«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астық түсімі 20-21 центнер

Астық түсімі  20-21  центнер
ашық дереккөз
Астық түсімі 20-21 центнер

Облыстағы астықты аудандардың бірі де бірегейі саналатын Құлан өңіріндегі теңіздей толқыған егін алқаптарына дала кемелері шығарылып, диқанның қызыл қырманы – астық ору науқаны ұйымшылдықпен басталды. Біз Сөгеті ауылындағы егінжайға келгенімізде қайнаған қызу еңбектің үстінен түстік. Алқаптарда қаздай тізілген су жаңа шетелдік комбайндар ел ризығы – алтын дәнді ысырапсыз жинап жатты. «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 11 мың гектар жерге себілген астықты төкпей-шашпай жинап алу жолында қажырлылықпен еңбек етуде. Оның 3500 гектары Қайыңды ауылдық округіне қарасты алқаптарға орналастырылған. Қазіргі таңда егістіктің әр гектарынан 20-21 центнерден өнім алынуда. Бұл орташа деген алқаптар. Алдағы уақытта бұдан да бітік өскен егістіктерді орған кезде өнім деңгейі тіпті жоғары болады деп күтілуде. – «Не ексең – соны орасың» деген даналы сөз бар халқымызда, – деді серіктестік директорының бірінші орынбасары Қаржау Рысқұлов өз әңгімесінде, – біз ерте көктемде агротехникалық шараларды сақтай отырып топыраққа қолайлы мерзімде жоғары сапалы тұқым түсірген едік. Енді соның ризығын көріп отырмыз. Дихандардың көңіл-күйі жоғары. Қазір алқапта биыл ғана Америкадан әкелінген 13 «Джон-дир» комбайндары дән бастыруда. Олардың әрқайсысы күніне 70 гектардың астығын орып, бір тәулікте 800 гектардың астығы жиналуда. Ысырап тіпті жоқ деуге болады. Жиналған астықты бірден Малдыбайдағы дән сақтау қоймасына жөнелтудеміз. Науқанға қатысушыларға жан-жақты мәдени-тұрмыстық жағдай жасалынған. Тереңөзек ауылында орталықтандырылған дала қосы жұмыс істейді. Ол жерде асхана, жуыну, демалыс орны талапқа сай жабдықталған. Бүгінгі таңда Медет Ділдәбаев, Болат Төлебаев, Марат Дәліқұлов секілді комбайншылар, Рашид Пықыбаев, Қанат Өскенбаев сынды автомобиль жүргізушілері уақытпен санаспай еңбек етуде. Егістікте өрт қауіпсіздігі ережелері толық сақталған. Қос басында соқалы трактор күндіз-түні кезекшілік етеді. Бүгін таңертең ғана Тереңөзек ауылының маңайынан өрт шыққан еді, тілсіз жауды егіс алқабына жеткізбей тез арада ауыздықтап тастадық. «Іріленгеннің іргесі сөгілмейді» деген ұлағатты сөз бар ғой, – деді қос басындағы әңгімеге араласқан Сөгеті бөлімшесінің басқарушысы Гүлмира Ибрагимова, – біз бұған дейін әрқайсысымыз өз алдымызға еңбек етіп келген едік. Нәтижесі мардымсыз болды. Уақыт талабына сай 47 майда шаруа қожалықтары өз үлестерін іргесі мықты «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-на беріп, қанатының астына кірген еді, міне, көріп отырсыздар жайқалған егін өсіріп, табысымыз шалқып отыр. Серіктестік директоры Халит Базаралиев істің көзін таба білетін білікті кәсіпкер. Ауыл адамдары соған сенгендіктен де өз үлестерін бір кісідей тапсырды. Құрығы ұзын шаруашылықтың жөні бөлек. Дихандар егістік басына арнайы автобуспен тасымалданады. Аудан басшылары да егіс алқабына күн құрғатпай ат ізін салып, өздерінің көмегі мен ықпалын көрсетуде. Сөгетідегі егінжайдан біз дихандардың қажырлы еңбегінің шынайы куәсі болып қайттық. Шаруақор жандар болашақ өнімнің негізін де ойластырып қойыпты. Бүгінгі таңда серіктестік егін өсірушілері 5 мың гектар парды талапқа сай күтіп баптауда. Демек, болашақ мол өнім олардың басты назарында деген сөз.

Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол»,

Тұрсынхан Жаманбаев, журналист. Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар