Австрия халқы қазақ өнеріне тәнті болды
Қазақ даласының қоңыр сазы мен нәзік үні Альпі тауларына жетті,-деп жазады 24kz.
Нұржамал Үсенбаева, Айман Мұсақожаева, Сара Асабаева және Төлеген Мұхамеджанов сынды Қазақстан эстрадасының айтулы өкілдері Австрияда концерт өткізді. Бір жарым сағатқа созылған ән мерекесін жергілікті өнерсүйер қауым қалай қабылдады? Әдемі сопрано, әуезді скрипка, жүрек қылын қозғайтын фортепиано және әуенге ғашық көрермен. Қазақтың тілін түсінбесе де, Еуропа жұрты баға жетпес өнер мен сұлулықтың тілін түсінеді. Бұл кеш Австрияның Гутенбрунн аталатын кішігірім мекенінде өтті. Жиылған халық Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Ғазиза Жұбанова, Мансұр Сағатов, Евгений Брусиловский секілді басқа да әлемдік классиктер мен қазақтың халық әндерін тыңдап, орындаушыларға тәнті болып қайтты. Нұржамал Үсенбаева, ҚР халық әртісі: - Тыңдаушылар өте жақсы қабылдады. Әсіресе халық әндерін тыңдады, тіпті түсінді деп ойлаймын. Біздің әндеріміз керемет қой. Қазақ өнерін насихаттау – мен үшін үлкен парыз. Қазақ халқының кеңпейіл көңілі мен байтақ даласының дархандығын Австрия жұрты ән арқылы түсінген сыңайлы. Зал толы көрермен шапалақтарын аямай, кеудені кернеген қуаныштарын жасыра алмады. Бұның барлығы әншілерге көрсетілген құрмет еді. Анна-Мария Фигдор, көрермен: - Қазақстанның әні мен әуені мен үшін жаңалық болды. Олардың орындау техникасы мен соншалық беріліп айтатындары таңқалдырды. Біз оны сезіп отырдық. Иоханна Пангерль, көрермен: - Қазақтың әуені өте өткір, жүрекке жетеді. Бізге талантты адамдар келгенде шексіз қуанамыз. Тағы келсе екен дейміз. Австрия тарапынан өткізілген қазақ әнінің кеші бір жарым сағатқа созылды. Лайықты бағасын берген көрермен жерлестерімізге деген алғысын сахна сыртында да білдіріп жатты. Төлеген Мұхамеджанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор: - Әрбір өнер адамының осындай халықпен кездесуі екі елдің қарым-қатынасын ары қарай ұлғайтады да, жылытады. Өйткені өнер арқылы адамдар бір-бірін ерекше ұғады. Тілмаш керек жоқ, шекара жоқ. Өнер арқылы адамдар бір-біріне жүрек төрінде жатқан сезімдерін сыйлайды. Бұған дейін Альпінің баурайында «Астана балет» труппасы, пианист Гүлжан Үзенбаева, скрипкашы Аида Аюпова өнер көрсеткен екен. Енді Австрия халқының өнерге ғашық жүректерінен қазақ операсының бұлбұлдары да орын алатыны сөзсіз. Авторлары: Кәусар Аяпбергенқызы, Айсұлу Кусаинова, Филип Моран
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді