Елудің жуан ортасындағы қалың мұртты жігіт ағасының астындағы аты биік шоқы басына еспе құмды шашасынан кеше шалдығыңқырап жеткен. Құдаяқұдуандә, әлгі шоқының не етегінде, не өн бойында қылтанақтай өскін жоқ, тек ұшар басында ғана бір түп сексеуіл тұлым шаштай желбіреумен тұр. Осы төбені төбе ғып, еспе құмның ілгерілі-кейінді сырғып көшуіне жол бермей, сығымдай ұстап тұрған да сол жалғыз сексеуіл. Сексеуіл болғанда да, ең кемі жүз жыл жасаған, тарамыс-тарамыс тұрқы да өзгеше бір алып дарақ. Көлеңкесі де бір қауым жерді алып жатыр. Шіліңгір шілдеде жанын қоярға жер таппай шырылдап ұшқан құсқа да, таңдайына тамшы су жетпей қаталай шөліркеп, еңку-еңку жер шалған аңға да сая болғанға ұқсайды. О жақ, бұ жағына құс саңғып, аңның тезек тастауы соны аңғартады... Төбе басынан айнала-төңірек алақандағыдай айқын көрінеді екен. Шақырайған күн тас төбеге шығып алып, жанды, жансыз біткенді табаға салып шыжғырарлықтай пейіл танытқанмен, шілдедегідей аптабы жоқ, біртүрлі жуаси түскендей. Десе де, шағырмақ сәулесі бет қаратпастай, жанарыңды жасқарлықтай екен. Тіктеп түскенде маңдайыңды ойып жіберердей-ау, тіпті. Қанатбек маңдайына күн сала қарап, сексеуілі, жүзгені, теріскені, қоянсүйегі, күйреуігі әр-әр жерде шоқ-шоқ болып ұйысып, күн астында көкжиекке дейін далия созылған алпар өңірдің өн бойын шола қарап, бірқауым уақыт бөгелді. Жасыл жамалы оңа бастаған ойпаттар тұсындағы құрақ пен сексеуіл шырпыларының басы құм шағылдар төсіне ирек-ирек із сала лүп етіп соғар желемік жел өтінде әнтек діріл қағады. Одан қалды білектей-білектей кесірткелер бархан үстін аймыштай, жалт етіп жосылып өтеді. Әлденеден шошып үрке ме, ысылдағандай, ысқырғандай дыбыс шығаратыны қызық. Кесірткелер ұрыла-соғыла сіңіп жоғалған шұраттың құмдауыт тұсы бір бүлк етіп, бұта-бытқыл, шөптесін басы сыңғыр етіп қозғалады да, тынши қалады. Олар осындай әрекетімен-ақ тамшы су жоқ кеңістікте тіршілік барын, өзгеше сән-салтанат үстемдік құратынын аңдатып өтеді. Құмның да өз мінезі, салатын әні, үн, дыбысы болады. Зер салған кісінің біртүрлі жаны жадырап, тазалықты, кеңдікті, өршіл рухты, беймәлім әлем сырын, Ұлы құмның жүрек дүрсілін жан-ділімен сезініп, өзі де тылсымға жұтылудың аз-ақ алдында тұрғандай, жалғызсырап, құлазығандай тосын күй кешері бар. Мына ақ жайнақ дүниеде өзің және Ұлы құм ғана бар секілді көрініп, әлдебір беймәлім қорқыныштан бойың тоңазитындай. Анадай жердегі жасыл ойпаңда отары асықтай иіріліп, жусап жатыр екен... О, шеті-шегі жоқ жойқын құм әлемі-ай! Сенің қолат-қойнауыңда қаншама тірлік иесі түтін түтетіп, тіршілігінің көзін ашып, тылсымыңмен тілдесумен келеді десеңізші! Бір жұтым судың өзі қасқалдақтың қанындай қат болып, қадірі артары бар өзіңде. Көктен тамшы тамбаған жылдардың өзінде желкілдей өсіп, көгеріп жататыныңның нендей сыры, құпиясы бар. Шөлге шыдамдылықтың, қайсарлықтың, жансебілділіктің өзіңнен тамырын тартып, адамдар бойына жұғысты болып жататынының құдіреттен несі кем! Өмір қоймасы да секілдісің, сен, о, Ұлы құм дариясы! Осылай деп толғанған, құдіретке сыйынған Қанатбектің жігері қайта тасып, қайраты қайрала түскендей. Олай болатыны, оның да бойында Ұлы құмның, әсіресе, әнебір тайталаса өскен шоқы басындағы жалғыз түп сексеуіл дарағының мінезі бар еді. Ұлы құм өзімен болмыстас, тағдырлас еді... Мектептен кейін өзі ұнатқан бір қызға үйленіп, шаңырақ көтерді. Балалы-шағалы болды. Олар өсіп, жоғары оқу орындарына түсті. Бауырлары да осы малдың арқасында темір тұлпардың не түрін ауыстырып мініп, даңғарадай үй алып... өмірлерін өзгертуде. Өзгермеген Қанатбек қана. Күллі өмірі құм мен көктеу аралығында, ұзын аққан Таластың бойында аңысыз ғана малын бағумен өтіп келеді. Бірер тұяқ болса сөз басқа ғой. Алғашында қоғамның малын бақты. Аралас меншіктің тұсында жекеменшік малы басын біраз көбейтіп алған. Сонысы дұрыс болыпты. Нарықтың тұсында малының саны екі-үш мыңнан асып жығылды. Жүз бастан жылқы, түйесі және бар. Бәріне де бас-көз болып жүрген бір өзі ғана. ...Алпар кеңістікте жалғыз ғана үй және бір отар қой... Қанатбек өзін әлгі бір шоқы басындағы ықылым заманнан бері аңға да, құсқа да, адамға да сая болумен тұрған кәрі сексеуілге ұқсатты... Сол-сол-ақ қаһарман қойшының кеудесін мақтаныш сезімі кернеп кетті...
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді