Мемлекет басшысының мектеп жасындағы балаларды мектепке толық тарту туралы тапсырмасына орай, еліміздің Білім және ғылым министрлігі жеті жылдан бері өткізіп келе жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жылдағыдай тамыз айының 1-і күні бастау алып, 30 қыркүйекте аяқталатын болады. Биыл акция «Балаларға бірге көмек берейік» атты ұранмен өткізілгелі отыр. Осыған орай облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Дәмеш Ускумбаева жалпыреспубликалық акцияның облыс аумағында ұйымдастырылу барысына, мақсатына тоқталды. Ол екі айлық акция барысында ең алдымен түрлі әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармай қалуының алдын алу шаралары жүзеге асырылатындығын, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың арасындағы мектеп жасындағыларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Нақтылы кезеңде облыстағы мектеп жасындағы балалардың саны 192264 баланы құрайды екен. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметтері бойынша биылғы жаңа оқу жылында 1-сыныптың табалдырығын 26 мыңға жуық бала аттайды деп күтілуде. Жалпы, бүгінгі таңда аумақта 22479 аз қамтылған отбасынан шыққан, 2090 жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала бар екен. Соңғыларының арасынан 1566 бала қорғаншылық пен қамқоршылыққа берілген, 123-і патронаттық тәрбие алуда, 346-сы жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйлерінде, 55-і облыстағы отбасы үлгісіндегі 12 балалар үйінде тәрбиеленуде. Брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін өткен 2014 жылғы «Мектепке жол» акциясы барысында облыс бойынша аз қамтылған отбасынан шыққан 21948 балаға 178 миллион теңгеге материалдық көмек көрсетілгендігін жеткізді. Соның ішінде 12266 балаға бюджеттен тыс демеушілер есебінен 70 миллион теңгеге киім мен мектепке баруға қажетті оқу құралдары сатып әперіліпті. Сондай-ақ, жыл аралығында облыс бойынша тасымалдауды қажет ететін мектеп оқушыларының барлығы да көлік тасымалымен қамтамасыз етілген көрінеді. «Биыл да «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімдігі тарапынан бекітілді. Соған сәйкес Тараз қаласы мен барлық аудандарда мектеп жәрмеңкелері, «Бірінші сыныпқа бірінші рет!», «Балаға мейірім сыйла!», «Мейірімді қол» қайырымдылық іс-шараларын өткізу жоспарлануда», – деді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Дәмеш Шайхықызы акцияны өткізуге әзірліктің барысы туралы. Брифингте «Мектепке жол» акциясы барысында өңірдегі білім саласына қатысты құзырлы мекемелердің ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп, қасақана сабақтан жалтарғандарды, қадағалаусыз және панасыз қалғандарды, тұрмысы қолайсыз отбасындағы балалар мен мигранттарды, сондай-ақ жүйелі түрде оқудан қашатын балаларды анықтау үшін рейдтер өткізетіндігі, акция аясында балаларды жалпыға міндетті оқумен қамту мақсатында аулалар мен пәтерлерді аралауды ұйымдастыратындығы, сол сияқты оқымайтын немесе мектепке бармайтын мектеп жасындағы балаларды анықтап, есепке алуды жүзеге асыратындығы айтылды. Соңынан, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарылды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді