«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дән егіп терлеген, қазағым мықты ғой!

Дән  егіп  терлеген, қазағым  мықты  ғой!
ашық дереккөз
Дән егіп терлеген, қазағым мықты ғой!

Егінжайдағы нан иісі

43 мың гектарға жуық жерде жайқалған Қордай астығына орақ түскелі бірнеше күн болды. «Благовещенка», «Қақпатас», «Сарыбұлақ», «Нұрал», «Алмаз» тәрізді агроқұрылымдар алдымен ертерек піскен таулы және тәлімі егістіктердің өнімін жинауда. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Молдабековпен бірге аптап күнде дихандар дән сапырған «қызу нүктелерді» бетке алып келеміз. Алдымызда Бетқайнар ауылдық округінің егістік алқаптары. Биыл бұл аймақта 5332 гектар астық өсірілді. Оның ішінде күздік бидай – 2600, арпа – 1370, дәндік жүгері 1362 гектарды құрайды. Бұл жерлер жүзден аса шаруа қожалықтары мен бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Біз сол жалғыз серіктестік – «Нұралдың» егінжайына бұрылдық. Оның төрағасы Дүйсен Онгелдиевтің өзі де қызу жұмыстың басынан табылды. Ауылдан онша қашық емес жердегі дән «теңізінде» екі «дала кемесі» жүзіп келеді. Екеуі де алымдылығы жоғары шетелдік комбайндар екен. Бірі лизингке былтыр ғана алынған «Вектор» болса, екіншісі – бес жылдан бері қапысыз жұмыс істеп келе жатқан америкалық «Челенджер». Комбайншылар Николай Лукьянов пен Алексей Абылқасымов өздері тізгіндеген техникамен соңынан баяу шаң көтеріп, шақырайған күн астында көкжиекке сіңіп барады. Комбайндарға бекітілген екі жүк машинасының жүргізушілері Талғат Олжабаев пен Марат Шартыков егінжай мен қырман арасында тынымсыз астық тасып жүр. Олар бір айналып келгенше комбайн бункері толып дайын тұрады. – Мына тәлімі жердегі 150 гектарлық «Бәйшешек» сортты арпаның түсімі әзірге гектарына 15 центнерден айналуда, – дейді Дүйсен Батырбекұлы. – Қырдағы егіннің жайы бұдан анағұрлым жақсы. Жалпы, биыл жауын-шашынның молдығынан астық та, шөп те бітік өсті. Алдын ала есебіміз бойынша барлығы мың жарым гектар арпа мен бидайымыздың өнімділігі орташа гектарына 30 центнерден кем болмайды деп отырмыз...

Расында да, бірер күнде орыла бастайтын келесі беткейдегі күздік белуардан келеді екен. Масақтары толысып, дән толы қауыздарын ауырсынғандай аптап күннің астында мүлгіп тұр. Апшыны қуырған ыстық пен аңызақ желдің өтінде әбден қоңырқай тартқан бидай алқабынан нан иісі сезілгендей. 

Күздік бидайдың бұл «Стекловидная-24», «Безостая-1», «Богарная-56» сұрыптары Қордай топырағына әбден жерсінген, аудандастырылған тұқым, деді Н. Молдабеков. Мына «Нұрал» ЖШС-ның да мың гектардан аса алқабын алып жатыр. Олар өзіміздегі тұқым шаруашылықтарынан алынып себілді. «Не ексең соны орасың» деген қағиданы білетін және бұлжытпай орындайтын мұндай агроқұрылымдарымыз баршылық. Аудан тасын өрлетіп отырған осындай білікті азаматтарымыз ғой, деген ол серіктестік басшысымен бірге егіннің ішіне бойлай еніп, бидай масағын алақанға үгіп, дәндерін санап байқап, кемінде отыз центнерден өнім болады, деді толық сеніммен. Серіктестік қырманындағы «астық таулары» күн санап биіктей түсуде екен. Механикалық қырман жаңа егіннің астығын қабылдауға алдын ала толық әзірленген, дән тазалағыш агрегаттар, қоймалар жұмысқа дайын, жұмысшылары іріктелген.

Шөп дегенің мая-мая

Егін орағымен қатар шаруашылықта жемшөп дайындау қарқыны да жоғары. Бүгінге дейін жоңышқаның алғашқы орымынан 1200 тонна пішендеме бастырылыпты. 3000 тонна шөп дайындалған. 250 гектар дәндік және 50 гектар сүрлемдік жүгері және бар. Шабылған пішен тайланып мал баздарына жеткізіліп жатыр. Әр қыстаудың басында мая-мая шөп. Биыл шаруашылық өз малына кемінде екі жылдық жемшөп қорын дайындау мүмкіндігін пайдаланып қалмақ. Мал дегенде үш жүз бастан асатын ірі-қара, 2200 қой, жүз елу жылқы болса, 120 сауын сиырмен аудандағы санаулы сүт фермаларының бірін ұстап отыр. Одан күніне бір тоннадай сүт қабылдаушыларға жөнелтіліп, «тірі» ақшаға айналып шаруашылық кассасына түсіп жатады. Осы күзде солтүстік облыстардан асыл тұқымды 60 құнажын сатып алып сүт өндірісін нығайта түсу көзделіп отыр екен. «Нұрал» ЖШС-дағы «бәрекелді» дегізетін тірліктер мұнымен бітпейді. Серіктестікті жиырма екі жылдан бері басқарып келе жатқан Дүйсекең – Дүйсен Онгелдиев уақыт көшінен қалмай, жаңаны жатсынбайтын білікті агроқұрылым басшы-ларының қатарында. Кезінде Социа-листік Еңбек Ері Леонид Хан, Валерий Леонидович Городецкий тәрізді кеңестік «қызыл директорлардың» талайымен қызметтес болып солардың іскерлік тәжірибелерінен тәлім алған оның өзі де бүгінде өзгелерге ақыл айтып, жөн сілтер жаста. Ол күні өткен баяғы ескі техникаларды қанша жамап-жасқағанмен ұтарыңның шамалы екенін білгендіктен, шығынынан қашпай трактор паркін жаңартуда біраз іс тындырып келеді. Соңғы жылдары шетелдік астық комбайндарын, «МТЗ-12-21»тракторын, пішен тайлағыш, шөп маялағыш, жаңбырлатқыш техникалар сатып алды. «Катушка» деп аталатын жаңа үлгідегі екі жаңбырлатқыш қондырғы «Агроқаржы» АҚ арқылы лизингке биыл алыныпты. Әрқайсысы 17 миллион теңге тұратын олар жоңышқа мен жүгеріні суаруға қойылыпты. Екеуін бір ғана оператор басқарып отыр. Арықпен су келмейтін тәлімі жоңышқалық бұрын бірінші орымнан кейін шалғыға ілінбей күйіп кететін болса, енді жаңбырлатып суару арқылы екінші, үшінші қайтара орып алуға мүмкіндік туып отыр. Жүгерінің де түсімі артқан. Бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған ылғал үнемдеу технологиясы да бұларға жат емес. 30 гектар пияз, 8 гектар картоп, 3 гектар қызанаққа алматылық «Ақ жол» фирмасының көмегімен тамшылатып суару жүйелері жүргізілген. Мұның барлығын бақшашылар бригадирі Борис Ханның жетекшілігімен небәрі төрт адам күтіп баптауда. Химикатсыз табиғи жолмен өсіріліп жатқан бақша дақылдарының біраз бөлігі өз жұмысшыларына тегін берілмекші. Сондай-ақ, серіктестіктің табысын тасытып жүрген механизаторларға тиісті жалақыларының үстіне, еңбек үлесіне қарай бір тоннаға дейін кәусен астық пен шөп те тегін беріледі. ...Күн кештетсе де қырқа беткейлерде еңбек дүбірі басылар емес. Шаңдақ жолдармен астық тасыған көліктер, тіркемесіне шөп артқан тракторлар ерсілі-қарсылы жөңкілуде. Кәдімгі, көз байланғанша дамыл таппайтын ауыл тірлігі.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар