Экономиканың күретамыры саналатын темір жол саласының қоғам өміріндегі орны айрықша. Теміржолшылар жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Өткен сенбіде Тараз қаласындағы «Түрксіб» кешенінде өткізілген бұл атаулы мерекеге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, ардагер теміржолшылар, сала мамандары қатысты. – Теміржолшылар күні – бұл өз тағдырын осы салаға арнап, еліміздің миллиондаған халқының тасымалына қолайлы жағдай жасап, миллиардтаған тонна жүк тасымалын қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келген бауырларымыздың, ардагерлеріміздің мерекесі. Теміржолшы әулетінде өмірге келіп, ата ісін кәсіп еткен отбасынан шыққан мен үшін де бүгінгі күн – елеулі күн. 1997 жылы біздің әулеттің темір жол саласындағы еңбек өтілі 450 жылды құраған болатын. Біз болат жолдың бойында елеулі еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдырған ағаларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Атап айтқанда, Жамбыл жол бөлімшесінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан басшылар, өз кәсіптерінің шеберлері, Құрметті теміржолшылар Байзақ Пірманов, Әмірхан Қаймолдаев, Төлен Сәменов, Асқар Сәрсенбеков, Сағымбек Ақшалов сынды азаматтардың әрқайсысының орны бір төбе. Бүгінгі мереке күні осындай талантты басшыларға алғыс айту лайықты. Бүгінгі таңда Жамбыл жол бөлімшесі өз алдына қойған міндеттер үдесінен шығуда және қызмет сапасын ұсынуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Кәсіпорынның экономикалық көрсеткіштері жыл сайын өсіп келеді. Өздеріңізге белгілі, Жамбыл өңірінде бірнеше Үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асуда. Осындай ауқымды жұмыстар барысында жүк тасымалында темір жолдың алар үлесі зор. Елімізде 14 мың шақырым болат жолдың бойында күндіз-түні шығыстан-батысқа, солтүстіктен-оңтүстікке жүк, тауар тасымалдаған және жолаушыларды діттеген жеріне жеткізуді мұрат еткен қаншама пойыз ағылып жатыр десеңізші! Бұл темір жол саласы аймақ дамуының негізгі өндірістік көзі, ел экономикасын алға сүйрейтін негізгі күш екендігін көрсетеді, – деді Кәрім Нәсбекұлы сала мамандарын мерекелерімен құттықтап. Мерекелік шарада еңбегімен көзге түскен бірқатар теміржолшыларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Дәулетбай Есімбеков саладағы соны жаңалықтармен, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген «Үлкейтілген Сары-Шаған жол дистанциясы» филиалының жол монтері Базарбек Нәлжігітовке «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ, шойын жолда ерен еңбегімен көзге түскен мамандарды Көлік және коммуникация министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президентінің Алғыс хаттарымен және «Адал еңбегі үшін», «Үздік маман», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгілерімен марапаттады. Сала ардагерлері де сый-сияпатсыз қалған жоқ. – 1971 жылы темір жол саласына қызметке келгенімде бозбала едім. 44 жылдан бері табан аудармай осы салада еңбек етіп келемін. Мына төсбелгі – сол еңбегімнің жемісі, – дейді Құрметті теміржолшы атанған жол монтері Базарбек Нәлжігітов. Салтанатты шара соңы облыстық филармония әншілері ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді