- Advertisement -

Еуропа, құшағыңды айқара аш!

102

- Advertisement -

«Астана» футбол клубы аяқдопқа аңсары ауған жанкүйерлерге үлкен сыйлық жасады. УЕФА чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында елордалық «Астана» өз алаңында Финляндияның «ХИК» футбол клубын қабылдады. Алғашқы матчта Хелсинкиде тең ойнап қайтқан «Астана» ойыншылары қалайда жеңіске жетуге тиіс еді. Солай болды да. Бұл күні қазақстандық команданың абыройы аспандады, мерейі тасыды.
Ойынның алғашқы минутынан бастап қарымта шабуылдарға иек артқан «ХИК» командасы біздің команданы қыспаққа алуға тырысты. Нәтижесінде жылдам гол соғып, алаң қожайындарын тығырыққа тіреді. Қорғаушылардың қателігінен кейін финляндиялық команданың шабуылшысы Джаллоу есеп ашты. Елордалықтарға келесі айналымға өту үшін тек жеңіс керек екені анық еді. Өз қақпаларына доп жіберіп алғаннан кейін астаналықтар әбден абдырап қалды. Ойынның 41-минутында тағы да өрескел қателікке бой алдырып, жағдайды одан ары шиеленістіре түсті. Өз мүмкіндігін мүлт жібермеген Гиден Баа есепті еселеп, жанкүйерлердің сағын сындырғандай болды. Үзіліске бірер минут қалған кезде «Астананың» футболшысы Патрик Твумаси айып алаңының сыртынан нәтижелі соққы бағыттап, есеп айырмасын қысқартты.
Екінші кезеңді ерекше бастаған жерлестеріміз ойын тізгінін өз қолдарына алды. 46-минутта қонақтар өз айып алаңында қолмен ойнап, ереже бұзды. Израильдік төреші он бір метрлік нүктені көрсетті. Рохер Каньяс пенальтиді сәтті орындап, таразы басын теңестірді. Көп ұзамай Дмитрий Шомко алыс тоғыздыққа теңбіл допты топ еткізіп, тамаша голдың авторы атанды. Жеңіске біртабан жақындағанда Патрик Твумаси алаңнан қуылып, астаналықтарды қиын жағдайға қалдырды. Твумасидің жоқтығы көзге ұрып тұрды. 86-минутта төреші енді біздің қақпаға айып добын белгілеп, Эрфан Зенелидің нәтижелі соққы жасауына мүмкіндік берді. Естерін тез жиған елордалықтар қайта басымдылыққа ие болып, шабуыл шебін күшейтті. Матчтың қосымша уақытында дегендеріне жетіп, айды аспанға шығарды. Евгений Постников жеңіс голын соғып, тарихи ойынның нүктесін қойды. Бұл жеңістен кейін «Астана» футбол клубы кем дегенде Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнайтын болады. Егер плей-офф кезеңінде қарсыласынан айласын асырса, онда чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жол ашылмақ. Бұдан кейін Еуропа лигасының үшінші кезеңінде бақ сынаған алматылық «Қайрат» футбол клубы Шотландияда жергілікті «Абердинмен» 1:1 есебімен тең түсіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Бет қатталып жатқанда:
Еуропа чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Астана» мен «Қайраттың» қарсыластары анықталды. Елордалық клуб кипрлік «АПОЭЛ» ұжымымен бақ сынасса, «Қайрат» француздардың мықты командасы «Бордомен» топтық кезең жолдамасын сарапқа салады. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Мұхтар Жәмішжанов,
 студент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support