Ән әуелеп, күй күмбірлеп...

Ән әуелеп, күй күмбірлеп...
ашық дереккөз
Ән әуелеп, күй күмбірлеп...

Ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін дамыту жолында Елбасымыздың «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына үн қосып, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын іске асыру, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Конституцияның 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекелеріне орай облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және облыстық филармония ұжымы бірлесе ұйымдастырған республикалық «Қаратау сарыны» дәстүрлі музыка фестивалі басталды. Облыстық филармония ұжымы жыл-он екі ай талғамы жоғары көрермен үшін тынбай еңбек еткеніне өнерсүйер қауым дән риза. Жаңашылдыққа жаны құмар, тыңдарманның құлақ құрышын әуелеген әнмен қандырған ұжым 47-маусымының жабылу кезеңіне сәйкес маусымның соңғы аптасында үш күн қатарынан өнер көрсетіп, кезекті шығармашылық маусымды республикалық «Қаратау сарыны» ІІІ дәстүрлі музыка фестивалімен жаппақшы. 23-25 маусым аралығында өтетін дәстүрлі күй кеші, «би маржандары», дәстүрлі және эстрадалық ән кешіне келем деушілерге «Баласағұн» орталық концерт залының есігі айқара ашық. 47-маусымның жабылу маусымы Қазақ хандығының 550 жылдығына сәйкес келіп тұрғандықтан оған облыстық филармония жанындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі және жекелеген ән орындаушылар сахна төрінде өнер көрсетеді. Ілгеріде Қызылорда облыстық филармониясы мен Жамбыл облыстық филармониясы өнердегі барыс-келіс суып қалмау үшін меморандумға отырғандықтан маусымжабарға құрамында он екі өнерпазы бар «Ақмешіт» фольклорлық ансамблін әкелгенін Қызылорда облыстық филармониясының директоры Талғат Мақашев атап өтті. - «Қаратау сарыны» дәстүрлі музыка фестивалінің ерекшелігі сахнада фонограмма қойылмайды. Өз басым фонограммамен ән шырқауға қарсымын. Осы пікірімді шығармашылық ортада айтып та жүрмін. Халық біздің концертке батыстың даңғырлаған үнінен жалығып, қоңыр сазды сағынып келеді. Біз өз тарапымыздан көрерменнің рухани демалуына барымызды саламыз. Биылғы маусымжабардың ерекшелігі бізге қолдау көрсетіп келіп отырған қызылордалық «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі және Сыр еліндегі филармония директоры Талғат Бақытбекұлына алғысымды айтамын. Сондай-ақ, Н.Тілендиев атындағы республикалық академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижеры ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өнер майталманы Жалғасбек Бегендіков жаңа туындыларымен тыңдарманның көңілін тербетеді,  деді облыстық филармония директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Сәуле Жанпейісова баспасөз мәслихатында. Күмбірлеген күй кеші рухани кеңістікте өтті. Домбыраның қос ішегі сахнада үйір жылқының шабысын, қырдан көрінген қалың қолдың сұсын, ен даладағы сылдырлап аққан бұлақты елестетті. Ал қобыз қасқыр болып ұлыған кезде ұйып отырған тыңдарманды селк еткізді. «Әттең тонның келтесі» сол көрермен тапшылығы қатты сезілді. Халық көп сыятын кең залда көрермен тарыдай шашылып отырды. Фестиваль әлі жалғасын табуда. Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқисыздар.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол». Тараз қаласы. Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.

Ұқсас жаңалықтар