«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүрекке түрлі ой салған...

Жүрекке түрлі ой салған...
ашық дереккөз
Жүрекке түрлі ой салған...

Ұлы ақынның шығармаларынан сыр шертті

Биыл ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны атанып кеткен Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толды. 10 тамыз ұлы ақынның туған күніне орай Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты әдеби-сазды жиын өтті. Облыстық қазақ драма театры әртістерінің қатысуындағы «Желсіз түнде жарық ай» музыкалық композициясымен шымылдығы түрілген шараның өн бойы поэтикалық сарынға тұнып тұрды. Ақшам мезгілдің алқызыл сәтімен тіпті ажарлана түскен саябақтың ашық аспан астында орналасқан сахнасына көтерілген қала өнерпаздары саф өнердің саумалын сапырды. «Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй», – деп ұлы ақынның өзі жырлағандай, әсем ән де, тәтті күй де осы кештің шырайын келтірді. Ойшылдың өз шығармаларынан сыр шерткен кеш барысы көрермендердің жүректерін тебірентті. Әсіресе, «Желсіз түнде жарық ай» әнін өзінің қоңыр үнімен құйқылжыта шырқаған Заман Бегімбетовтің орындау шеберлігі талайдың таңдайын қақтырды. Жанна Асанқұлованың орындауындағы Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әні де әдемі ырғақпен көпшіліктің көңілінен шықты. Облыстық филармонияның «Кәусар» вокалдық тобының өнері де жиналғандарды тәнті етті. Олардың ақын өлеңіне жазылған «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін әуелете шырқағаны құлақтардың құрышын қандырды. Әдеби-музыкалық шара барысында ақынның поэзиясынан сусындап нәр алған, өздерін ақынның ізбасарларымыз дейтін бір топ жас талапкерлер Абай аталарына деген арнауларын тебірене оқып берді. Ұлан көп ұлы сөзге ұйып талай, Арда ұлдың маңдайынан сүйіпті арай. Жүз жүрекке жүк болар өнер-білім, Бір жүрекке кетті екен сыйып қалай?! – деп екпіндете жырлаған Ғайникен Райымбекованың балаң сезімі сезіліп тұрған жүрекжарды шумақтары елді елең еткізді. Осындай әдемі әсерге толы жиынның думаны күн қызарып ұясына батарда бірақ тарқады. Шараның куәгері атанған қонақтар Абай үнімен, Абай тынысымен кең тыныстап, көңілдеріне көрікті ой түйіп қайтты. Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар