«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Туысқан екі ел арасында кедендік шекара болмауы тиіс»

«Туысқан екі ел арасында кедендік шекара болмауы тиіс»
ашық дереккөз
«Туысқан екі ел арасында кедендік шекара болмауы тиіс»

Қырғызстан мен Қазақстан мемлекеттік шекараларының ашылу салтанатында Елбасы осылай деді 20387dbd3eedec5710e8c44f7610ebf1Кеше Қазақстан  Республикасының «Қордай» және  Қырғыз Республикасының «Ақжол» кеден  бекеттерінде Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасының ашылу рәсімі өтті. Шекараны ашу туралы өкімді Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев телекөпір арқылы шығарды. Екі елдің  Мемлекет  басшылары Қазақстан-Қырғыз шекара учаскесінде кеден бақылауын алып тастау рәсіміне  Ыстықкөл  жағасындағы  Шолпан-Ата қаласында Ш.Айтматов атындағы «Рух-Ордо» мәдениет орталығының аумағында ұйымдастырылған онлайн-трансляция арқылы қосылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрші  елдің  Президенті Алмазбек  Атамбаевты және қырғыз халқын ЕАЭО аясында кеден бақылауының алынып тасталуымен құттықтады.  IMG_3665 – Құрметті Алмазбек  Шаршенұлы,  құрметті  қырғыз  халқы. Екі  ел арасындағы  кедендік шекараның  алынуымен  шын  жүректен  құттықтаймын! Бірнеше  жылдан бері қырғыз  мемлекеті Еуроазиялық  кедендік одаққа  кіру  үшін үлкен  дайындық  шараларын  жасады. Қазақстан жағы қырғыз елін әр уақытта қолдап, көмектесіп  отырды. Туысқан  екі  ел  арасында кедендік  шекара  болмауы  тиіс, халқымыздың қарым-қатынасы,  сауда-саттығы бұдан да жоғары  болуы  керек. Соңғы жылдарда Қазақстан Қырғызстанға 1,5 миллиард доллар инвестиция салды, 50 бірлескен кәсіпорын құрылды. Екі жақты ынтымақтастық жоғары деңгейде өтуде. Бүгін  де біз ферроқорытпа  зауытын  салуға екі  жақтап  әрекет  жасауға  келістік. Ыстықкөлге  туризмді  дамыту үшін, оған  қазақстандықтарды  көптеп  тарту үшін төте жол салу мәселесі, келешекте электр  қуатын, су пайдалануда кедергілер болмауы қаралуда. Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа  кіруі  бизнесті  дамытуға,  сауда-саттықты  арттыруға серпін  береді.  Осыған байланысты Қырғызстанды ЕАЭО-ға кіруімен құттықтаймын, - деді Мемлекет басшысы. IMG_3923Өз кезегінде  Қырғызстан  Президенті Алмазбек  Атамбаев та баршаны мемлекеттік шекараның ашылу салтанатымен құттықтады. – Мен үшін  бүгін  шоң  сүйініш.  Мемлекет  басшыларының арасында  тек  Орта Азия  ғана  емес,   дүниежүзілік  деңгейде  мойындалған  көсем  Нұрсұлтан  Әбішұлының  қасында біздің еліміз   үшін   тарихи  оқиғаға куә болудамын. Бұған  Нұрағаның  өзі  келіп  қатысуы – үлкен  мәртебе. Жасыратыны  жоқ,  біздің еліміз  ішкі  жалпы  өнім жағынан  Қазақстаннан  көп  қалып  қойды. Енді  қазақ  бауырлармен  қатар дамудың жолын таңдап, жарқын  болашаққа  бірге барамыз  деп  сенемін.  Жалпы,  түркі  тілдес  елдер арасында  ең  жақын екі ел болса, ол – қырғыз  бен  қазақ.  Екі халықтың  қарым-қатынасы  бүгінгі  шайттай  ашық  күндей  кіршіксіз  болсын, – деді Алмазбек Атамбаев. Сонымен, Шу  өзеніндегі  көпір   үстіндегі  екі  елдің «Қордай»  және «Ақжол»  кеден  бекеттері ресми түрде ашылды. Бұл рәсімге Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Қырғыз Республикасының  Премьер-Министрі Темір Сариев,  Жамбыл  облысының  әкімі  Кәрім Көкірекбаев,  екі елден тиісті  ведомстволардың  басшылары  тікелей қатысты. Телекөпір басталғанға дейін Н.Назарбаев пен А. Атамбаев екі жақты келіссөз жасасты. Келіссөз аясында инвестиция, өнеркәсіп, жол құрылысы және трансшекаралық өзендер ресурсын пайдалану саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар мәселелер талқыланды. Содан кейін екі  елдің  үкімет басшылары  Президенттерге  кедендік  бақылауды алып  тастау  рәсіміне толық    дайындығы  жөнінде  мәлімдеп,  оны  атқаруға  рұқсат  берулерін  сұрады.   Рұқсат  берілген  бойда екі тараптағы  шлагбаумдар  ашылды. Осымен мезетте облыс аумағындағы көрші  елмен  716 шақырым  шекараны қамтитын «Қарасу», «Ауқатты», «Сортөбе», «Сыпатай  батыр», «Айша бибі»  автомобиль  және «Меркі»  темір жол кеден бекеттерінің  де  жұмысы  тоқтатылды. Енді Қордайдағы кеденшілер  жаңа  қызмет  орындары – Шығыс  Қазақстан  облысындағы  Қазақстан-Қытай  шекарасына  аттанады. Бұған  дейін олар жұмыс істеп  келген  ғимараттағы жұмыс орындары және  ондағы кедендік техникалар – автокөлік  құралдарын  электрондық есепке  алу жүйесі, жолаушылардың жүгін рентгендік  тексеру жабдықтары, көлік  құралдарын сканерлеудің инспекциялық тексеру кешені, жолаушылардың  бойынан  тыйым  салынған  заттарды анықтаудың  сканерлеу жүйесі, радиациялық  бақылаудың  автоматтандырылған  жүйесі  тәрізді осы  замандық бақылау  жабдықтары  Мемлекеттік  қауіпсіздік  қомитеті Шекара қызметінің құзырына  беріледі. 12 тамыз – Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалдық одаққа қосылу (ЕАЭО) туралы шарт күшіне енген күн ретінде тарихта қалатыны анық. Ал Қырғыз елі осы күннен бастап Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресеймен қатар Одақтың  бесінші толыққанды мүшесіне  айналады. Жалпы, Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі туралы шартқа өткен жылы желтоқсанда Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық  кеңес отырысында қол қойылғаны мәлім. Шартқа сәйкес ол депозитарий дипломатиялық арналар бойынша елдердің ратификациялау туралы мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған сәттен бастап күшіне енуі тиіс  еді. Өткен аптада Қазақстанда Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы бойынша барлық ратификациялық рәсімдер аяқталып,  тиісті құжаттар пакеті мен Қазақстанның нотасы ЕЭК-ке жіберілген  болатын. Бірнеше айға созылған ресми рәсімдер кеше аяқталды. Енді Мемлекеттік шекарада кедендік бақылаулар болмайды. Шекарада кедендік бақылауды алып тастау әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді, сонымен бірге, өзара тауар айналымын ұлғайтады. Бүгінге  дейін мемлекеттік шекараның қазақстандық-қырғыз учаскесіндегі өткізу бекеттері жаңа жағдайда жұмыс жасауға әзірлікке  келтірілген  болатын. Қырғызстан Қазақстан үшін Кедендік одаққа мүше елдер арасында географиялық жағынан жақын әріптес болмақ. Белоруссия мен Ресей өзара жақын орналасқаны белгілі.  Ал Қырғызстан Қазақстанға жақындау. Бұл Кедендік одақтың өз ішіндегі тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан алсақ та оның тиімді тұстары аз емес. Қырғызстанның Кедендік одаққа енуі алдымен баға нарығына жағымды әсер ететіні анық. Мәселен, Қытай және басқа да елдерден енген тауарлар Кедендік одақ аймағына тиімді бағалармен тарауы мүмкін. Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы – ықпалдастық жақындасу жөніндегі үлкен бірлескен жұмыстың қорытындысы. Әрі Қырғызстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Тауар, капитал, жұмыс күші айналымындағы барлық кедергілер алынады. Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер пайда болады. Сондай-ақ, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Қырғызстан азаматтары Одаққа мүше кез-келген елде сол мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежеде жұмыс істей алатын болады.  Қырғызстанның қосылуы Одақтың ішкі қуатының артуына тың серпін береді. Қырғыз экономикасының ЕАЭО-ға ойдағыдай интеграциялануы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толықтай жауап береді. Қырғызстан шекарасының ашылуы осыдан 20 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған интеграциялық бастаманы дамыту жолындағы маңызды қадам деуге де болады. Бұл – бәріміз көптен күткен,  стратегиялық маңызы бар оқиға. Ортақ нарық көкжиегінің кеңеюі, бәрінен бұрын, қарапайым халыққа пайдалы. Ендігі  бір мәселе кедендік  шекараның ашылуынан ішкі нарықтағы бәсекенің  күшейетіндігіне келіп тіреледі. Қырғызстанның  арзан тауарлары көптеп еніп, нарықтағы  бәсекелестікті тудырады. Екі ел арасындағы тауарлардың еркін ағымы біздің отандық  тауар  өндірушілерге  де үлкен  сын  болмақ. Ал бұл жағдай елімізде шағын және орта бизнестің сапалық тұрғыда дамуына үлкен серпін береді дейді мамандар. *     *     * Екі ел арасындағы мемлекеттік шекараның ашылу салтанатына орай «Сыпатай батыр» кеден бекетінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Тарихи сәтті тағатсыздана күткен бауырлас екі ел тұрғындарының қуаныштарында шек жоқ. Алдымен екі елдің мемлекеттік гимндері шырқалып, кеденшілер сап түзеді. Мұнан кейін Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов пен Қырғыз Республикасы Мемлекеттік кеден қызметінің контрабандамен күрес басқармасының басшысы  Абдрашид Якубахунов құттықтау сөз сөйледі. Осы кеден бекеті арқылы тәулігіне орта есеппен 15 жүк көлігі, 20 жолаушылар тасымалдайтын автобус, 600-ге жуық жеңіл автокөлік және 9 мыңдай адам өтеді екен. Қазақстаннан Қырғыз еліне негізінен бидай, тұз, күнбағыс, мақсары тұқымы сынды тауарлар жөнелтілсе, ол жақтан бері қарай негізінен киім-кешек пен халық тұтынатын тұрмыстық тауарлары әкелінеді. Әрине, кедендік бақылау алынып тасталды дегенмен, шекара «ашық-шашық» жатпайды. Жоспарланып отырғандай, қазақстандық тарапқа автокөлік құралдарының электронды есеп жүйесі, рентген, жолаушылардың жүгін тексеруге арналған телевизиялық аппараттар, көлік құралдарын сканерлеуге арналған мобильді инспекциялық-тексеру кешендері, жасырылған тыйым салынған заттарды анықтау үшін жолаушыларды сканерлеу жүйесі, стационарлық инспекциялық-тексеру кешендері, радиациялық бақылаудың автоматтандырылған жүйелері берілетін болады. *     *     * Республика бойынша бір мезетте алынып тасталған 8 кедендік бақылаудың ішінде қырғыз елінің Талас облысы, Манас ауданымен шектесетін Гродиково ауылы маңындағы «Айша бибі» кеден бекеті де бар. «Айша бибі» кеден бекетіндегі салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков Қырғыз Республикасы Үкіметінің Талас облысындағы уәкілетті өкілі-Губернатор Байшыбек Жұманазаров қатысып, екі елдің екі облысы арасындағы әріптестік қарым-қатынасты күшейту туралы мәселелерді талқылады. Жамбыл жері – Талас облысындағы қырғыз ағайындар үшін негізгі экономикалық күретамыр екені белгілі. Мәселен, Бішкекке Қазақстан аумағы арқылы бару жолды едәуір қысқартады екен. Қысқы отын, яғни, көмір тасымалдауда да қырғыздарға Тараз қаласы тиімді. Сондықтан, кедендік кедергілер алынғанда сауда-саттыққа негізделген барыс-келіс арта түседі деп қуанады қырғыз елі. Кедендік кедергілердің жойылуы жамбылдықтар үшін де пайдалы. Облыс тұрғындарына қырғыз елінен келетін төмен бағадағы жеміс-жидек, көкөніс, киім-кешек секілді өзге де тауарларға таңдау жасауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде отандық өнім өндірушілерге қамшы болып, кәсіпкерлерді сапалы өнім өндіруге итермелейтіні анық.

Құрманбек Әлімжан, Нұрболат Әлдибеков, Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар