«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дәрігерлер ауылдарға аттанды

Дәрігерлер  ауылдарға аттанды
ашық дереккөз
Дәрігерлер ауылдарға аттанды

Тараз қалалық мәдениет үйінің алдындағы алаңда мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға орай биыл екінші рет өткізілгелі отырған «Денсаулық жолы» акциясы бастау алды. «Жамбыл облысы саясаткер әйелдер клубының» бастамасы және облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығының қолдау көрсетуімен ағымдағы жылдың 3-7 тамызы аралығында облыстың барлық аудандарындағы елді мекендерінде өтетін кең ауқымды акцияның ашылу рәсімінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Маржан Қожаева, «Жамбыл облысы саясаткер әйелдер клубының» атқарушы хатшысы Хадиша Оспанова және облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығының директоры Гүлжан Иманбекова сөз алып, акцияға қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі. Жалпы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың аталған бағдарламаға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында аумақта өтіп жатқан биылғы «Денсаулық жылы – 2015» ақпараттық-коммуникациялық науқаны қоғамдық денсаулық сақтау шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес секторлардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының күшін біріктіру арқылы туберкулез, АИТВ/ЖИТС сияқты әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алуға,олардың назарын ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау  мен нығайту ісіне аударуға, сондай-ақ мінез-құлықтық факторлардың таралуын төмендетуге, ауылдық елді мекендерде салауатты өмір салтын насихаттауға және қалыптастыруға, ауылдықтардың профилактикалық медициналық тексеруден (скиринингтен) өту белсенділігін арттыруға бағытталуы тиіс. Міне, осы мақсатта құрамында кардиологі, терапевті, педиатры және басқа да білікті маман дәрігерлері мен жетілдірілген заманауи медициналық құрал-жабдықтары бар акцияға қатысушы екі топтың бірі: апта аралығында Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас, екіншісі: Т. Рысқұлов, Мерке, Қордай, Шу және Мойынқұм ауданының елді мекендері тұрғындарын қамтитын болады. Іс-шараны ұйымдастырушылар «Денсаулық жолы – 2015» акциясына қатысушылардың медициналық көмек көрсету және кеңес беру арқылы әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу мәселелері бойынша ауыл жұртшылығының ақпараттандырылуын жоғарылатуға игі ықпал ететіндігіне сенімді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар