«Өмір өткелдері» атты сұхбат-кітабы туралы ойлар мен пікірлер
Елбасымыздың жүріп өткен жолы барша қазақстандықтарға, әсіресе жастарға үлгі болып келеді. Сол себепті де белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың «Өмір өткелдері» атты ҚР Президентімен сұхбат-кітабы – өте құнды, қастерлі дүние. Шығыс пен Батыстың қиюласқан жеріндегі, Азия мен Еуропаның тоғысқан тұсында, жоспарлы жүйе мен нарық жүйесінің от пен судай шарпысқан шағында шар болаттай шыңдалған, өзінің туған Қазақстанын бүкіл әлем танитын, құрметтейтін елге айналдырған ерен тұлғаның тағылымды тағдыры барша оқырманға қызық болатыны анық. Біз де бұл кітапты оқи отырып тебірендік, Мемлекетіміздің басшысына құрметіміз бұрынғыдан да арта түсті.
Белгілі журналист Сауытбек Абдрахмановқа өз өмірі жайлы әңгімелей отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл кітапта заман, қоғам, адам, әлемдік көзқарастар тұрғысынан терең толғанады. Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген құнды кітап мазмұнының тереңдігін, жастарды жарқын жолдарға жігерлендіретін дүние екенін біз де аңғардық. Сұхбат Елбасымыздың Шамалған ауылында өткен алаңсыз балалық шағынан бастау алады. Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің туып-өскен ауылын, таулы аймақтың жасыл желекті табиғатын суреттеуінен-ақ барша Қазақстанға деген перзенттік, азаматтық ілтипатын, құрметін аңғаруға болады. Мұнда етегі жасыл шалғын, басын ақ қар жапқан аспан тау керемет әңгіме арқауы болады. Әкесі Әбіш өсірген тәтті алма сорттарының кейіннен еш жерде кездеспегені де біздің халықтың қарапайым адамдарының өзі сан түрлі жаңашылдыққа бейім екенін байқатқандай. Президент сырын емен-жарқын толғаған сұхбатында ардақты да аяулы ұстаздары, сыныптас достары жайында да ағынан жарылып сыр шертеді. Теміртауда құрыш құйып, еңбек майданында шыңдалған кезі де шынайы шыққан. Елбасымыздың бұл сәті мамандығы – металлург, Бразилияның бұрынғы президенті Луис Инасио Лула да Силваның «Сіз де, мен де – металлургпыз. Болат құйғанбыз» деп басталатын біздің елдің Президентіне жазған хатымен әдемі үйлесім табады. Елбасымыздың Днепродзержинскі қаласында еркін күреспен шұғылданғаны, тіпті украиналық Микола Литошканы алғаш кездесіп, түсінісе қоймаған сәтте жамбасқа салу әдісімен жауырынын жер иіскеткені де әдемі суреттеледі. Президент айтқан орыс, украин, неміс, әзірбайжанның балаларымен достығы үлкен тұлғаларға ғана тән жүректің тазалығын танытқандай. «Тар жол, тайғақ кешу» тарауында еліміздің Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыздың нар тәуекелімен қабылданған «Қазақстан–2030» Стратегиялық ұзақ мерзімді бағдарламасының қандай қарқынмен жүзеге асқандығы, Егемендіктің елең-алаңындағы қиындықтар бір-бірімен үйлесе отырып керемет бейнеленеді. «Астана – елдік ерлігі» тарауында бұл күнде әлемнің назарын аударған арман қала іргетасының қалануы, Астананы Ақмолаға ауыстыру жолындағы үлкен жұмыстар да оқырманды баурай түседі. Бұл жерде де Елбасымыздың елім деп соққан үлкен жүрегінің дүрсілін, тебіренісін байқаймыз. Президентіміздің жаңа Астана хақында: «Мен не істесем де, қабырғалы халқыма арқа сүйеп істедім. Халқымыз бұл бастаманың елдің болашақтағы тағдыры үшін қаншалықты мәні барын бірден ұғынды. Жасы да, жасамысы да ұлы көшке көлікті болсын айтып, тілек қосып қана қойған жоқ, жан-тәнімен қолдады. Ұлы көшке қосылды. Арқаның желіне қағылып, күніне тотығып, жаңбырына малшынып, аязына тоңып жүріп елдік ғимаратты қадасын қағысып, балшығын илесті. Кірпішін құйды, шатырын жабысты. Енді мына дүниедегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деген өршіл мақсатты алға қойып отырмыз. Ол күнге межелеген уақытта жететінімізге сенемін», – дейді ағынан жарылып. Елбасымыз – болмысы биік әлем мойындаған феномен тұлға. Президентіміз 11-сынып оқып жүрген кездің өзінде-ақ халықаралық достық саясатына араласты. Ол кісі 11-сынып оқушысы ретінде Шамалғандағы мектепке Қытайдың Цилан Сычуань провинциясынан Чжоу-Бой-Сяо деген оқушыдан келген хатқа жауап жазғанының өзі азаматтың бейнесін айқындамай ма? Осындай жан-жақты, ойшыл, кемеңгер, халқын жан жүрегімен сүйетін, қажымайтын Елбасысы бар біздің мемлекет – бақытты ел. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген тұсында осындай дана да дара перзенті Президент болғаны халқымыздың даму жолындағы үлкен сәттілігі деп есептеймін. Елбасы елін, елі Елбасын сүйеді. Сондықтан, Президентпен жүргізілген сұхбат- кітаптың мазмұны бөлек, ерекше болмақ. Жалпы, еліміздің барша тұрғындарын, ел болашағы жастарды патриоттыққа, жаңашылдыққа, отансүйгіштікке, адалдыққа тәрбиелейтін мазмұнды дүние құтты болсын, ағайын! Бұл кітап әр шаңырақтан табылсын!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді