Уақыт бір орнында тұрмайды, сол сияқты уақыт өткен сайын өмірде де бәрі өзгеріп отырады, мұндай өзгерістерден ақша да тыс қалмайды. Адамзат баласы ұзақ уақыт металл ақшаларды пайдаланды, дәлірек айтқанда алтын, күміс және мыс ақшалар, бірақ уақыт өте келе қағаз ақшалар, одан біраз өткенде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысаны пайда болды. Енді міне электрондық ақшалардың да күні келді. Расында, электрондық ақша дегеніміздің не екенін түсіндіру оңай емес. Бірақ, бір нәрсені анық айта аламыз, электрондық ақша-бұл барлық ақшаларға ұқсас, тек қана электронды түрде, яғни арнайы электронды жүйелерде жазба түрінде сақталатын төлем құралы. Электрондық ақшалар қандай валютада номинацияланса, сол валютаның түрімен барлық уақытта қамтамасыз етіледі. Қазақстан аумағында жаңа төлем құралы ретінде электрондық ақшаны қолдану үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында мемлекет басшысы 2011 жылғы 21 шілдедегі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңға (бұдан әрі - Заң) қол қойды. Қабылданған Заң біздің елімізде бірінші рет электрондық ақша деген түсінікті енгізді және оның құқықтық мәртебесін бекітті. Қабылданған Заңға сәйкес электрондық ақшаны пайдалану төлем карточкасы, чектер, векселдер, төлем тапсырмалары сияқты төлем құралдарымен қатар қолданылатын төлем тәсілі болып табылады. Электрондық ақшаны шығару құқығы екінші деңгейдегі банктерге берілген. Оның себебі электрондық ақшаны шығару бойынша қызмет жеке және заңды тұлғалардың ақшаларын тарту, сонымен бірге бірқатар банктік операцияларды орындаумен байланысты болуымен түсіндіріледі. Сонымен бірге, Заңмен электрондық ақша жүйесіне банктік емес жеке ұйымдардың (заңды тұлғалардың) электрондық ақша эмитенттерімен жасасқан шарттардың негізінде эмитенттердің агенті не болмаса операторы ретінде қатысу мүмкіндігі көзделген. Яғни, жеке ұйымдар эмитент банктермен айналымға шығарылған электрондық ақшаларды таратумен (сату және сатып алу) айналысуына және оларды пайдаланып операцияларды жүргізулеріне болады. Эмитент электрондық ақшаны электрондық ақша ұстаушылардан алдын-ала түскен қаражат шеңберінде шығарады. Мұндай норма эмитенттердің электрондық ақшаны артық шығарып қою мүмкіндігін болдырмау мақсатында енгізілген. Бүгінгі күнге республика аумағында электрондық ақшаның 8 қазақстандық жүйесі қолданылады, төменде көрсетілген 6 банк олардың эмитенттері болып табылады: 1. «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК электрондық ақша жүйесі (http://www.ekzt.kz/). Эмитенттері – «Эксим банк» АҚ және «ForteBank» АҚ. 2. «Woopay» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «Еуразиялық банкі» АҚ. 3. «KZM» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «ForteBank» АҚ. 4. «Visa Qiwi Wallet» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «AsiaCredit Bank» АҚ. 5. «Жеке касса» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «Цеснабанк» АҚ. 6. «Tau-tenge» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «Эксим банк» АҚ. 7. «TV-Money» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «Эксим банк» АҚ. 8. «Paypoint» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «Эксим банк» АҚ. Электрондық ақша жүйелерінің жұмыс принциптері бір-біріне ұқсас. Электрондық ақшаны пайдалану үшін сатып алу процесі көп уақыт алмайды, ал сатып алу процедурасы қарапайым және оны Интернет желісі арқылы жүзеге асыруға болады. Ол үшін алдымен пайдаланушы жұмыс істеймін деп шешкен электрондық ақшаның төлем жүйесін таңдап алады, одан кейін таңдап алынған жүйенің сайтына кіру керек, нұсқаулықпен танысып, тіркеуден өту қажет, және аталған нұсқаулыққа сүйене отырып электрондық әмиянды алу керек. Электрондық әмиян – бұл банктік шотқа ұқсас электрондық ақшаны салуға, алуға және сақтауға болатын ресурс. Өз кезегінде электрондық әмиян төмендегі тәсілдермен: - серіктес банктердің есеп айырысу бөлімшелері арқылы; - терминалдар арқылы; - тікелей жеке кабинетінен VISA және MasterCard қоса алғанда, төлем карточкалары арқылы толықтырылып отырады. Әрбір электрондық ақша жүйесі электрондық ақшаның көмегімен Интернет желісі арқылы тауарлар мен қызметтерге, белгілі өнім берушілер ұсынатын қызметтер үшін (ұялы телефон байланысы, кабельдік теледидар, Интернет), жүйені пайдаланушылардың арасында ақша аудару және т.б. үшін ақы төлеуге мүмкіндік береді. Ыңғайлы, қарапайым және тиімді болуына байланысты жылдан-жылға Интернетте сауда жасауға қызығушылық артып келеді. Қазақстан Республикасының заңнамасы жеке тұлғаларға электрондық ақшаны сәйкестендіру процедураларынан өтпей-ақ 100 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК-1982 теңге) нақты лимит шегінде сатып алу және пайдалану мүмкіндігін береді. Белгіленген лимиттен асатын операциялар кезінде клиенттер эмитент банкке жеке басын куәландыратын құжатты ұсына отырып сәйкестендіруден өтуі керек. Бүгінгі күні Қазақстандағы электрондық ақша нарығы дамудың бастапқы сатысында, және де серпінді түрде дамып келеді, ұсынатын қызмет түрлері мен аудиториясы ұлғайды. Электрондық ақша танымалдығының артуы қарапайымдылығы мен тиімділігіне, сондай-ақ ең қымбат зат – уақыт болып саналатын мына қарбалас заманда, нақты бір тауарды санаулы минуттарда тауып алуға мүмкіндік беретініне байланысты болып отыр, келешекте бұл төлем құралына деген қажеттілік тек арта береді деп ойлаймыз. Айжан ЖҮСІПОВА, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының Бухгалтерлік есеп бөлімінің бастығы – филиалдың бас бухгалтері.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді