Әлем жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты бастан кешіруде. Мұның өзі біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Дағдарысқа байланысты еліміздің экспорттық тауарларының құны түсіп кетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің отырыстарында барлық нәрседе үнемдеу керектігін жиі айтып келеді. Осыған орай бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандар салуға шектеу қойылды. Қазір негізгі күш бұрын құрылысы жүріп жатқан нысандарды бітіруге жұмылдырылуда. Қиындықтарға қарамастан, тұрғын үй құрылысын тоқтатпауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл салаға түрлі көздерден қыруар қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде көптеген қазақстандықтар баспанаға ие болып, үлкен қуанышқа кенелуде. Үстіміздегі жылы облысымызда 106 нысанның құрылысына және жобалық-сметалық құжат әзірлеуге республикалық және жергілікті бюджет есебінен 23,4 миллиард теңге қарастырылған болатын. Үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысында жоспардағы 13,9 миллиард теңгенің 13,4 миллиард теңгесі игерілді. Белгіленген тапсырма 97,8 пайызға орындалды.
Аймақта «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағыты бойынша 2020 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 2805,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген болатын. 2015 жылы 259,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланса, 6 айдың қорытындысында 118,5 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 8,3 пайызға артық. Кезекте тұрған азаматтарға жергілікті бюджет есебінен 264,8 миллион теңге қарастырылып, 17,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Жарты жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 8,8 мың шаршы метрді құрады. Жас отбасылар үшін жоспарланған 600 шаршы метр тұрғын үйге 201 миллион теңге бөлінген. Алты айдың қорытындысында оның 97,9 миллион теңгесі игерілді, 6,4 мың шаршы метр бір 5 қабатты 75 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін тапсырылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы жоспардағы 7,7 мың шаршы метрге 945,5 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде 600 миллион теңгесі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қор есебінен қаралды. Осы мерзімде бір 5 қабатты 65 пәтерлі тұрғын үй іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бір тұрғын үй 2016 жылы беріледі. Аймақта жеке тұрғын үй салушылар көбейіп келеді. Алты ай қорытындысында 107,6 мың шаршы метр жеке тұрғын үй іске қосылды. Басқа қаржыландыру көздерінен 4,5 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы «Бәйтерек» мөлтек ауданында 10,4 мың шаршы метрлік екі бес қабатты – 100, Маяковский көшесінде 2,4 мың шаршы метр 40 пәтерлі және 15,2 мың шаршы метр «Атшабар» тұрғын үй кешені салынуда. Жалпы, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 28 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге Ұлттық қор есебінен 466 миллион теңге бөлініп, 3 жоба жүзеге асырылады. Оның екеуі жыл соңына дейін іске қосылса, біреуі 2016 жылға өтпелі. Мемлекетіміз «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға жыл сайын қыруар қаражат бөлуде. Соның нәтижесінде бүгінде облыстың 373 ауылдық елді мекенінің 224 немесе 60 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы ауыз сумен қамтамасыз етуге 8 нысанның құрылысына республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 7-еуі 2014 жылдан өтпелі. Биыл Жамбыл ауданының Айша бибі ауылы мен Байзақ ауданының Жетібай-Ынтымақ ауылдарында ауыз су нысандары ел игілігіне берілді. Төрт нысан жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, екі нысан өтпелі. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысында бөлінген қаражат 90,4 пайызға игерілді. Аймақта мемлекеттің қомақты қаражат бөлуі нәтижесінде көптеген уақыт талабына сай жарық та еңселі білім ордалары салынуда. Биыл облыста 30 білім беру нысанының құрылысына (оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 5 нысан) республикалық және жергілікті бюджеттен 8,5 миллиард теңге бөлініп, алты айдың қорытындысында 3,3 миллиард теңге игерілді. Белгіленген тапсырма 94,3 пайызға орындалды. Үстіміздегі жылы 1400 оқушыға арналған 4 мектеп жаңа оқу жылына дейін тапсырылады. Жергілікті бюджет есебінен 8 мектеп, 1 балабақша және 1 жатақхана құрылысына және қосымша қаржыландыруға 2,8 миллиард теңге қарастырылып, 2014 жылдан өтпелі 120 оқушыға арналған Жамбыл ауданындағы Еңбек ауылындағы 1 мектеп, Тараз қаласындағы №13 Темір жол лицейінің жатақханасы іске қосылды. Сондай-ақ, 700 оқушыға арналған 4 мектеп жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Талас ауданындағы Есейхан ауылындағы 150 оқушыға арналған 1 мектеп келесі, 2016 жылға өтпелі. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 600 орындық екі мектептің және 840 орындық 3 балабақшаның құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 1,4 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 155 миллион теңге бөлінді. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша барлық нысандарда жеңімпаздар анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы денсаулық сақтау саласына облыста 6 нысанның құрылысына республика және жергілікті бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінді. Осы мерзімде қарастырылған 4,8 миллиард теңгенің 4,7 миллиард теңгесі игерілді. Құрылысы өткен жылдан өтпелі Тараз қаласындағы 300 төсектік көп салалы қалалық аурухана, облыс орталығындағы 200 төсектік облыстық перинаталдық орталық күзде ел игілігіне беріледі. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қарастырылған 3,7 миллиард теңге толық игеріліп, аталған нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғастырылуда. Құрылысы 2014 жылдан өтпелі Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылындағы 100 келушіге арналған алғашқы санитарлық-медициналық көмек нысаны пайдалануға берілді. Бұған қоса спорт, ауыл шаруашылық, қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша бірқатар нысандар іске қосылды. Шу өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 46 нысанның жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 175,2 миллион теңге бөлініп, осы мерзімде оның 116,7 миллион теңгесі игерілді. Мемлекеттен жыл сайын қыруар қаражат бөлінуіне байланысты аймақтағы автомобиль жолдарының дені қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елдімекендер көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға 7,2 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде, облыстық маңызы бар автожолдарға 2,6 миллиард, аудандық маңыздағысына 2,4 миллиард, ал Тараз қаласының көшелеріне 2 миллиардтан астам теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 5 шақырым автожолға күрделі және 316 шақырымға орташа жөндеу, сондай-ақ 1 құбыр мен екі шағын көпірге орташа жөндеу жүргізілетін болады. Құрылыстың экономиканың локомотиві екеніне қазақстандықтардың көзі айқын жетуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев нысандарды уақтылы әрі сапалы пайдалануға беру міндетін қойып отыр. Сондықтан да аймақта бұл салада кейінгі кезде ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ғимараттардың уақтылы басталып, сапалы жүргізілуі жобалық-сметалық құжаттың белгіленген мерзімде әзірленіп, сараптамадан өткізілуіне байланысты. Қазір бұл жұмыс жолға қойылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алу конкурстары талапқа сай өткізілуде. Конкурсқа қатысушыларға қатал талап қойылуда. Енді мердігерлер бір чемоданмен келіп, келісім-шартты ұтып алып, оны қосалқы мердігерлерге бере алмайды. Жұмыс тек қана материалдық-техникалық базасы қуатты, білікті мамандармен қамтамасыз етілген әлеуетті компанияларға беріледі. Біз биыл айыппұлы бар 4 мердігерді жосықсыз деп танып, жұмыстан шеттеттік. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында енді мемлекеттік сатып алу конкурстары үшін құжаттар электронды нұсқада қабылданады. Елбасы өзімізде өнім өндіруге, қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келе жатқаны белгілі. Осыдан 10 жыл бұрын облысқа қажетті құрылыс материалдарының 50 пайызы сырттан тасымалданса, қазір оны жергілікті жерде өндіруші кәсіпкерлер көбейіп келеді. «БиномДетальСтрой» ЖШС мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ірі қабырғалық панельдер шығару жобасын жүзеге асырды. Оның артықшылығы көп. Мұндай материалмен құрылысты жыл-он екі ай жүргізуге болады. Осындай әдіспен бір көп қабатты үйді екі-үш айда салып бітіреді. Құм, тас, шағал, цемент, гипс, ағаш және темірбетон бұйымдары, жылу батареялары өзімізде өндіріледі. Қазір ғимараттың қабырғасын көтеру үшін алуан түрлі құрылыс материалдары шығарылуда. Соның нәтижесінде оған деген қажеттіліктің 80 пайызы облыста өтелуде. Нысандарды құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жүргізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұрын жұмыс сапасын қадағалау үшін 3-4 нысанға бір техникалық қадағалаушы тағайындалса, қазір әрқайсысына осындай бір маман бекітілген. Ірі нысандарда 2-3 техникалық қадағалаушы жұмыс істейді. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттыру, ақауға жол бермеуге игі ықпалын тигізуде. Бүгінде облыста осы салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істеуде. Барлық мердігер компаниялар білікті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлуде. Біраз мамандар жоғары және орта арнаулы оқу орындарында кәсіпорындар есебінен оқытылуда. Салаға жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. Мұның өзі қол күшін азайтумен қатар, жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізуде. Ескі техника жаңасымен ауыстырылуда. Мердігерлер бұл мақсатқа жыл сайын қыруар қаражат жұмсауда. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, мердігерлер арасында нысандарды уақтылы пайдалануға берумен, жаңа жұмыс орындарын ашумен ерекше көзге түсіп жүрген кәсіпорындар да аз емес. Солардың қатарында Тимур Манашев жетекшілік ететін «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС, Серік Олжабеков басқаратын «Бином» ЖШС, Марат Рахымбердиев пен Төлеген Қарақойшинның иелігіндегі «Агроспецстрой» және «Темирстройсервис» серіктестерінің үлгілі ісін ерекше атап өткен жөн. Ертең – Құрылысшы күні. Бұған аймақтағы әріптестеріміз еңбектегі лайықты еңбек тартуымен келіп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстағы және еліміздегі барша құрылысшылар қауымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, зор денсаулық, еңбекте мол табыс және игілік тілеймін.
Рахманқұл Байтелиев, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді