Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыстық «Егінжай-2015» семинар-кеңесіне қатысты. Семинар-кеңес ауыл шаруашылығы бойынша жақсы табыстарға жеткен Байзақ, Меркі аудандарының дихандар баптаған алқаптарында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, бірқатар басқарма мен аумақтық инспекция басшылары, аудан әкімдері, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, ауылдық аймақ әкімдері, ауыл шаруашылық құрылымдарының жетекшілері және БАҚ өкілдері шақырылды. Кеңеске қатысушылар өз жұмыстарын Байзақ ауданындағы «Шарипов» шаруа қожалығының 70 гектарға тамшылатып суару тәсілімен өсірілген пияз алқабынан бастады. Аталған қожалық алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізуге 22,4 миллион теңге жұмсалыпты. Шаруашылық басшысы Тимур Шарипов былтыр 40 гектар пияз егіп, гектарына 120 тоннадан өнім алғанын, биыл да сол межеден төмендемейтінін жеткізді. Есесіне үлкен несиені екі-үш жылда өтеп тастауға мүмкіндігі мол. Қожалық төрағасының іскерлігіне, жаңашыл істен жасқанбайтын батылдығына облыс басшысының көңілі толды.
Одан кейін олар осы ауданда бес гектар алқапқа тамшылатып суару тәсілімен интенсивті алма бағын өсіруді жүзеге асыруды қолға алған «Ниет» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 44 миллион несие алып, бақ өсіруді бастап кеткен. Биыл Түркия елінен әкелініп отырғызылған алма көшеттерінің әр гектарынан келесі жылы 14 тоннадан өнім алуға болады. 2017 жылы әр гектар алмадан – 28, одан әрі жылына гектарына 50-60 тонна өнім жинауға мүмкіндік бар. «Ниеттіктер» алдағы жылдары интенсивті алма бақ көлемін 20 гектарға жеткізіп, бау басынан мың тонна алма сыятын қойма салуды көздейді. Мұндай табыспен екі-үш жылда несиені өтейтіндеріне «Ниет» қожалығының өкілдері нық сенімді. Облысымызда қант қызылшасын өсіру өте өзекті болып тұрғаны белгілі. Бұл жұмысқа кезінде Еңбек Ері атанған қызылшашыларымен танымал байзақтықтар белсенді кірісіп отыр. Биылдың өзінде 1500 гектарға тәтті түбір өсірген бұл аудан жұмыстың қиындығын елейтін емес. Сондай мақтаулы қожалықтың бірі – «Талап». Қызылша өсіруде бірнеше жыл табысқа жетіп жүрген қожалықты нағыз істің адамы Маут Фазулов басқарады. Маут биыл 50 гектарға қант қызылшасын егіпті. Тамшылатып суарады. Ол кеңеске жиналушылар алдында келесі жылы қант қызылша алқабын жүз гектарға жеткізетініне және жоғары өнім алатынына сендірді. «Сонда мен өндірген қант қызылшасының өзі Тараздағы «Қант» зауытына бір айдан астам уақыт тұрақты жұмыс болады. Есесіне әр гектарына 60 мың теңге, зауытқа өткізгенде әр тоннасына 1,5 мың теңге субсидия аламын», – дейді М.Фазулов. Облыс әкімі осы сәтте ризашылығын жасырмады. «Біз бүгін осындай табысты, өнімді жұмыстарды көріп, аудандардың өзара тәжірибе алмасуына жиналдық. Мәселен, Маут Фазулов секілді тағы 5-6 қызылша өсірудің патриоттары шықса, Тараздағы «Қанат» зауытын да, Меркідегі зауытты да алты ай бойы тәтті түбір өнімімен қамтамасыз ете аламыз. Кеңес одағы кезінде гектарына 500 тонна қызылша өсіргендерге Еңбек Ері атағы берілген. Сондықтан, «Талап» шаруа қожалығының жұмысы – барлық өңірге үлгі», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Одан әрі семинар-кеңес жұмысы Меркі ауданында жалғасты. «Егінжай-2015» жиынына қатысушылар алдымен Бақыт Сауранбаев басқаратын «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Мұнда «Айдаред», «Голден делишес», «Старкрымсон», «Салтанат» секілді алма көшеттерінің түрлері өсіріледі. Бақыт Оспанұлы мұндағы алма көшеттерінің әр гектарына кемі 50-70 тонна өнім беретінін сенімді айтты. Облыс әкімі алма көшеттерін шетелдерден әкелгенше Меркідегі жергілікті көшеттерді пайдалануды барлық аудан әкімдеріне нақты тапсырды. Мемлекеттен бөлінетін субсидиялардан бөлек облыстық қазынадан да мұндай пайдалы шаруашылықтарға қолдау көрсетілетінін айтып өтті. Осы жерде облыс әкімін жағалай қойылған үлкен стендтер арқылы өңірдің ауыл шаруашылығы жұмыстары барысымен аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов хабардар етті. Меркіліктер биыл ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде облыста рейтинг бойынша бірінші орынды иеленіпті. Ауданда бүгінгі таңда 4 мың 700 бас мал бордақылануда. Келесі жылы тағы 6 мың бас мал семіртілмек. Меркі өңірінде 130 гектар алма, 70 гектар жүзім тамшылатып сурау тәсілімен өсірілуде. 1350 гектарға себілген қант қызылшасының шығымы да жаман емес. 150 басқа арналған сүт фермасы табыстың бір көзі болса, 19 мың гектарға себілген жоңышқа өнімі де қыстай малдың азығы болатыны анық. Аудан басшысының бұл жолғы есебіне облыс әкімінің көңілі толды. Семинар-кеңеске жиналғандар 20 гектарға интенсивті алма бауын өсіріп жатқан «Совет», 3000 бас малды бордақылауға көшкен «Олжа», жаңа тауарлы сүт фермасын құрған «Бахор» шаруа қожалығында да болып, нәтижелі істі көздерімен көрді. Қанат Шайхиев басқаратын «Сыпатай батыр» шаруа қожалығының 100 гектарға жаңбырлатып суару арқылы өсіріп жатқан қант қызылшасы, 250 гектарға себілген күздік бидайы, 55 гектар дәндік жүгерісі көңіл аударарлық. Шаруашылық жетекшісі қызылшаның гектарынан 600-700 центнер, күздік бидай гектарынан – 35, жүгеріден 90 центнер өнім алатынын жеткізді. Облыс әкімі «Сыпатай батыр» қожалығы алқабында жүрген «Нива» комбайнының руліне отырып, бидай орып көрді. Келесі сәтте облыс басшысы бастаған семинарға қатысушылар аталған қожалық алқабына қойылған ауыл шаруашылығы техникасы көрмесімен және асыл тұқымды ірі қара өсіруші шаруашылықтардың жетістігімен танысты. Семинар-кеңес жұмысын қорытындылаған жиында академик Әзімхан Сатыбалдин, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серік Кененбаев сөз сөйлеп, облыстағы табысты жұмыстарға көңілдері толатынын, бірақ жердің құнарын сақтауды, асыраушы жер-ананы ардақтауды көпшіліктің есіне салды. Жиынды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытындылап, екі аудандағы озық тәжірибелерді басқа аудан әкімдері, шаруа қожалық басшылары басшылыққа алу қажеттігін ескертіп, екінші дәрежелі банктер арқылы шалғай ауылдардағы шаруашылықтарды қаржыландыруды, мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламаларының орындалуын қадағалауды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевке тапсырды.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Байзақ, Меркі аудандары.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді