Күмістер сыңғыры

105

жамбылдық боксшы Әйгерім Асқарова Тайбейдегі додадан күміс медаль иеленді

10955455_835600346506++941_7703975370764996042_nБылғары қолғаптың бабын білген аруларымыз Тайбей төрінде керілген шаршы рингте өздерінің мықтылықтарын байқатты. Халықаралық дәрежедегі додаға физикалық және функционалдық дайындықтарын әбден пысықтап барған қазақ елінің бұрымдылары бұрынғыдай тамаша өнер көрсете білді.
Финалға дейін қиналмай жеткен Назым Қызайбай, Наталья Тарасенко, Фариза Шалтай және жамбылдық боксшы Әйгерім Асқарова ақтық сында қарсыластарына жол беріп, күміс медальға қол жеткізді.
Иә, Тайбейде керілген рингте қазақтың қайсар қыздары өздерінің нағыз бокс державасынан екенін байқатып, соңына дейін шайқасты, айқасты. Жүректері жұмсақ болғанымен, жұдырықтары жойқын арулар қарсыластарының бәрін де өз салмақ дәрежелері бойынша тығырыққа тіреп бақты. Назым Қызайбай да, Наталья Тарасенко да, Әйгерім Асқарова да, Фариза Шалтай да көк туымызды көктен желбірету мақсатында жан аяп қалған жоқ.
Қарсыластарынан жасық көрінуді емес, рингте асып өнер көрсетуді мақсат еткен ел мақтаныштары рингке әр көтерілген сайын шынайы шеберліктерін, соққыларының мығымдығын көрсете білді. Қос қолмен қапталдан бағыттаған соққылары да, иектің тұсын дәл көздеген апперкоттары да, тікелей соққылары да нысанаға дөп тиіп, қарсыластардың әбден қытығына тиді. Осы тұрғыдан келгенде, халықаралық деңгейдегі сан алуан додаларда олжа салып, ел мерейін асырып, абыройымызды асқақтатып жүрген аруларымыздың жеңіске деген жігерлеріне, ұмтылыстарына, жанкештілігіне дән риза болғанымыз айқын.
Ақиқатында, ақтық сынға шыққан қазақ боксшыларын қарсыластарына есе жіберді деп айта алмайсыз. Кей жағдайда төрешілердің бүйрегі біздің қыздардың еңбегін еш кетіргенін байқағандар да солай деседі. Әйтпесе, қазақ арулары Тайбейдегі дуы басым додадан кем дегенде екі алтын медаль алу мүмкіндіктері мол болған… Дегенмен, жерлестеріміз жасымайды. Алда әлі талай аламанда алтыннан алқа тағары сөзсіз.

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол».

Comments are closed.