- Advertisement -

Балта сабынан озбас болар…

88

- Advertisement -

1248013765_brak-11Азаматтық неке халқының саны аз, көбеюді, көгеруді алдына жарқын мақсат етіп қойып отырған жас мемлекетіміз үшін үлгі етерлік үрдіс емес. Оны адам құқы мен еркіндегі іс, демократияның көрінісі деп  алаулатып, жалаулатып та жатамыз. Халқы бақа-шаяндай бықып, аумағына сыймауға айналған, сондай-ақ өзіндік даму жолына түскен, адамдары не ішем, не кием деуге  бас қатырмайтын жағдайға жеткен елдерде бұл үрдістің қолданылуы дұрыс та шығар. Ал біз үшін сапалы да саналы ұрпақты дүниеге әкелу арқылы өсіп-өнуден, кең-байтақ еліміз аумағын толтырудан асар мұрат жоқ.
Азаматтық неке соған жеткізе ала ма? Оның соңы, ойлар болсақ, әкесіз бала, жалғызілікті ана, ойраны шығып, ортасына түсер шаңырақ… Тіл табысатындары бар шығар. Бір-жар уақыт азаматтық некеге тұрмай да жастар бірін-бірі жақсы тани алады емес пе? Шетелдік осынау  өмір сүру салты тосындығымен таңсық көрінер. Бірақ дәл осы ғадетті өзімізде жаппай қолдануға әлі ертерек. Асығып аптықпайық. Оның кезі келеді әлі…
Екі жас бір-бірін таныды, ұнатты дейік азаматтық некенің арқасында. Бірақ ата-ана сынынан өтпесе істің бәрі бос. Жас шаңырақтарда ене мен келін тарапынан орын алатын келіспеушіліктің, түсініспеушіліктің кесірінен татулықтың тігісі сөгіліп кетіп жатқан жоқ па? Он жыл азаматтық некеде бол мейлі, ата-ана келісімін аттау дегенің дәстүрімізге, ділімізге жат іс қой. Мұны қолдайтындар космополиттер (әлемдік деңгейдегі азаматтар) шығар. Ғалымдардың өзі түрлі дәуірлерде жұмыр жердің үстінде жиырмадан астам өркениет туын тіктегенін айтады. Бұл деңгейге бәрі де  салт-дәстүрлерін сақтау арқылы ғана жеткен.
«Балта сабынан озбас» демекші, қазақ ділін, тілін, дінін, дәстүрін жатқа бермей, берік сақтағанда ғана әлеуетті ел бола алады. Ең әуелі, ұрпағымыз ұлттық қасиеттерімізге уызынан жарып өсуі тиіс. Ең бастысы – осы!

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support