«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биязы жүннің бәсі жоғары

Биязы жүннің бәсі жоғары
ашық дереккөз
Биязы жүннің бәсі жоғары

Көделі жайлауында қой қырқу науқаны жүріп жатыр – Алынып жатқан өнім көңіл көншітеді. Қырқынға шаруашылықтың Оңтүстік қазақ меринос тұқымды 5000 бас қойы түсіп отыр. Әр қойдан 3,8-4,0 келіден жүн алынуда. Алынған жүнді Тараздағы жүн қабылдайтын ПОШ-қа өткізетін боламыз. Биязы жүннің әр келісін 370-400 теңгеден қабылдайтын болды. Оған Үкімет жүнге беретін субсидияны (әр келіге 300 теңгеден) қосыңыз. Орта есеппен 10 тонна жүн өткізуді көздеп отырмыз, – деді «Пионер» ӨК төрағасы Алпысбай Жұмаханов.8 Төрағаның сөзінің жаны бар. Мұнда 10 қырықтықшы, 4 сорттаушы, 3 тайлаушы, 1 таразышы, 5 жүн тасушы, 1 моторшы, 2 қарауыл, 2 аспаз еңбек етуде. Мал дәрігері, зоотехник, қой фермасының меңгерушісі де осында. Осыдан-ақ Көделі көктеуінде табыстың тайқазаны қайнап жатқанын аңғарасың.  Пионер асыл тұқымды қой зауытының бір мүшесіне айналған.  Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Сәлімбаев та осында жүр. Ол жай жүрмесе керек. Мал басының көбеюіне, алынатын өнімнің мол әрі сапалы болуына айрықша көңіл бөліп жүреді екен. Профессорды сөзге тартқанымызда: – Жуырда ғана ғалымдар осында бас қосып, дала семинарын өткізген-ді. Сонда, талап бойынша биязы жүнді меринос қойдың аталығының салмағы – элитасы 85 келі, бірінші кластысы 75 келі, аналықтың элитасы 52 келі, бірінші кластысы 48 келі болу шарт болса, пионерліктер өсіріп отырған қойлардың аталығының салмағы 100 келіден асып жығылды. Осыдан-ақ байқай беріңіздер, Алпекең басқарған шаруашылықта ілгерілеушілік бар, – деді. Сырылдаған қайшыны қолдарына бекем ұстаған Өмірзақ Мұраталиев, Бағлан Төребеков, Алмат Жолтаев күніне 100 бас қой қырқуда. Оларға төленетін төлемақы да қомақты. Әр қырқылған бас қойға 100 теңгеден ақы төленеді. Есепке жүгінсек, Өмірзақ, Бағлан, Алматтың әрқайсысы күніне 10 мың теңге табады екен. Еңбек рәті деген осы емес пе?!

Дүйсенбек Орманов, журналист. Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар