«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мамандық таңдау кезінде прагматик болу қажет

Мамандық таңдау кезінде прагматик болу қажет
ашық дереккөз
Мамандық таңдау кезінде прагматик болу қажет

210217427572d0a2c5079e24fccШілде айының соңғы күндері еліміз бойынша талай жастың   өз болашағын айқындап, шешім қабылдайтын қарбалас шағы.  Өйткені осы күндері ҰБТ және кешенді тестілеу аяқталып, талапкерлер жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына құжат тапсырады. Ал талай ата-ана баласының оқуға түсуін арман қылып, қандай мамандықты таңдау керектігі жөнінде ойланып жүргені жасырын емес. Олар нарықтың ерекшелігін, қандай мамандыққа сұраныс басым, қайсысының құны түсіп бара жатқанын біле бермейтіні де рас. Сол себепті, ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қызмет атқарған, бүгінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Республикалық үйлестіру кеңесінің жетекшісі Мұрат Әбеновпен сұхбаттасқан едік. Мақсат – жастардың дұрыс мамандық таңдауы үшін жол сілтеу.

– Мұрат Абдуламитұлы, дәл қазір мыңдаған мектеп түлегі үшін мамандық таңдайтын шешуші сәт келіп жетті. ҰБТ мен кешенді тестілеу нәтижесі сыналатын кез бұл. Сіз жастар саясаты, білім саласындағы ұзақ жылдардағы тәжірибеңізге сүйене отырып, жас түлектердің мамандық таңдауына қатысты қандай кеңес берер едіңіз? – Сөздің ашығын айтар болсақ, биылғы мектеп бітірушілерге мамандық таңдау мәселесінде қандай да  бір күрделі кеңес беруге кеш қалдық. Өйткені, олар болашақ мамандығын ерте жастан таңдап алуы тиіс деген ойдамын. Мұны ғылыми-зерттеулер де дәлелдейді. Ең тиімді кезең 11 жастан бастау, өзі қызығатын пәндерге бейімделу, 15-ке келгенде мамандық таңдау. Негізі мамандық таңдау мәселесі өте өзекті. Себебі, бүгін таңдаған мамандығыңыз болашағыңызды айқындайды. Алайда мамандық таңдауда қазақтың «көрпеңе қарай көсіл» деген қағидасы маңызды рөл атқарады. Өйткені мамандық таңдау кезінде болашақ қызмет атқаратын сала бойынша білім деңгейі өте маңызды екендігін ұмытпау керек. Ал ол әзірше тек ҰБТ мен кешенді тестілеуден жинаған ұпайларымен өлшенеді. Таңдаған мамандыққа қажетті тестілеуде «ұпайы түгел» болса, ол  – қуанарлық жағдай. Дегенмен, кейбір жастар түрлі себептерге байланысты қажетті балл жинай алмай қалады. Бұл өз кезегінде армандаған мамандығына түсуге кері әсер ететіні сөзсіз. Бірақ, тестілеу кезінде жинаған ұпайы көңілден шығатын деңгейде болмаса да, арман еткен мамандықты оқуға ниет ететіндер болады. Олар сөз жоқ, өзі қалаған мамандыққа құжат тапсырып, байқауға қатысып көруге бел буады немесе ақылы түрде оқуға шешім қабылдайды. Сонымен қатар, келесі жылы кешенді тестілеуге қатысуды ұйғаруы да мүмкін. Осы жерде бір ой салғым келеді, таңдауыңыз өзіңізге лайықты. Егер басынан бастап қажетті білім деңгейі болмаса, мүмкін басқа мамандыққа бағыт өзгерткен дұрыс болар. Мәселе тек оқуға түсіп кеткенде емес қой, қызмет атқарған кезде де білімі төмендердің сала бойынша шыңға шығуы екіталай. Тағы да бір жағы бар: адамның бала күннен армандаған мамандығына мемлекет аз грант бөлді. Сол себептен конкурс жоғары, түсу қиын. Бұл жағдайда да ойлану керек. Егер мемлекеттік тапсырыс аз болса, алдағы жылдары еңбек нарығындағы сұраныc төмен болғаны. «Арманымды қалай болса да орындаймын, ақылы оқимын» деп шешсе де, болашақта жұмыс табу қиын болатынын түсіну керек. Мамандық таңдағанда осы мәселелерді ескеру қажет. Менің ойымша, «тек өзім білемін» дегенге салмай, мемлекеттің экономикалық даму бағытын, болашақ жұмыс табу мүмкіншілігін, таңдаған салада айлық мөлшеріне дейін ескеруі керек. Мамандық таңдау кезінде романтик емес, прагматик болу қажет. – Сөз басында «мамандық таңдауға қатысты ақыл-кеңес айтуға кеш қалдық» дедіңіз. Неге? – Себебі, биылғы түлектер қазірдің өзінде ҰБТ мен кешенді тестілеуде төртінші пәндерін таңдап қойды. Енді ештеңені өзгерте алмайды. Дегенмен, аптаның соңына дейін осы төртінші пәнге байланысты белгілі бір мамандықты таңдауға болады. Өкінішке қарай, мамандық таңдау ісінде мектептерде дұрыс бағыт-бағдар әлі де берілмей келеді. Мысалы, мемлекеттік білім гранттарының қалай бөлінетіндігі туралы ақпарат аз. Соның салдарынан көп жастар қай пәнді таңдау керек екендігін дұрыс білмейді. Іс жүзінде ҰБТ мен кешенді тестiлеу кезінде таңдалатын төртінші пәннің ішінде ең көп мамандық физика пәнін таңдағандарға бұйырмақ. Яғни, барлық бөлінетін мамандықтардың 45,9 % – физика, 26,3 % – биология, 7,8% – география, 5,2% – химия пәнін таңдаған түлектерге арналып отыр. Сонда қалған 15 % мамандықтар шығармашылық емтихандар тапсыратындар мен  әдебиет, дүниежүзі тарихы, шет тілдерін төртінші пән ретінде таңдағандарға бұйырмақ. Бұл ақпараттар ҰБТ мен кешенді тестілеу басталмай тұрып белгілі болғанда жастарымыз көп қателеспес еді. – Пәндер бойынша жағдай белгілі болды. Салалар бойынша биыл қалай? – Өздеріңізге мәлім, биыл 32168 білім гранты бөлінді. Бұл гранттардың 40,7 пайызы  техникалық салалардағы мамандықтарға бөлінген. Одан кейін 17,4 пайыз мамандық – «Білім беру» саласына, 12,2 пайызы – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру – арнаулы жоғары білім» саласына, 7,7 пайызы  «Ауыл шаруашылығы» саласына бөлінген. Міне, осылардың өзі барлық білім гранттарының 80 пайызға жуығын құрайды. Көпшілік қызығатын «Құқық», «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» және «Өнер» салаларындағы мамандықтарға бөлінген гранттар небәрі 7,5 пайыз ғана. Өкініштісі, ата-аналар мен оқушылар салалар бойынша бөлінетін білім гранттарының мөлшерін біле бермейді. Сол себепті, нарықта сұранысы төмен мамандықтарды таңдап қоятындар аз кездеспейді. – Бір сөзіңізде мамандық таңдауда прагматик болу керектігін айттыңыз. Ойыңызды ашық айтып өтсеңіз. – Жалпы, прагматик болу мен романтик болудың айырмашылығы үлкен. Прагматиктер қалыптасқан жағдайға қатысты әрекет жасайды. Тиімді жолдарды тез табады. Романтиктерде ондай қасиет сирек кездеседі. Мамандық таңдау мәселесінде де солай. Себебі, бірінші кезекте мемлекеттік даму бағытына, ашылып жатқан өндіріс орындарына, еңбек нарығындағы ахуалға назар аударуға кеңес берер едім. Өз басым жоғары оқу орнында ақылы негізде оқығандарды өз білімін толық дәлелдей алмағандар ретінде бағалаймын. Олардың сапалы маман болып шығатындығына күмәнмен қараймын. Мәселен, дәрігерлік мамандықты ҰБТ мен кешенді тестілеуде орташа балл алып, ақылы негізде оқығандар болса, мен ондай маманға жоламас едім. Өз басым ақылы білім алған дәрігерге емес, мемлекеттік грантпен жоғары білім алған дәрігерге барар едім. Бұл мәселе кез-келген мамандыққа қатысты. Екіншіден, біз бұрыннан бері ата-анамызбен, туысқандарымызбен ақылдасамыз. Мамандық таңдау жөнінде олардың кеңесіне көбірек жүгінеміз. Көбіміз балаларымыз кішкентай кезден бастап «Менің балам прокурор болады, менің балам инженер болады» деп құлағына құя береміз. Уақыттың өтіп, мамандыққа сұраныс пен ұсыныстың арасалмағы өзгергенін ұмытып кетеміз. Мысалы, әр он жылда жоғары оқу орындары оқытатын мамандықтардың тізімі өзгеріп отырады. Бұрын болмаған мамандықтар пайда болып жатыр. Қазірдің өзінде биотехнология, нанотехнология, робототехника, ақпараттық технология сынды көптеген жаңа мамандықтар пайда болды. Әр он жылда 4 мамандықтың 40 пайызы ескіріп, орнына жаңасы пайда болады. Демек, бұрын армандап жүрген мамандығыңызға сұраныс азаюы мүмкін. Ол жалпы мемлекеттік деңгейде, болмаса аумақтық сипаты болуы мүмкін. Мәселен, көптеген аймақта мұнай саласының бірқатар мамандары көп, тағы бір өңірлерде мұғалімдер, экономистер, заңгерлер көп кездеседі. Бұл кейбір облыстарда осындай мамандығы бар жастардың жұмыс табуын қиындатады. Сонымен қатар кейде мамандық алуды жоспарлаған кезде қате қадам жасап алатынымыз бар. Арнаулы орта оқу орнында да, бакалавриатта да, магистратурада да бір мамандықты оқитын азаматтар көп кездеседі. «Егер ғылыми ізденіс жасаймын» деген азаматтар болса, бұл қадам дұрыс. Бірақ маман болып шығуды көздесе, мұндай қадам қате болуы мүмкін. Мәселен, бастауыш мектепте оқыту мамандығын алайық. Бұл мамандықты колледжде оқып, бакалавриатта шет тілін оқуға болады. Бірақ магистратураға келгенде педагогика мен психологияны оқыса, маманның сапасы артары анық. Жалпы, мықты экономист болу үшін тәуір заңгер, қаржыгер болуыңыз қажет. Қосымша біліктілік ретінде соларды оқыған дұрыс. Сол себепті, колледжді техникалық мамандық бойынша, бакалавриатты басқару жүйесі бойынша, магистратураны құқық бойынша оқыса азаматтар үшін ұтымды болар еді. Сонда білім алудың әр деңгейі сізге қосымша мүмкіншілік ашады. Кеңес кезінде көбіміз «Балам жоғары оқу орнында оқып, диплом алса болды» деген ұстаныммен өмір сүрдік. Дипломы бар азаматтарды мемлекет жұмыссыз қалдырмайтын. Жұмыс істемейтін адамдарды қоғам қатты айыптайтын, тіпті жауапкершілікке де тартатын. Қазір заман басқа. Бүгінде мамандық алғанын дәлелдейтін диплом емес, біліктілік маңызды. Бір емес, үш дипломы бар азаматтарды білемін. Жұмыссыз жүр. Көтерме жұмыс істейді. Бұл ненің белгісі? Меніңше, бұл азаматтардың білімнің нағыз қадірін білмеуінің салдары. Біз оқыған мамандығымыздың білгірі болуға тиіспіз. Мамандықты жақсы меңгерсек, жұмыс та оңай табылады. – Сонда жастардың мамандық таңдауында қате түсініктердің көп болғаны ма? Орта білімді жұмысшы кадрларға сұраныс жоғары бола ма? – Иә, жұмысшы кадрларға сұраныс көп. Жалпы, таңдау жасап тәуекелге баратын өздеріңіз. Өйткені нақты кім грант иегері болатынын тек мемлекеттік конкурс шешеді. Дегенмен, өзімнің жеке тәжірибемнен қалыптасқан ойымды айтайын. Ең үлкен қате түсінік – мамандықты бұрынғы қалыптасқан көзқараспен таңдау. Қазіргі кезде экономикаға қажет 1000-нан астам мамандық бар. Біздің жастар және ата-аналары тек 100-ге жуығын біледі екен. Сол арқылы өз таңдауын шектейді. Сол мамандығы тізімнен табылмаса немесе грант аз бөлініп, конкурстан өте алмай қалса, ақылы оқуға шешім қабылдайды. Мұндай жағдайларда кейбір мамандықтың бірнеше ұқсас түрлері болу мүмкін екенін білгендері жөн. Сол себептен ең танымал мамандықтарға конкурс жоғары болады, танымал еместеріне керісінше аз. Мысалы, компьютерді жақсы білетіндер «Информатиканы» көп таңдайды. Өткен жылы осы мамандық бойынша ең төменгісі 72 балмен грант иегері болды. Ал сол мамандыққа ұқсас, бірақ атауы аз танылған «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша конкурс өте төмен болды – оған конкурсқа қатысқан талапкерлер ауыл квотасымен 53 балмен ғана грант иегері атанды. – Бірақ ата-ананың балаға мамандық таңдауда аса қатты ықпал ететіндігін жоққа шығара алмаймыз, солай ма? – Ол рас, ата-ана мен туған-туыс, дос-жарандар балалардың мамандық таңдауына қатты ықпал етеді. Бірақ бәрібір нарықтың заңдылығын ескеру керек. Сонымен бірге әр отбасының жанына жақын тартатын мамандықтары бар. Ұстаздар балаларының сол саладан алыстамағанын құп көреді. Дәрігерлер де солай. Заң қызметкерлері де. Жақында әлеуметтік зерттеу қорытындысымен таныстым. Оңтүстік Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 24 мың жас азаматтың арасында зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, ОҚО-да жұмыссыз жүрген жастардың 78 пайызының дипломдары бар болып шыққан. Оларға өздері игерген мамандықты не үшін таңдағандықтары туралы сұрақ қойылғанда, көбі «ата-анамның кеңесі бойынша таңдадым» деп жауап берген. Бұл ата-ананың да қателесуі мүмкін екендігін көрсетіп отыр. Жалпы, дәстүрлі отбасында ата-ана балаға қатты әсер етеді. Баланың өз бетінше шешім шығаруына мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде, баланың жан-жақты ақпарат алып, тиісті мамандармен кеңесіп, содан соң ғана мамандық таңдауына кедергі жасалады. Бірақ, осы «дәстүрді» бұзатындар мол табысқа кенелетіндігін байқап жүрміз. Мәселен, Елбасы жас кезінде өз әулетінің дәстүрлі шаруашылығына мүлдем сәйкес келмейтін мамандықты таңдап, металлург болды. Шаруаның баласы жұмысшыға айналды. Кейін қандай табыстарға қол жеткізгенін бәріміз білеміз. Айта берсек, мысал көп. – Яғни, мұндай табысқа қол жеткізгендер өз кезінде мобильді болған жастар ма? – Жалпы, қазақ халқы – ежелден мобильді болған жұрт. Көшпенді халықтар ұлтарақтай жердің өніміне қарап қалатын ел емес. Мал шаруашылығының ерекшелігіне байланысты ұлан-ғайыр сахараны еркін жайлаған. Атажұртымыздың әр жері қазақ үшін атамекен саналады. Еліміздің қай өңіріне көшіп барса да, ол жерді жатсынбағанбыз. Бірақ отырықшылыққа көшкен соң, көшпенді дәстүрдің мобильділігін жоғалта бастадық. Өз облысымыздан шыққымыз келмейді. Іс жүзінде жастар туған облыстарынан ұзап шығып, басқа аймаққа барып оқып, жұмыс істеп, сол өңірді мекендеп қалуы тиіс. Бұл – ішкі миграцияның ең қолайлы тәсілі. Баланың артынан ата-анасы, бауырлары келеді. Әйтпесе, жастары жер ортасына таяп қалған ересек адамдарды өзге өңірлерге апарып қоныстандыру үшін қыруар қаржы керек. Олардың ішкі көші-қонға араласуының пайдалы тұстарына көздерін жеткізу қажет. Өзіңізге мәлім, кейбір аймақтарда Кеңес одағы кезінен қалған бір ғана зауытқа сүйеніп өмір сүрген елді мекендер бар. Тау-кен, мұнай-газ саласына қатысты құрылған сондай қалашықтар аз емес біздің елде. Бүгінде сол қалалар мен елді мекендерге иек артып өмір кешкен зауыттардың көбі моральдық тұрғыда да, технологиялық тұрғыда да ескірді. Бірқатар кеніштердегі қазба байлықтар 10-15 жылда таусылатыны да белгілі болды. Бірақ сол елді мекендерді тастағысы келмейтіндер көп. Үлкендер өздері жұмыс істеген өндіріске балаларын, немерелерін орналастырғысы келеді. Сол бағыттағы мамандықты оқытады. Алайда өздері мен балаларына қажет болған мамандықтар немерелері үшін керек болмауы мүмкін екендігін ескермейді. Мұнай азайса, мұнайшы мамандығына сұраныс азаяды. Демек, кәсіп ауыстыру, мобильді болу өмір талабына айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың да қазақ жастарына бір жерде отыра бермеу керектігін айтып жүргені содан. «Қазақтар, жата бермеңдер. Олстридте тұратын АҚШ азаматы төрт сағат самолетпен ұшып келіп, Калифорнияда жұмыс істеп, кешке үйіне қайтады» деген еді бір сөзінде Президент. Елбасы өзі де мобильділік танытқан жас кезінде. Қазіргі жастардан да соны талап етеді. Өйткені дамыған елдерде еңбек нарығының тыныс-тіршілігіне бейімделу әдетке айналған. Мысалы, америкалықтар орта есеппен өмірінде 7 рет көшіп, 5 рет мамандық ауыстырады екен. Екіншіден, ұлан-ғайыр өлкемізді өзіміз игермесек, кім игереді? Егер туған еліміздің түкпір-түкпірінде біз өзіміз еңбек етіп, өзіміз гүлдендірмесек, өзгелер көз салатын болады. Мысалы, Ресей Қиыр Шығысқа назар аударуын азайтып еді, сол жаққа өзге елдің азаматтары лек-легімен келіп жатыр. Біз мұндайға жол бермеуге тиіспіз. Туған жеріміздің түкпір-түкпірін игеру – біздің азаматтық міндетіміз. Халық саны азая бастаған облыстарға біз баруымыз керек. Өзгелер емес. Ол жерлерге өз азаматтарымыз көшіп барып жұмыс істесе, тұрақты мекен етуге орналасып, сол өңірлерді гүлдендірер еді. Шетелдік жұмысшылар мен уақытша келгендер олай жасамайды. – Өзіңіз басқарып жүрген «Серпін – 2050» жобасы жастардың осылай мобильді болуына да септігін тигізетін болғаны ғой. Қателескен жоқпын ба? – Қателескен жоқсыз. Бұл жоба Елбасының өмірлік тәжірибесінен алынды деуге де болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да жас кезінде өзінің туып-өскен жерінен сол кезде айшылық жер саналатын Теміртауға келді. Одан әрі Украинаға барып, сонда оқыды. Қазіргі «серпіндіктер» де солай. «Серпін – 2050» жобасы білікті мамандар даярлаумен қатар, жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін жасалып жатыр. Сонымен қатар бірқатар мәселелерді шешуді де көздейді. Бірінші кезекте әлеуметтік шиеленістің алдын алмақ. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көшіп-қону басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселе жыл өткен сайын күрделеніп барады. Алдағы жылдарда индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айрықша байқалмақ. «Серпін – 2050» жобасы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешуді көздейді. Егер біз қазірден бастап өз кадрларымызды өзіміз даярламасақ, амал жоқ, кәсіпорындар шетелдерден мамандар алуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде қаржының сыртқа кетуіне, біздің мамандардың жұмыссыз қалуына әкеліп соқтырады. – «Серпін – 2050» жобасының сіз атап өткен мәселелерден бөлек қандай артықшылығы бар? – Жобаның ең басты ерекшеліктерінің бірі ретінде дуальды білім беруді айтар едім. Яғни, болашақ жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатып, тәжірибелерді сол мекемелерде өту арқылы келешекте жұмыс таңдау мүмкіншіліктерін беру талабы қойылған. Нәтижесінде, оқып жүріп болашақ жұмыс беруші мекемелерде тәжірибе жинаған жастар, оқу бітірген соң сол жерге оңай жұмысқа орналасып, ортаға тез сіңісіп кетеді. Мысалы, биыл Рудный тау-кен технология колледжін бірінші «серпіндіктер» аяқтады. Оларға дипломдарын тікелей өзіміз тапсырдық. Түлектерге Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі жұмыс та ұсынды, қызметтік пәтер де берді. Қазір сол жастар Рудныйда еңбек етуді бастап кетті. Сол 24 түлектің 13-і ұсынылған жұмыс орындарында қалса, 8-і өз білімдерін сол жердегі Рудный индустриялық институтында жетілдіруді таңдады. Өкінішке қарай 3 адам өз өңірлеріне қайтты. Былтыр жоба бойынша 7 жоғары оқу орнында, 19 педагогикалық мамандыққа 1050 грант бөлінген болса, биыл 19 жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтардың 1500 грантына қоса, 3 сала бағыты бойынша: 3 мың грант – техникалық мамандықтарға, 300 грант – ауыл шаруашылық, 200 грант ветеринария саласына бөлініп отыр. Өткен жылы жоба аясында 25 колледжге 33 мамандық бойынша жастарға 1000 грант бөлінді. Ал 2015-2016 оқу жылында колледж-дер саны 36-ға жетіп, 47 мамандық бойынша 1200 грант қарастырылған. Олардың ішінде 40 мамандық-техникалық бағытта, 7 мамандық – ауыл шаруашылығы бағыты. Өткен жылы бөлінген мамандықтар көбіне ер балаларға лайық болғандықтан, биыл арнаулы орта оқу орындарында қыз балалардың игеруіне қолайлы мамандықтарға көбірек көңіл бөлінуде. Мәселен, биыл тігінші, қоғамдық тамақтану, стандартизация және сертификация, ветеринария, электронды есептегіш машиналарының операторы мамандықтары енгізілді. – «Серпін – 2050» жобасы туралы толық ақпараттарды қайдан білуге болады? – Барлық ақпараттар www.serpin-2050.kz сайтында жариялануда. Сайттың сол жағындағы «Негізгі ақпараттар» бөлімінде «Серпін-2050» жобасы туралы толық ақпараттар жарияланған сілтемелер орналасқан. Жастарды жолдаушы аймақтарда дәл қазір штабтар жұмыс істеп жатыр. Қабылдау комиссиялары орналасқан қалаларда біздің өкілдеріміз іссапармен жүр. Республикалық үйлестіру кеңесінің What’s App қосылған байланыс жүйесі: 8 701 515 20 50 нөмірі – жұмыс істеп тұр. – Жобаны басқару, ұйымдастыру ісі қалай жүргізіліп жатыр? – Қазір жоба бойынша республикалық үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Одан бөлек жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында «Серпін» ұлттық әлеуметтік даму қоры құрылған. Қорға жобаға қатысушы жастар волонтер ретінде тіркеле алады. Қазірдің өзінде бірқатар жастар өз облыстарында қабылдау комиссияларының жұмысына жәрдемдесіп, жастарды жобаға көптеп шақыру үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қор қызметкерлері жастарға қосымша біліктілік беретін бірқатар курстар ұйымдастырды. Ағылшын тілі, ІТ технология салаларында алғашқы «серпіндіктерге» дәріс үйретіп жатырмыз. Жобаға қатысушы оқу орындарымен жұмысты жүйелеп, мақсат-мүдделерімізді тоғыстыру үшін «Серпін» білім беру ұйымдарының ұлттық қауымдастығын» аштық. Сол ұйымның төрағасымын. Көптеген кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындары бұл қауымдастыққа кірген. Алда білім саласына қатысты көптеген жұмысты осы қауымдастық аясында жүзеге асырамыз деген ойдамыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар