Аудандарда көше атаулары әлі ретке келмей тұр
Облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның кезекті отырысы облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өтті. Комиссия отырысында Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Мойынқұм аудандарындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың атқарған істері қорытындыланып, облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның 2014 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Алдымен облыстық ономастика жөніндегі комиссияның хатшысы, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Мөлдір Абашева аудандардағы жалпы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап өтті. Баяндамашының сөзінен байқағанымыз – барлық ауданда кемшіліктер бар, жауапсыздық байқалады. Кейбір аудандарда бір кісінің атымен аталатын бірнеше көше кездессе, бірқатар аудандардың іргелі мекемелерінің маңдайшасындағы жазулар, мектеп пен балабақша кіреберісіндегі анықтама сөздердің қателері тез арада қалпына келтіруді қажет етеді. Баяндамашыдан кейін мінберге көтерілген аудан әкімінің орынбасарлары да жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жоққа шығара алмады. Мәселен, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Динара Асанова өзі қызмет ететін ауданда Абай Құнанбаевтың атымен жеті, Ғани Мұратбаев пен Мұхтар Әуезов атымен үш көше аталатынын жасыра алмады. Мұндай олқылықтарды шешу жолын қарастырып жатқандарын айтты. Мойынқұм ауданында балабақшалардың маңдайшасындағы сөздерден шикілік табылса, Қордай ауданында екі жаңа көшенің атауы жоқ, сексен көше идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды әлі иемденіп тұр. Меркі ауданында көше аншлагтары ақсап тұрғаны көңілге қонбайды. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадірәлі Шамранұлы айтып өткендей, тек аншлагты жаңғыртып, жаңартып шығуға 4-5 миллион теңге қаражат керек екен. Аудандардағы жағдай бойынша айтылған сылтаулар мен уәждерге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлының көңілі толмады. Ол бұдан былай жіберілген кемшіліктерге кім жауапты болса, сол адам жазаланып, жіберген кемшілігі аудандық, облыстық баспасөзге жарияланып, жауапсыз басшылардың салғырттығы өзгеге сабақ болуы тиістігін айтты. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Шу ауданы, Шу қаласындағы Красноармейская көшесін ҰОС ардагері Қали Үсенбаевтың есімімен атау жөніндегі ұсынысты облыстық ономастика комиссиясының мүшелері бірауыздан қолдады. Облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының 2014 жылғы атқарған жұмыстары туралы облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Наржанов хабарлама жасады. Ерлан Наржановтың айтуынша, Талас, Мойынқұм аудандарында өткен жылы бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп, олқылықтар орнына келіпті. Дегенмен, Шу ауданында 110 көшеге жаңа атау берілуі қажет болса, бүгінгі таңға дейін 47 көшеге ғана жаңа атау беру жөнінде шешім шығарылыпты. Облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшесі, жазушы Мақұлбек Рысдәулет Мойынқұм ауданындағы осы кезге дейін «Қашқантеңіз» аталып келген темір жол стансасының екі жылдан бері атауы «Көшкентеңіз» болып өзгеріп кеткенін мәселе ретінде көтерді. Жазушы барлық энциклопедияларда әлгі атау «Қашқантеңіз» болып көрсетілгенін дәлелдеп, бұл мәселеге комиссия назарын аударды. Облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев аудан әкімінің орынбасарларын сауаттылыққа шақырып, ауылдық округ атауларын қысқартпа түрінде «АО» деп жазудың қателік екенін айтып, сынға алды. Облыстық ономастика комиссиясының отырысын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, Тараз қаласының және барлық аудан әкімінің орынбасарларына нақты тапсырмаларды міндеттеді. Мәселен, аудандардағы мемлекеттік органдардың маңдайшаларын ҚР Үкіметі қаулысының талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын алдағы 1 желтоқсанға дейін толық аяқтау, жол бойындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауы жазылған көрсеткіштерді жаңарту, көшелердің тоқсан пайызын жаңа үлгіге сәйкес аншлагтармен қамтамасыз ету, бұл мақсатқа аудандық қазынадан қаражат бөлдіруге ұсыныс жасауды тапсырып, мұның барлығы келесі жиында қатаң сұралатынын ескертті.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді