таластық Асангелді Отаров шежіре жазуды хоббиі санайды «Жеті атасын білмеген жетесіз» дегенді айтқан қазақ әрқашан бабалар аманатына адал болып, шыққан тегін, ұлтын, руын мақтанышпен айтып келеді. Тегіңді, руыңды біліп, түгендеп жүру – әлдекімдер айтып жүргендей, трайбализмнің көрінісі емес. Ол алдымен тарихты, өткеніңді білуді үйретеді. Бабаларыңа деген құрметіңді арттырып, өз дәуірінде сол кісілердің артында қандай із қалғанын білуге ұмтылдырады. Ал тегін, өткенін білмейтін адамды қазақ «тегін білмеген тексіз» деген. Қандай ауыр сөз десеңші. «Сөз сүйектен өтеді» деген осы болса керек. Алаш азаматы үшін жеті атасын білу – азаматтық парыз. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, құс ұшса қанаты талатын сайын даланы көзінің қарашығындай қорғаған бабалар аманатына берік болғанымыз абзал. Кешегісіне көз тастап, бүгінгісін бағдарлап, ертеңін ойлаған елдің болашағы да жарқын. Сан тараулы тағдырлар соқпағынан шерлі де мазмұнды шежірені тарқатып айтып, мәнді әңгіменің тиегін ағытатын аға буын өкілдерінің аманаты бізге де үлкен үлгі. Әсілінде бұл күндері шежіре жазумен шұғылданатындар ілуде біреу. Таңбалы тарихқа, тектілікке көз жүгіртетіндердің қарасы сиреп қалғанын осыдан да бағамдай аласыз. Қым-қуыт тіршілік пен күнделікті күйбең тірліктің соңына түскен заманда кім тұтас бір руды түгендеп жүрсін? Ақиқатында, сол шежірені білу – ұрпақтың мойнына артылған аманат. Үлкен міндет. Тасын түртсең тарихы қылаң беретін қасиетті Талас топырағында туылып, сондағы алдыңғы толқынның тәлімін алып өскен Асангелді Отаров шежіре жазуды хоббиі санайды. Шағын ғана ауыл Аққұм төсінде той қуып емес, ой қуып өскен Асекең саналы ғұмырының отыз жеті жылын шежіре жазуға арнап келеді. Өзінен тараған ұрпағына бабалар өсиетін айтуды, аманаттауды мақсат еткен ол таң алагеуімде де, бесін шағында да, тіпті іңір түскен кезде де жақсылармен мәжіліс құрып, Абайлардың дәуіріндегідей еркін пікірлесіп, шежіре жинап жүр. Естігенін құлағына құйып, көңіліне тоқып, жүрек таразысына салып барып, көк сиямен ақ парақ бетіне түсіреді. Тарихқа құрметі шексіз Асангелді Отаров тілінің ебі, қаламының желі бар екенін байқатып, 2003 жылдан бергі аралықта «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» көп томдық жинағын және «Ысты», «Жаныс», «Шымыр» кітаптарын жазып шықты. Шежіресін білмек болған азаматтар тегін сол кітаптар арқылы түгендеді. Жүрегі қазақ деп соққан азаматтар әрдайым жаһандану кезінде де ұлттық құндылықтарға баса зейін аударады. Шыны керек, Асангелді Отаров бір әулеттің, бір рудың ғана қамын күйттесе, өз руы саналатын Ойықтың ғана шежіресін жазып шығар еді. Ол өйткен жоқ. Шымыр бабаны да, Жанысты да, Ыстыны да зерттеп, зерделеп, таным таразысынан өткізіп, қалам тербеді. Мұның өзі оның азаматтық бейнесін, болмысын байқата түссе керек. Асангелді Отаровтың «жекеменшік» мамандығы құрылысшы екен. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өзі туып-өскен елді мекендегі орта мектепті тәмәмдаған соң, Қаратау құрылыс техникумында құрыш қолды құрылысшы атануды мақсат етіп, білім нәрімен сусындапты. Кейінірек кәрі құрлық Еуропадағы экономикасы аса дамыған елдердің бірі Алманияда әскери борышын өтеп келген соң, «Бостандық» совхозында қарапайым құрылысшы болып қызмет етеді. Кейіннен, нақтырақ айтсақ, 1983 жылы Алматы архитектуралық академиясына оқуға түсіп, аталмыш білім ордасын да лайықты аяқтап, жоғары білімге қол жеткізді. Ол соқтықпалы-соқпақты өмір жолында талай сындардан сүрінбей өтіп, қырық бес жылдың бедерінде еңбектен бақытын іздеді. «Адал еңбек – бәрін жеңбек» қағидатын берік ұстанды. Шүмектеп төккен терінің жемісін көрді. Бүгінде қадірлі ел ағасына айналып, пайғамбар жасына жетіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Расында әркім өзінің сүйікті ісімен айналысады. Өмірін шежіре жазуға арнап келе жатқан Асангелді Отаровтың бұл ісі кейінгі ұрпақ үшін өте қажет дүние екені анық. Бір жағынан, үлгі, екінші жағынан, парыз. Жазу азабы бір бөлек те, сол жазғаныңды тасқа басып шығару – ол тіпті қиын. Еңбегінің өнбегін көрмекке ұмтылған адам ғана жанкештілікке барып, өз қалтасындағы қаржысын шығындап, содан рухани ләззат алады. Бұл күйді Асангелді Отаров та басынан өткеріп келеді. – Әр адамның өзінің аңсары ауған ісі болады ғой. Сол тірліктен ләззат алғысы келеді. Жемісін көріп, қуанады. Актер – театрдағы сәтті рөлдерімен бақытты. Тағысын тағы дегендей. Менің де өз ісімнен рухани рахатқа бөленіп жүргенім ақиқат. Ілгеріде тарихқа қатты қызықтым. Өткенді бағдарлап, бүгінді бағалап, болашаққа із қалдыруды әр адам өзінше мақсат санайды. Мен де көкірек көзі ояу жандармен әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көремін. Сол арқылы білмегенімді біліп, көкейіме түрлі ойлар түйемін. Шежіре жазу барысында да көкірегі ояу азаматтардың талайымен пікірлестім, кейбір тың жаңалықтарды сол кісілердің аузынан естіп, қойындәптерге түртіп алып жүрдім. Жақсымен өткен жарты сағаттың өзі бүкіл ғұмырыңа тең емес пе? Басты арманым – жастар тегін, тарихын, өткенін біліп өссе деген ой. Соған қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, тамшыдай үлесімді қоссам, одан асқан бақыт, мұрат атаулы бар ма? Пайғамбар жасына жетсем де, қолымнан қаламымды тастағым келмейді. Өйткені, талай ойлар бар. Соны жылы жүрекпен жүзеге асырғым келеді. Оның бәріне уақыт төреші. Алланың қалауымен болады ғой бәрі, – дейді шежіре жазумен отыз жеті жылдан бері шұғылданып келе жатқан Асангелді Отаров өз ойымен бөлісіп. Президент квотасымен қажылыққа барып келген Асекең мұсылманның басты парыздарының бірін орындады. Жүрегі иман мен нұрға толы азаматтың артынан ерген ұрпақтары да әке аманатына берік болуды көздейді. Ұлы Олжас Отар елордада белді қызмет атқарса, қызы Гүлжаһан да Астана төрінде маңдай терін сығымдап, еңбек етіп жүр. Сүт кенжесі Абай болса, Президент жарлығымен жүзеге асқан халықаралық «Болашақ» бағдарламасының шарапатын көріп, ақсүйектер елі саналатын Англияда білім нәрімен сусындауда. Саналы ғұмырының жартысынан астамын шежіре жазуға арнап, біраз руды түп тамырымен түгендеуге зейін қойған Асангелді Отаровтың бұл ісі көпшілікке үлгі боларлықтай. Тарихтың, шежіренің дұрыс жазылуына аз да болса үлес қосып келе жатқан ардақты азаматтың алдағы ісіне біз де сәттілік тіледік.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді