бірақ ол толастамауы керек. ауданда іссапармен болған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осылай деді
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс орталығына іргелес орналасқан Байзақ ауданындағы жұмыс сапарын Жаңатұрмыс ауылдық округі Ақшолақ стансасы маңындағы «Тау-Дос» ЖШС жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенінен бастады. Аймақ басшысын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының бойында орын тепкен кешеннің құрылысымен серіктестік директоры Гауһар Тұралиева таныстырды.
Оның айтуынша, жобалық құны 240 миллион теңгені құраған кешеннің салыну жұмыстары бар-жоғы жеті-ақ айда аяқталып, ағымдағы жылдың наурызында пайдалануға берілгенін білдік. Сондай-ақ, Гауһар Алшынбекқызы кешенде 20 нөмірлі қонақ үй, жанар-жағармай бекеті, дүкен, сексен адамға арналған дәмхана және монша, медпункт, намазхана, 120 көлікке ыңғайластырылған автотұрақ секілді орындар үздіксіз жұмыс жасайтынын, онда отыз адам еңбекпен қамтылғанын тіліне тиек етті. Ал өңір басшысы облысымыздағы тұңғыш рет пайдалануға беріліп отырған кешеннің пайдалы тұсына тереңірек тоқталды.– Қазір не көп, көлік апаты, одан келіп жатқан адам шығыны көп. Оның бір себебін үзіліссіз ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдыққан жүргізушілердің тізгінде отырғанынан көрсек те болады. Міне, осындай жол бойы қызмет көрсету кешенінің бұл ретте тигізер тиімділігін ашып айту керек. Өзім көзбен көріп, риза болып отырмын. Осындай жанға жайлы, әсем безендірілген қонақ үйде алыс жолдан қажыған жолаушылар енді қажетінше жатып, тыныға алады. Мұндай жол бойы қызмет көрсету кешендерін көптеп салуды қолға алуға Елбасының өзі көңіл бөлген. Бұл сұранысқа ие екені даусыз. Алдағы уақытта өңірімізде осы секілді нысандарды еліміздің күре тамырына айналғалы отырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойына көптеп салуды жалғастыратын боламыз, – деген облыс басшысы осындай игілікті жұмысты қолға алған серіктестік басшылығына ризашылығын жеткізді. Бұдан кейін өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы Дихан ауылдық округі аумағындағы «Талап» шаруа қожалығының тамшылатып суару технологиясы бойынша егілген қант қызылшасы алқабында болды. Онда егістік жұмысымен аталмыш қожалық жетекшісі Мауыт Мазулов таныстырды. Ол қызылшаның Франциядан арнайы әкелген «Роксана» сұрыпын 50 гектарға егіп, өсіріп-баптап жатқанын жеткізді. Облыс басшысы қайта тасы өрге домалаған қожалықтың жұмысына жақсы баға беріп, тамшылатып суару технологиясы бойынша өсірілген өнім деңгейі шамамен қаншалықты болатынын сұрады. Мауыт Әскерұлы жаңа технологияның жоғары тиімділігін атап өтіп, осы жылы әр гектардан 500 центнерден өнім алмақ ниетте екенін білдірді. Осы ретте айта кету керек, аталмыш қожалықтың барлық жер көлемі 1550 гектарды құраса, оның 300 гектары суармалы. Онда күздік бидай, арпа, жоңышқа, жүгері секілді дақылдар да егілген. Аудандағы «Ниет» шаруа қожалығының 5 гектарды құрайтын инстенсивті технология бойынша егілген алма бағында болған аймақ басшысы мұндағы бой түзеп қалған алма ағаштарының келер жылдан бастап жеміс беретінінен хабардар болды. Ал «Байымбет баба» шаруа қожалығында болған Кәрім Көкірекбаев 160 бас мүйізді ірі қараны бордақылау алаңы және 110 басқа арналған шағын сүт фермасының құрылысынан жан-жақты хабардар болды. Шаруа қожалық жетекшісі Әбдіғали Берікбаев осында жеті адам жұмыс жасайтынын, олардың орташа жалақысы 40-50 мың теңгені құрайтынын сөз етті. Cондай-ақ, дәл қазір 500 бас қой бордақыланып жатқанын айтты. Облыс басшысы осында ауданның ауыл шаруашылығы және ветеринариялық қызмет саласының техникаларымен, асыл тұқымды мал көрмесімен танысты. Одан бөлек Тимур Шариповтың «Шарипов Т» шаруа қожалығындағы тамшылатып суару әдісі бойынша 70 гектарға егілген жуа алқабы да назардан тыс қалған жоқ. Жоба құны 32,4 миллион теңгені құрап, жеті адамды 50 мың теңгелік жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтың тіршілігі де көңіл көншітерлік екенін айтып өту керек. Осыдан кейін облыс әкімі Сарыкемер ауылындағы жекеменшік иеліктегі «Еңлік» балабақшасында болып, нысанның жұмыс барысына қанықты. Ол туралы балабақша иесі Алтынбек Жәмішжанов баяндады. – Біздің балабақша негізінен 75 орынға ыңғайластырылса, қазір мұнда бүлдіршіндер үш топ бойынша тәрбиеленуде. Жылу жүйеміз, су құбыры автономды түрде жүзеге асуда. Барлығы он педагог жұмыс атқарса, олардың тең жартысы жоғары білімді. Жекеменшік болған соң, әр баланы айына он тоғыз мың теңгеден қабылдаймыз. Тәрбиеленушілерге барлық жағдай жасалынған, – дейді нысан иесі. Облысымызда 36 мың балабақша кезегінде тұрғанын тіліне тиек еткен аймақ басшысы құрылыс жұмыстары 40 миллион теңгені құраған жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі. «Астананың 10 жылдығы» атындағы саябақта болған Кәрім Көкірекбаев аудандағы көгеріштендіру барысындағы тірлікке қанықты. Саябақта әзірленген өнеркәсіп және ауыл шаруашылық көрмесімен танысты. Бұдан өзге жан-жақты әзірленген стендтер арқылы ауданның әр сала бойынша атқарған жұмыстары көрсетілді. Онда аудан әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша хабарлама жасады. Айталық, Дулат Сұлтанбеков өңірдегі ауылшаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол «2013-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру» бағдарламасы аясында түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқанынан хабардар етті. Мәселен, өткен жылы барлығы 228 шаруа қожалық 18 ауылдық тұтыну кооперативі мен 10 шаруа қожалықтарына біріктірілсе, үстіміздегі жылдың басынан бері 107 шаруа қожалық 42 шаруашылыққа топтастырылған. Басқа да аудан әкімінің орынбасарлары өз кезегінде жауапты салалар бойынша нәтижелі жұмыстар барысына тоқталып өтті. Осыдан соң облыс басшысы аудандық «Туберкулезге қарсы аурухананың» құрылыс жұмыстарын барлады. Мұндағы мән-жайды баяндаған «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС-ның директоры Тимур Дабылов үш қабатты, алпыс төсекті нысанның жұмысы қалыпты жағдайда атқарылып жатқанын тіліне тиек етті. Жобаның қаражат көлемі 1,168 миллиард теңгені құраса, өткен жылы оның 450 миллион теңгесі игеріліп, үстіміздегі жылы алты айдың көрсеткіші бойынша қалған 718 миллион теңгенің 438 миллионы игерілгенін білдік. Құрылыс жұмыстарын жоспар бойынша қараша-желтоқсан айларында аяқтауға ниетті екендерін айтқан мердігер компания басшысына Кәрім Нәсбекұлы мүмкіндігінше нысанды ертерек пайдалануға беруді тапсырды. Кәрім Нәсбекұлы Дихан ауылындағы су қабылдау нысандары мен су құбыры желілерінің құрылысымен, Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулиеата Феникс» ЖШС құс етін өндіру фабрикасының құрылысымен де танысты. Жоба құны 1,923 миллион теңгені құрайтын аталмыш құс етін өндіру фабрикасының құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанына бесінші жыл екенін айтып өту керек. Қуаттылығы жылына 3500 тонна құс етін өндіруге шақталған. «Қазагроқаржы» АҚ-нан қолдау тапқан жоба қазіргі кезде «Қазагрохолдинг» АҚ арқылы қаржылануда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша инфрақұрылым жүргізу үшін 547 миллион теңге бөлініп, «Тараз-Құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын атқаруда. Жоба іске асқан уақытта 108 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Облыс әкімі ЖШС директоры Фарида Жүнісоваға құрылыс жұмыстарын қыркүйек айында толығымен аяқтауды тапсырды. Облыс әкімінің Байзақ ауданындағы жұмыс сапары аудандық әкімдіктегі актив жиналысымен қорытындыланды. Онда облыс әкімі салалар бойынша баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасарларының хабарламасын тыңдады. Ауыл шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын тізбектей келе, ет, сүт өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда артқанын айтқан Дулат Сұлтанбековке облыс әкімі бірқатар жайттарды ескертті. – Ауданда ауылшаруа-шылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы көңіл көншітерлік. Десек те, ет пен сүт өнімі біршама артқанын марқая айту жарамас. Өйткені, аудан халқының санына шаққанда әлі де жеткілікті емес екенін мен қадағалап, есептеп отырмын. Сонымен қатар, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша әлі де тиянақты нәтижелер керек. Әйткенмен, ауданда бұл аталмыш бағдарламалар аясында жұмыстар жоқтың қасы деуге келмейді. Мен алдында ғана жұмыс сапарымен барған Сарысу, Талас аудандарымен салыстырғанда Байзақтағы бұл бағыттағы көрсеткіштер қанағаттанарлық. Бірақ, бағдарламалар төңірегіндегі түсіндіру жұмыстарын үдете түсу керек, – деді К.Көкірекбаев. Аймақ басшысы аудандағы дәнді дақылдардан гөрі жеміс ағаштары мен қызылша өсіруді одан әрі жетілдіре түсуді тапсырды. – Аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы, маған жақсы ұсыныс жасады. Ол аудандағы егістіктегі дәнді дақылдардың сапасы жоғары деңгейге онша жетіңкіремейтінін тіліне тиек етіп, жеміс-жидекке, қызылша өсіруге баса ден қойғысы келетінін жеткізді. Мен бұл бастаманы құптаймын. Негізі, облыс орталығына таяу орналасқан Жамбыл, Байзақ аудандары осы бағытқа ыңғайлы. Айталық, қызылша өнімін еселеп арттыратын болсақ, Тараздағы қант зауытына жеткізер едік, бірақ, бұл дәнді дақылдарды біржола екпеу керек деген сөз емес. Әйтпесе, «Әулиеата Феникс» құс етін өндіру фарикасына қажетті алты мың тонна бидай-жүгеріні бізге кім береді? Осының бәрін жан-жақты саралау қажет, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы аудандағы бала өлімінің саны он төртке жеткенін қатаң сынға алды. Бұл туралы қанағаттанарлықсыз жауап қайтарған ауданның бас дәрігері Рыскелді Сапарбековке мәселенің мәнісін тез арада түсіндіруді ескертті. Ол ғана емес, облыс басшысы ауылдардың ауыз су, көгілдір газбен толықтай қамтылу барысын да нысанаға алып, кеткен кемшіліктерге аудан әкімі Мұратхан Шүкеев пен аудан әкімінің орынбасарларының назарын бұрды. Көгілдір отын құбырлары тартылса да әлі күнге жылыту жүйелері газсыз жүзеге асатын төрт мектептің мән-жайын да ескерусіз қалдырмады. Бөлінген қаржыны игереміз деп кейбір тиімсіз жұмыстарды жоспарға енгізбеу керектігін де алға тартқан облыс басшысы аудан басшылығына тапсырмалар беріп, оған облыс әкімдігі басқармалары атсалысу керектігіне тоқталды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Суреттерді түсірген Алмаз Орманов.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді