Немесе айтыс өнерінің облыстағы жай-күйі хақында
Айтыс – қазақтың қайсар болмысын, «Сен тұр, мен атайын» мінезін, шаршы топта сүрінбей сөз бастайтын шешендігін танытатын, сөйтіп көрерменін қара өлеңнің құдіретіне таңдай қақтыратын ғажайып өнер. «Айтыс – сөз барымтасы» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов дөп басып айтқан. Тіпті, айтыскерлік өнер қазақ суырып салмалылығының баламасы секілді айтылып келе жатқалы да жүздеген жылдар жылжыды. Демек, қазақ барда айтыс бар. Ғасырлардан жалғасқан тарихы мол бұл ғажап жанр қазақтың өзі десек те артық кетпеспіз. Арғы ғасырларды қозғамағанның өзінде өңір айтыскерлері жайлы айтарымыз аз емес. Өткен ғасырда тарихқа өшпес із қалдырған екінші дүниежүзілік соғыс кезінің өзінде де республикалық айтыс өткені белгілі. Бұл нені білдіреді? Әрине, атадан мұра болған өнердің қандай жағдайда да қазаққа қажет екенін танытады. Айтыстың елімізде қайтадан екпін алып, айрықша жанданғаны ХХ ғасырдың сексенінші жылдары екенін барша айтыс жанашырлары, атамұра өнердің тұрақты көрермендері мойындайды деп ойлаймын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары белгілі ақын Жақсылық Сәтібековтің де айтыс додасына түсіп, жүлде алғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Сондай-ақ, жуалылық Әбдіғаппар Айтоқұлы да дәл осы жылдары айтыс сахналарынан абыройлы көрінгенін айта кеткеніміз әділеттілік болады. Сол жылдары түре, сүре айтыс, жекпе-жек айтыс, қыз бен жігіт айтысы керемет жанданды. Облыстар арасындағы айтыстар да көрермендер үшін ерекше қызық болған. Жүрсін Ерман айтыстың телевизиялық нұсқасын қолға алып, әр аймақта айтыс ұйымдастырып, оның телеарнадан беріліп тұруына үлкен еңбек сіңіргенін көпшілік айтып жүр. Елімізде айтыстың дамуы ерекше қарқын алған сол жылдары облыстың намысын алғаш Аяз Бетпаев, Серік Қалиев, Шырын Мамасерікова секілді айтыскерлеріміз қорғады. Аяз ақынның әуелеген әуенінің өзі қандай қарсыластың болса да мысын басып, еңсесін төмендетіп тұрғандай еді. Уытты сөзі қарсыластың көңілін аяздай қарыды. Серік Мақұлбекұлы студент кезінен республикалық деңгейге танылып, ұзақ жыл өз биігінен түспей, облыстың айтыс өнеріне адал қызмет етті. Шырын Мамасерікова қазақтың маңдайына біткен санаулы айтыскер қыздарының бірі болды. Айтысқа үлкен дайындықпен қатысып жүрген кездерінде талай рет маңдайы жарқырап, үлкен жеңістерге, қомақты жүлделерге қол жеткізді. Іле-шала облыс сахнасына таластық Шорабек Айдаровтың маңдайы жарқырап шыға келгені белгілі. Шорабек Бәтейұлы айтысқа ертерек шыққанымен, бірнеше жыл облыс көлемінде өзін шыңдап жүрді. Кейінірек республикалық айтыстарда юморлық, сатиралық стильді дамытқанын баршамыз білеміз. 1988 жылы байзақтық, марқұм Әзімбек Жанқұлиевтың республикалық комсомолдар айтысында көзге түскені барша көрерменнің есінде. Артынша Алматының төрінде өткен республикалық айтыста (республикалық телеарна арқылы барша қазақстандықтарға көрсетілген) азуы алты қарыс, айтыстың нағыз жүйрігіне айналған Әселхан Қалыбековамен айтысып, Әзімбектің бас жүлде алған сәтін де айтыстың барша тұрақты көрермендері әлі ұмыта қойған жоқ. Жоғарыда есімі аталған айтыскерлер шыққанымен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары облыстар арасындағы айтыста жамбылдықтардың жолы бола қойған жоқ. Мәселен, Семей облысымен өткізілген айтыста жерлестеріміз жапырыла жеңілген көрінеді. Бұл жағдайды белгілі жазушы-драматург, айтыс жанашыры Елен Әлімжан былай деп еске алады. – Семей облысымен (бұрынғы атауы) айтыста біздің жерлестеріміз түгелге жуық жеңілді. Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Содан өз басым өзіміздің аудандардан жас ақындар, оқушы ақындар дайындау қажет екен, сонда біздің облыстың айтыстағы туы биік болар деп ойладым. Осы бағытта жұмыстың жүруіне өзім де араластым. Облыстық телеарнаны басқарып тұрған кезімде де айтыстың эфирден көбірек берілуіне күш салдым. Содан құнарлы топырақтан дән өнгендей Байзақ ауданынан Алтынкүл Қасымбекова деген оқушы қыз шығып, тоғызыншы сыныпта облыстан озды. Оныншы сыныпта Сүйінбай Аронұлына арналып өткен республикалық айтыста топ жарып, ақ боз ат мінді. Сол жолы әйгілі Есенқұл Жақыпбековпен айтысып, ақтангер ақынның батасын алған еді Алтынкүл. Іле-шала сол Байзақтан Мұхамеджан Тазабеков шығып, республикада ұзақ жыл қарсылас шақ келтірмеді. Осылайша, көңіл бөлудің нәтижесінде облысымызда айтыс біраз жанданды. Байзақ ауданының қос жүйрігі Алтынкүл Қасымбекова мен Мұхамеджан Тазабековтің оқушы күнінен танылып, облыс айтысына үлкен олжа салғанын өзіміз де біліп, байқап өстік. Олардың толағай жеңістеріне барша жамбылдық көрермен өздері жеңгендей марқайып жүретін. Бір жолы облысымызда өткен бір айтыстың ақтық кезеңінде Алтынкүл мен Мұхамеджан айтысқаны бар. Көрерменнің айызы қанды сонда бір. Мәселен, Алтынкүл сонда «Өзіңнің туып-өскен облысыңды тастап, Алматыда жүрсің», – деп тиісті. Сонда Мұхамеджан: – Алматыда бекерге жүрген жоқпын, Болсыншы әр қадамым саған сабақ. Аспирантурада оқып жүрмін, Оқы деп қойғаннан соң заман талап. Құмырсқа да аңызға бос барғанмен, Ініне қайтпайды ма дән арқалап, – деп тапқырлық танытты. Алтынкүл сонда «Бірнеше көлік мініп жүрсің, бүгінгі жолыңды маған бер», – деді. Сонда Мұқаң «Бұл көліктен дәметіп не қыласың, бәрібір жаңабайлар ұрлап кетер», – деп жауабын әдемі әзілмен жеткізе білген еді. Осындай шаппа-шап айтыстағы ойнақы мәнер, шапшаң тақырыптар қазір аз. Бұл жерде ақындық мектептерді айта кеткеніміз артық болмайды. Мәселен, Алтынкүл әйгілі Аяз Бетпаевқа шәкірт болып, сол кісінің өнегесімен шыңдалды. Аяздың айтыс жолында тәрбиелеген шәкірттері аз емес еді. Бірақ, солардың ішінде Алтынкүл мен Әзімбек жеке дара байқалып, биік шыңдардан көрінді. Мұхамеджанды Жамбыл ауданының жүйрік айтыскері Айтмұхамет Исақов тәрбиеледі. Балапан кезінен баулып, толысқан, жан-жақты шыңдалған, қанаты қатайған қыран деңгейіне көтерді. Тіпті, Мұхамеджан Тазабековтің талай жылғы жаз айларындағы уақыты Айтмұхамет Исақов ақынның ауылында өтті. Ұстаз бен шәкірт қазақы ауылда жүріп, теңеу іздеді, айтысқа ойлар қарастырды. Өсу, шыңдалу, іздену үстінде болды. Нәтижесінде Мұхамеджан Тазабеков республикалық айтыстардан үнемі бас жүлдемен оралса, Айтмұхамет ақын облыстық айтыстарда қарсылас шақ келтірген жоқ. Содан кейін Айнұр Тұрсынбаева Мойынқұм ауданының бір мектебінде тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде «жарқ» ете қалды. Айнұрдың өсіп жетілуіне ұстазы Серік Қалиев ерекше еңбегін арнады. Осы күні есімі елімізге кеңінен таныс айтыскер Ахметжан Өзбеков те осы Серік Мақұлбекұлының шәкірті. Бүгінде Айнұры мен Ахметжаны жеке дара жетіліп, бұтағын кеңге жайған жеміс ағашындай облысымыздың олжалы ақындарына айналды. Шәкірттерді ең көп дайындаған және өзі де өзге айтыскерлерден ұзағырақ айтысқан ақын – Шорабек Айдаров. Таласта тұрып, Ақкөлден балық аулағандай, кең даладан ой аулады, теңеу терді, сезім қуалады. Текті Таластың ауылдарынан жас ақындарды іздей жүрді. Тапты. Бірнешеуін тапты. Еңбегі далаға кетпеді. Үшаралдан Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенованы тапты. Кейінірек Ербол республикалық айтыста бірнеше рет жүлде алса, тіпті отыз жасында орда бұзып, Шу ауданында өткен Төле бидің 330 жылдық тойында республикалық айтыста бас жүлдені иеленді. Тамдыдан табылған оқушы ақын Шырынбек Қойлыбаевтың да қанатын Шорабек ақын қатайтты. Бала күнінен тәрбиелеп, Шырынбекке көп өнегесін үйретіп, тәжірибесін бөлісті. Есесіне Шырынбек айтыс биігінде қырандай қалықтады. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық тойында өткен халықаралық айтыстың бас жүлдесі Шырынбек Қойлыбаевқа бұйырды. Осы айтыс Шырынбектің әйгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековпен жақын танысуына жол ашты. Мырзекең Шырынбектің талантын бағалап, бұдан былай өзі қамқорлығына алмаққа уәде етті. Жолдасбеков күні бүгінге дейін сол уәдесінде тұрып, Астанаға алдырып, Шырынбекті қанатының астына алып келеді. Бірақ, біздің облыс талантты бір ақынын өз жерінен бәйгеге қоса алмай қалды. Осындайда айтыспен «ауырған» Айтмұхамет Исақовтың: – Армысың, ақын ағам Ақкөлдегі, Отырмын өз бағаңды ап бергелі. Өзіңменен айтысқан айтыскерлер, Біреуі актер деді, шахтер деді. Ауада жайылса да небір есім, Бәрі де бір атыңа шақ келмеді. Облыста сендей ақын некен-саяқ, Сенбесең қос қолыңды ап кел бері, – деген шумақтарын еске ала отырып, сол Айтмұхамет қазір қайда жүр дегіміз келеді. Жамбыл ауданында көмекші шопан болып жүргенін естігенде көңіл құлазиды. Әрине, бұл жерде шопан жұмысын кемсітіп тұрғанымыз жоқ, бірақ талантты ақынның 50 жастан асқанша тиянақты жұмыс таба алмағанын жергілікті басшылардың немкеттілігі демей не дейік? Әйтпесе, алаңсыз шәкірт дайындайтын кезінде Айтмұхаметтің сақпанда жүріп несі бар? А.Исақовтың Жамбыл ауданынан айтыс клубын ашу жөнінде аудан әкіміне тың ұсыныс айтып жүргенінен хабардар едік. Енді бұл ауданның жаңа әкімі Мәден Мұсаев белгілі айтыскер Айтмұхаметтің ұсынысына жанашырлықпен қараса, айтысқа деген қамқорлығы болар еді. Шу ауданы дегенде ақын Базарбай Асқаров еске түседі. Ол бірнеше жыл айтыс сахнасынан түскен жоқ. Топ жармаса да ортаңғы деңгейден төмендемеді. Қазір Шудан ағайынды Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтер шығып жүр. Нұрланның Шу жерінде өткен бір айтыста әйгілі Бекарыс Шойбековпен әдемі айтыс жасағаны да ел есінен кете қойған жоқ болар. Қазір Шу ауданынан Айым Көшербай жақсы өнерімен, жақсы талабымен танылып келеді. Мойынқұм ауданынан Әділ Қожа деген ақсақал айтысып жүрді. Кейіннен Мейіржан Тәтиев деген жас ақын біраз жарқырап көрінді. Дәл қазір Мойынқұмның Мейіржанында бұрынғы екпіні, шабыты жоқ секілді. Қордай елінің жүйрігі Күміскүл Сәрсенбаева соңғы он бес жыл көлемінде үлкен жүлделерге ие болып, барша жамбылдықтарды қуантқаны бар. Бірақ, сол Қордайдан Күмістің сіңлілері неге шықпайды? Аягөз Тілеужан деген оқушы қыз айтысып жүр. Бірақ, оған Күміскүлдің тәрбиесі, жанашырлығы, ұстаздығы қажет секілді. Меркіден Шырын Мамасерікованың сіңлілері жарқырап шығатын мезгіл жетті емес пе? Хас талант Бауыржан Үсенов шыққан Жуалы ауданынан да (қазір тұрғылықты мекені Алматы қаласы болған Қанат Мырзаханды айтпағанда), Айтмұхамет пен Ахметжан шыққан өңір Жамбыл ауданынан да (жас айтыскер Нұрлыбек Құрманов бұл күнде жаңалық емес) кейінгі толқын айтыскерлер топ жарып шықса деген тілекте жүрміз. Байзақ ауданының жас жүйрігі Әсет Дүйсебаевтың былтыр «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған айтыстарда қалай жарқырап көрініп, жүлде алғанын көзіміз көрді. Байзақтық Дархан Әбдіманат, Рай Дөңбай, Шалқар Кеңесбек (биылғы республикалық оқушылар айтысының бас жүлдегері) секілді жас жүйріктер де болашағынан үміт күттіреді емес пе? Тараздан шыққан оқушы айтыскер, 2014 жылғы республикалық «Жыр алыбы – Жамбылым!» айтысының бас жүлдегері Дидар Апбасовтың да болашағынан күтер үмітіміз үлкен. Бір кездері Меркіден Мұса Күзенбаев, Мейіржан Жекебаев деген жас ақындар көрінді. Осынау екі жас ақынды тәрбиелеуге күш салғанбыз. Мұса кейіннен актер мамандығын таңдап, айтысқа мойын бұра алмай кетті. Әйтпесе, Мұсаның суырып салмалығы, тапқырлығы сол кезде жас айтыскерлердің барлығынан жоғары еді. Мейіржан Жекебаев қазіргі таңға дейін жастар айтысында көрініп жүр. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, былайша айтыспен алаңсыз айналыса алмай келеді. Тиісті қолдау көрсетілсе, Мейіржанның жарқырап көрінер шағы алда секілді. Құланнан шыққан Асхат Қылышбеков алматылық болып кетті. Ал жас айтыскер Аруна Керімбек Астанадағы халықаралық өнер университетінде білім алуда. Сарысу ауданында аңқылдаған Алик Бекмұсаев жүр. Соңғы жылдары оған Талғат Құсайынов қосылды. Былтырғы жылы сол Сарысудан 6-сынып оқушысы Диас Қонысбаев деген жасөспірім ақын шығып, республикалық оқушы ақындар айтысына қатысып қайтқанының өзін үлкен олжа санадық. Бұл – Сарысуда айтысқа жанашырлық барын көрсетеді. Жергілікті айтыскерлерін бағалайтын, жергілікті жерде көбірек айтыс өткізетін бірден, бір басшы сол Сарысу ауданының бұрынғы әкімі Қанатбек Мәдібек болатын. Сөздің түйінін айтқанда біздің облыс бір кездері кілең мықты айтыскерлердің шоғырланған ордасы болды. Сондықтан, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, 15-16 жылға жуық жамбылдық айтыскерлер елімізде бас бармақпен бағаланды. Тіпті, басқа облыстың айтыскерлеріне жамбылдық айтыс жүйріктерімен сөз сайыстырудың өзі үлкен абырой болған кезеңдер өтті. Ол кезде сырт облыстың айтыскерлері Жүрсін Ерманға «Ойбай, жамбылдық айтыскерлерге жұптай көрмеңіз» деп жалынса, қазіргі таңда өзге облыстағы сөз шеберлері «Жүрсін ағай, мені жамбылдық айтыскермен жұптаңызшы» дейтін болды. Бір кездері біздің облыс айтыскерлерінің атағынан ат үрікті. Айбарынан сескенді. Қазір, шыны керек, жамбылдық айтыскерлерде айбар қалған жоқ. Бірен-саран абыройлы айтысып жүргендері бар шығар. Бірақ, командалық тұрғыдан алғанда, біздің облыс айтысы ақсап тұрғанын, шеберліктің ауылынан шет қалғанын мойындауға тиіспіз. Шорабек Айдаров пен Мұхамеджан Тазабеков айтыс сахнасын тастап, діни-ағарту саласында қызмет етіп жүр. Дегенмен, айтыс ұйымдастыру, қазылық жасау деген сияқты шаруалармен шұғылданып, айтыс төңірегінен алыс кете қойған жоқ. Айнұр Тұрсынбаева, Асхат Қылышбеков, Қанат Мырзахан, Олжас Отар, Айтбек Тұрсынбай секілді талантты айтыскерлеріміз сырт қалаларда жүр. Таразда табандап тұрып, облысымыздың намысын қорғап жүрген айтыскер жоқтың қасы. Ақындарымыздың сыртқа кетуіне не себеп сонда? «Арқа жылы болса арқар ауып несі бар?» деген сөз бар қазақта. Бекер айтылмайды. Сонда біздің облыстың айтыстағы айбарын асқақтату үшін қандай шаралардың жүзеге асқаны жөн? Қазіргі таңда біздің облыстағы айтыс жанашырларын осы мәселе мазалауы тиіс. Облысымыздан айтыс мектебі ашылса деген әңгіменің шыққанына кемі жиырма жыл болды. Ашыла қойған мектеп жоқ. Мектеп ашылмаса да біздің облыстың жасөспірім оқушы ақындары намысты қолдан бермей келеді. Мәселен, республикалық оқушылардың «Жыр алыбы-Жамбылым!» айтысының соңғы жылдардағы қатарынан үш бас жүлдесі (2012 жылы шулық Айым Көшербай, 2014 жылы тараздық Дидар Апбасов, 2015 жылы байзақтық Шалқар Кеңесбек) жамбылдық өрендеріміздің еншісінде. Бұл жерде ақындар мектебінсіз де жоғары нәтижелерге жетуге болады екен деген ұғым тумағаны жөн. Себебі, жаңағы жасөспірімдердің жеңісінде тәжірибелі ұстаздар Нұрлан Жұмабеков, Алтынкүл Қасымбекова және осы жолдардың авторының еңбегі жатыр. Бүгінгі таңда оқушы ақындарды аудандарда дайындап, тер төгіп жүрген жақсы ұстаздар бар. Олардың қатарына байзақтық Маратжан Жүнісов, сарысулық Талғат Құсайынов, меркілік Бейбіт Шошабаев, шулық Сәт Мәлібеков бар. Сәт Мәлібекұлының өзі алты-жеті оқушы айтыскер шәкірт дайындап келеді. Олардың алды ауданнан, облыстан көріне бастады. Бірақ, Сәт ағай айтыстың нағыз маманы емес. Сол кісілердің дайындап берген шәкірттерін одан әрі шыңдау үшін де ақындар мектебі керек. Жоғарыда есімдері аталған оқушылар төменгі сыныптардан бері айтыс мектебінен өткенде шеберліктері одан әрі шыңдалып, жан-жақты, айтысқа терең бойлаған өнерпаздар болып шықпас па еді? Айтыскерлік мектептің өзге облыстарда (Алматы, ШҚ) бар екенін үнемі айтып келеміз. Оңтүстік Қазақстан облысында да өнер мектебінің негізгі саласы ретінде айтыскерлік бағыт оқытылады. Сондықтан, ол облыстың жас өрендері айтыс мазмұнына терең қанып, теориялық тұрғыдан тереңдеп жетілді. Мектеп көрген бала мен өз бетінше шыққан өнерпаздың айырмашылығы жер мен көктей екені белгілі емес пе? Біздің облыста соңғы жылдары айтысқа жағдай мүлдем жасалмай кетті деуден аулақпыз. Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай айтыскерлерді жинап сөйлесті. Сол жиында айтылған мәселелерді облыс басшысына жеткізуге уәде етті. Нәтижесінде айтыс мәселесін талқылайтын ақылдастар алқасы құрылды. Бүгінгі таңда Дүйсен Бықыбаевтың қолдауымен және ақылдастар алқасының ұсынысымен бірнеше айтыскерге шапан тіктіріліп, домбыра дайындалуда. Мұны да айтысқа жасалған жанашырлық, сеңнің қозғалғаны деп түсінсек дұрыс болар. Мұның бәрі жақсы әрине. Дегенмен, облысымыздан қалай болғанда да бір еңселі айтыс мектебі немесе өнер мектебі ашылатын мезгіл жетті. Себебі, қазір бізде Алтынкүл Қасымбекова, Күміскүл Сәрсенбаева, Ахметжан Өзбеков, Алик Бекмұсаев, Асхат Қылышбеков секілді алдыңғы буын, Әсет Дүйсебаев, Нұрлыбек Құрманов, Дархан Әбдіманат секілді жастар да, Дидар, Айым, Шалқар секілді жасөспірімдер де бар. Айтыс мектебі ашылса, осы үш буынның үйлесімі табылар еді. Үш буын бірін-бірі толықтырып, толтырар еді. Содан кейін облыстық ақындар айтысын жылына кемі 2-3 мәрте өткізу қажет дер едік. Мұны аспаннан алып отырған жоқпыз. Көршілес Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында сондай. Бұл аймақтарда облыстық айтыстар жылына 5-6 мәрте өтеді. Бізде екі-үш жылда бір. Салыстырып көріңіз. Әйтеуір, Әзімбек Жанқұлиевқа арналған айтысты Байзақ ауданы жоғалтпай, екі жыл сайын өткізіп тұр. Жуалыда Бауыржан Үсеновке арналып екі жылда бір дәстүрлі айтыс өтіп тұрса өте дұрыс болар еді. Айта берсе мәселе көп. Сөздің түйініне келгенде, біздің облыстан тікелей айтыскерлерді шыңдайтын, тек осы саламен шұғылданатын бір мектептің қажеттігі анық байқалады. Ол мектепте жасөспірім ақын балалар тәрбие алса, қанеки. Сол мектепте Айтмұхамбет Исақов, Алтынкүл Қасымбекова, Ахметжан Өзбеков, Алик Бекмұсаев секілді алдыңғы толқын аға-әпкелер сабақ өткізіп, тәжірибесімен бөліссе, өнердің өскені болар еді. Әрине, ұзақ жылдан айтылып келе жатқан бұл мәселенің оң шешімін табар жағдайы көрінбейді. Бірақ, жақсылықтан үміт үзбейміз. Біздің облыстың хас жүйріктері ұзақ жыл республиканы мойындатып-ақ келді. Әлі де мойындата бермек. Тек ол үшін облыс айтысына үлкен жанашырлық, қамқорлық қажет. Біз көтерген, елдің көкейінде, ойында жүрген мәселелер шешімін табады деп ойлаймыз. Жыр алыбы атындағы облыста айтыс міндетті түрде жандануы тиіс. Әрине, ол күндер де алыс емес деп ойлаймыз. Айтысқа нағыз жанашыр басшылар бар, солар барда аймақтың айтысы жандана беретініне сеніміміз мол.
Есет Досалы, «Ақ жол». Алда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған торқалы той күтіп тұр. Республикалық ақындар айтысының өткізілуі де жоспарланған. Міне, сонда жамбылдықтардың намысын қорғап, сөзін сөйлеп, аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін қай айтыскер ақынымыз сахнаға шығады? Бар болса, оны осы бастан «суытып», айтыс аламанына дайындай бермейміз бе? Ертең кеш қалып, өкініп жүрмейік те. Жамбыл ақынның аты берілген облыста отырып, ақындарымыз әуенінен адасып, сөзінен жаңылып, ұйқасынан шатасып отырса, ұят емес пе? «Өлімнен ұят күшті». Ойланайық, басшылар, бағыландар, зиялылар!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді