туризмнен түскен табысты жергілікті қазынаға құйып, инвестиция көзі ретінде пайдаланудың тиімділігі мол. Осы арқылы тұрғындар туризм көл-көсір пайда әкелетінін де түсінетін болады.

Асқар Тайшыбеков,
ТарМПИ биология кафедрасының доценті,
Евгений КРАВЧУК,
ТарМПИ-дың 4-курс студенті.
Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support